Шәкәрім Құдайбердіұлының жан-жақты қаламгер болып қалыптасуына, қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, Махамбет пен
Абай, шығыс пен батыс әдебиеті айтарлықтай әсер етті.
Ұлы ақынның талантын былайша бағалауға болады:
-Шәкәрім Абай тәрбиесін алғаннан кейін өсиеті, өнегесі мол мұра қалдырған ақын, лирик;
-Заманы мен тарихы туралы нақтылап баяндап беріп кеткен тарихшы;
-Адамның ішкі сезім-сырларын, көңіл-күйін, нанымы мен танымын дөп басып шынайы жеткізе білген философ;
-Орыс халқы мен Шығыстың озық үлгілерін түпнұсқасымен қазақ жұртшылығына танытқан көркем шебер аудармашы;
-Заманында шығып тұрған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне саяси-әлеуметтік мәселелерге үн қосқан публицист;
-Өлеңдеріне әсем әуен жазған сазгер, музыкант.
Жалпы алғанда, Шәкәрім шығармаларының басым көпшілігі – поэзиялық шығармалар. Сөз өнерінің осы байырғы түрі – поэзияда, ең алдымен, адам өмірінің қат-қабат қыры мен сыры, қуат берер қуанышы мен қартайтар қайғысы, алға тартар арманы мен жетелер үміті, сәулелі серпін туғызар мұрат-мақсаттары – баршасы көркем бояулармен, сан-қилы ою-өрнегімен көрініс табатыны хақ.
Шәкәрім шығармаларының мазмұны бай, түрі мол. Поэзясында азаматтық лирикасы да, философиялық лирикасы да, махаббат лирикасы да, табиғат лирикасы да бар, ода, сонет, тарихи баллада, халық өлеңдері түріне жазылған шығармалар да кездеседі. Ақын өзінің шығармаларында дүниенің барлық көріністерін, адам өміріндегі мың алуан құбылыстарды бүкіл болмысымен, барлық жүйке-сезімімен қабылдай білген. Ол жердің сырын, желдің үнін, құстың әнін, адамның арман-қиялымен, мұңымен бірдей түсінді.
Ақын мұраларына үңілсек, Шәкәрімнің ақындық жаңашылдығы тыңнан қосқан өлең-өлшем өрнектерінен, өлеңдеріне шығарған әндерінен, үздік композиторлық дарынынан да анық танылатындығын көре аламыз. Осы жағынан қарасақ, Шәкәрім қазақ әдебиетінде ғана емес, дүниежүзілік әдебиетте де өзінің орны бар, шоқтығы биік тұлға деп айта аламыз.