10Бегалин Сапарғали

Сапарғали Бегалин 1895 жылы бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданының Дегелең деген жерінде туған. Әкесі жеті жасында молдаға оқуға береді. 1911 жылы Семейдегі мұғалімдер дайындайтын семинарияға оқуға түсіп, оны 1915 жылы бітіріп шығады. Тұңғыш өлеңі 1914 жылы «Айқап» журналында басылып шығады.
1916 жылы 19-31 жас аралығында патшаның майдан жұмысына қазақ жігіттерін алу жөніндегі бұйрығы шығып, үш жүздей жастар Петроград маңындағы Новониколаевск темір жолына қара жұмысқа барған. Қайтып кеп 1920 жылдан Ақбота болысында облыстық ревкомның бастығы, 1922 жылы Дегелең болысының төрағасы, 1922 жылы Қарқаралы уезінің атқару комитетіне мүше болып сайланған. 1930 жылы Алматыға «Теміржол» газетіне жұмысқа тұрады. 1926-1928 жылдары Ақтоғай мен шет аудандарда сот болған. Алашорда әнұранын жазған Сұлтанмахмұтты ұстаз тұтқаны үшін оған «сыбайлас» деген айып тағылып, үш ай Семей абақтысына жабылады.
С.Бегалин – ақын, жазушы, аудармашы. Оның қолынан шыққан «Тау сыры» (1938), «Таңсық» (1940), «Қыран кегі» (1943), «Машинист» (1944), «Алтай аңызы» (1947) дастандары, «Сәтжан» (1947), «Көксегеннің кергендері» (1948), «Шоқан асулары» (1964, 1970).
«Бақыт» (1960) т.б. жинақтары жазушыны халыққа кеңінен танытты.
Бегалин 25-ке тарта дастан, 12 повесть, жүздеген әңгіме, 9 шағын пьеса, 50-ге тарта ән текстерінің авторы.
С.Бегалин балалар әдебиетінің авторы. Жазушылық және саяси-қоғамдық еңбектері үшін «Қүрмет Белгісі» орденімен мараппатталды.
1995 жылы қазан айында жазушының 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтілді.

Әдебиеттер:

Алпысбаев К. Көненің асыл көзі еді: (Шығармашылығы туралы) //Жұлдыз. 1985.- №11.-200-202 б.
Балалар әдебиетінің көшбасшысы: (Жазушының туғанына 100 жыл толуына орай) //Қазақ әдебиеті.-1995.-10 қазан
Ергөбек Қ. Замана шежіресі //Жас алаш.-1995.-17 қараша.
Ғабдуллин Н. Елін ерекше сүйген // Егемен Қазақстан. -1995.-17 қазан.
Молдағалиев Т. Ұмытылмайтын ұстаз // Қазақ әдебиеті.-1995.-10 қазан.
Нұргалиев Р. Дегелеңге біткен шынар //Қазақ әдебиеті.-1995.-10 қазан.
Өмірбеков Ж. Өнебойы үлгі – өнеге //Қазақ әдебиеті.-1995.-10 қазан.
Сапарғали Бегалиннің 100 жылдығы //Қазақ әдебиеті,-1995.-7 қараша.

68Бабатайұлы Дулат

Халқымыздың маңдайына біткен санаулы ұлы ақындарының бірі – Дулат Бабатайұлы, бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданының Қызылжолда деген атамекенінде 1802 жылы туған. Жаздық мекені Ақжайлау, Сандықтас. 1871 жылы атамекенінде қайтыс болған. Бізге жеткен өлеңдерінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, Дулат ескіше оқыған, сауатты ақын боған. XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде Дулаттың өзіндік үлкен орны бар. Өйткені, ол өзінің толғау-жырларында көптеген келелі мәселелерді көтеріп, өз заманынының шындығын бірқыдыру бере білді. Жеке кісілерге арнаған «Кеңесбайға», «Бараққа», «Ел аралаған ишанға» т.б. өлеңдерінде ақын сол кездегі тірліктің ұсқынсыз жақтарын өлтіре шенеп, кейде өткір сатира дәрежесіне дейін көтере білді. Дулаттың өлеңдері ауызша тараумен қатар, 1880 жылы Қазан қаласында «Өсиет нама» деген атпен кітап болып шыкты. Бұнда ақынның замана туралы толғаулары енгізілген. Ақынның шығармаларын ел аузынан жазып алып, бізге жеткізген халық ақыны – Шәкір Әбенов. Ол – Патшалық Ресейдің казақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген ел басы адамдарының бірі. Отарлау саясатының қазақ елін талан-таражға салу, халықтың дербестігін біржола жойып, тәуелділікке айналдыру әрекетіне қарсы шыққан, халықты күреске шақырған күрескер ақын.
Ақын өз заманындағы осы патшаның отарлау саясатынан зардап шеккен халқының қайғысын тереңнен сезініп, мұңын жырымен жазып, ел қамын ойлап, кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде маңызды толғаулар айтады. Дулат шығармашылығында елеулі орын алатын батырлар жыры үлгісіндегі, Отанды қорғауға арналған патриоттық мәні бар «Еспенбет» атты толғау. Бұл шығармашылығында жетім бала, жас батырдың қалмақтармен соғыста көрсеткен ерлігін сөз қылады. Дастанның бір ерекшелігі, тек батырдың жеке түлғасы ғана емес, сонымен бірге халық бейнесі қоса суреттеліп отырады. Ақын жорыққа атанған қалың топты табиғаттың жойқын күшіне балап, ерекше шабытпен, әсерлі жырлайды.
Дулат қазақ әдебиеті тарихында алғаш мысал жазған ақын. Оның мысал ретінде жазған шығармалары үлгі, өнеге беру, ақыл айту ретінде келіп отырады. Атап айтқанда, «Бір патшаның бір кезде», «Шымшық пен бөдене», «Сары шымшық», «Қара қарға жем тілеп» деген өлеңдерінде орынсыз мақтаншақтықты, тойымсыздықты әшкерелеп, кішіпейілділікті, адамгершілікті, бірлікті уағыздайды. Адам бойындағы асыл қасиеттерді ардақтаған ақынның мысал өлеңдерінің тәрбиелік мәні бүгінге дейін жойылған жоқ. Ақын шығармаларында орын алатын маңызды мәселенің бірі — оқу, өнер-білім. Өнер, білім оқып біл, Өнер алды қызыл тіл, Оқып алса, керек сөз Алтынға құйған балмен тең,- деп, өнер, білімнің оқу арқылы табылатынын, көп ізденуді, еңбектену керек екенін ескертеді. Жырау өлеңдерінің тілі шешен, өткір тартымды.
Дулат ақын өзінің «Бесінші сөз» немесе «Ата қоныс арқада» деп аталатын өлеңінде Арқаны жайлаған қазақтардың бір кездегі тарихын баянды етеді. Ол қазақ халқының Жоңғарларға қарсы ерлік күрес жүргізу арқылы елдігін сақтап келгенін, туған жерін қалмақтардан қорғай білгенін айтып, сол кездегі ерлікті, дербестікті мақтайды.
Абайдың ел пысықтарын, би-болыстардың мінез-құлықтарын бейнелеулері Дулат ақынмен үндесіп жатыр. Бұл тұста ақынның Дулатқа үңіле қарай отырып, оның кейбір жақтарын толықтыра түседі. Дулат шығармалары қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына үлес қосты.
Дулат ақын шығармаларының көбі XIX ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы тарихи жағдайларға байланысты қазақ өдебиеті арнасына шықты. Оның өзіндік орны бар. Дулат толғаудың асқан шебері болғандықтан өлеңдерінің барлығы дерлік еркін үйқасты. Ақын өлеңдері ауызша тараса да, қызыл империя тұсында әркімнің қолында сарғайған қағазда сақталып қалды. Ақынның алғашқы өлең жинағы «Өсиет-нама» деген атпен 1880 жылы Қазанда басылды.
Тек халқымыз тәуелсіздігін қолына алғаннан кейін ғана, 1991 жылы ақынның бір топ шығармаларын құрастырып, «Замана сазы» деген атпен «Жазушы» баспасы жинақ етіп шығарды.
Шығармашылығын зер салып, зерттеген ғалымдар көп. М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Мұхамедханов, М.Мағауин т.б. Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р.Сыздықова: «Дулат – Абайдың алдында өткен қазақ сөз зергерлерінің ішіндегі ең мықтысы. Ол мәдени-рухани дүниемізден өз орнын, үлкен орнын алуға тиіс ақын»,- деп бағалаған. Ақын жыраулық пен ақындық өнерді ұштастыра білді. Кейде жыраулар үлгісінде төгілте термелеп, шешен нақылдар шығарса, кейде ағыла, ақтарыла арнаулар, суретті лирикалар жазды.
2003 жылы қыркүйектің 5-де Аягөз қаласында XIX ғасырдағы қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі Дулат Бабатайүлының туғанына 200 жыл толуына арналған мерекелік шаралар өтті. Онда мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі М.Құл-Мүхаммед бастатқан зиялы қауым, жыр дүлдүлі, шымырқанған шымыр жырларымен елдік пен ерлікті асқақтатқан Дулат ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толғаныстары айтылды.

Әдебиеттер:

Бабатайулы Д. Жігіт болар ма екенсің?. -Алматы: Жалын,1985.-15 б.
Айтұлы Н. Ұлттың ұлы жаршысы // Егемен Қазақстан.-2003.-3 қыркүйек.-З б.
Дулат Бабатайұлы// Сүйіншәлиев XIX ғасыр әдебиеті.-Алматы:Ана тілі, 1992.- 6-30 б.
Дулат Бабатайұлы// Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 1-кітап: Оку құралы.-Алматы: Қазақуниверситеті,2001 -Б.271-287,
Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық /Құраст. М.Магауин, М.Байділдаев.- Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.-Б.197-212
Жарықбаев Қ. Ұлт рухын оятушы ақын// Халық кеңесі.-1992.-4 қыркүйек
Қожакеев Т. Дулат – сықақшыл жырау// Семей таңы.-1967.-1 июль
Кул-Мұхаммед М. Тұнық жырдың тумасы//Егемен Қазақстан.-2003.-6 қыркүйек.-1 6.

09Баймұратов Нұрлыбек

Нұрлыбек Баймұратов 1887 жылы 6-желтоқсанда Бесқарағай ауданы Балапан деген жерде туған. Нұрекеңе өлең он жасында дарыпты. Сол кездегі тәжірибелі Абайдың хатшысы болған ақын Ахметшәріп баланың бойында булығып шыға алмай тұрған өнердің барын бірден байқайды. Баланы бір айдай қасына ертіп, білгенін үйретеді, ақындық жолға баулиды. Алғашқы ұстазынан осылай тәлім алған ақын 15 жасынан ақындық жолын ұстана бастайды. Нұрлыбектің балалық, жастық шағы жетімдік, жоқшылық құрсауында өтті. Соған мойымай домбыраны серік етіп, дархан еліне еркелеп өсті. Әр ақынның өзін танытатын бір кезеңі болады.
1922 жылы Семей қаласында ақын Иса Байзақовпен айтысады. Кезінде М. Әуезов бұл айтысты аса жоғары бағалаған. Баймұратовтың тұңғыш баспасөзде жарялаған шығармасы «Қала сұлуы» атты поэмасы. Ол 1925 жылы Семейде шығатын «Таң» журналында басылған.
Ақынның республика жұртшылығына кеңінен танылған кезеңі 1939 жыл. Осы жылдың 21-27 маусым күндері Қазақстан жазушыларының Алматыда өткен 11-ші сиезінде делегат ақын суырып салма шумақтарымен ұлы жиынды құттықтаған. Сол съезд үстінде Нұрлыбек СССР Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданады.
Нұрлыбек айтыс өнерін жете меңгерген тұлға. Оның атақты ақындармен айтыстары көп болған. 1939 жылдары «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілген. Ол 1943 жылы қарағандылық М. Жапақовпен, 1944 жылы Т. Көбдіковпен айтысқан. Сол жылдары
Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Т.Тоқтаров сынды халқымыздың қас батырларын жырға қосты. Саңынан «Ер Төлеген» атты дастан жазды. Азамат соғысының оқиғаларын суреттеген «Қанды жорық» атты дастаны 1962 жылы кітап болып шықты.
Нұрлыбек ақынның өмірінде жазықсыз жала жауып, тар қапасқа қамап, азап тартқызған күндері де аз болмаған. Қазақтың біртуар марқасқа ұлдары- М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ә.Қашаубаев т.б. басқалармен қоян-қолтық араласып, халқына қызмет көрсеткен перзенті 1969 жылы 8 қарашада 82 жасында дүние салды.
1992 жылы Башкөл совхозының орталығы Жаңа-Николаевкада ақынның мұражайы ашылып, басына ескерткіш орнатылды.

Әдебиеттер:

Баймұратов Н. Өлендер мен поэмалар.-Алматы: Қазмембаскөркемәдеббас, 1957.- 144 б.
Баймұратов Н. Қазына: өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1982.- 240 б.
Баймұратов Н. Ер Төлеген : Поэма.- Алматы : Жалын, 1985.- 25 б.
Баймұратов Н. Қанды жорық: (Поэма).- Алматы: ҚМКӨБ, 1962.- 124 б.
Баймұратов Н. Аттаныңдар: жинақ .- Алматы: 1965.- 97 б.
Түгісов У. Ақиық ақыны еді Семейдің // Арна.- 2000.- 31 наурыз.- 20 б.
Шәріпов Е. Нұрлыбек ақынның мерейтойы (110 жыл толуына орай ) // Семей таңы.- 1997.- 30 қыркүйек.
Иманжапаров М. Халық ақындары мұрасы: Зерттеулер, өлең-толғаулар, поэма-дастандар. 1-кітап.-Семей, 2010.-322 б.
Иманжапаров М. Семей өңірінің ақын-жазушылары: оқу-әдістемелік кешен.-Семей: «Үш биік», 2010.-113 б.
Иманжапар М. Бір суреттің сыры // Ертіс өңірі.-2009.-3 маусым.-12 б.

Биназаров Иса

Иса Биназаров – кезінде әрі ақын,әрі күйші атанған өнерпаз адам. Туған жері Абай ауданының Абыралы совхозы. Негізгі мекені Тайлан, Дегелең деген жерлер. Ақын 1898 жылы өмірге келген. Арғы атасы Байжан да, өз әкесі Биназар да кезінде елге мәлім, дәулетті адамдар болған. Иса жастайынан-ақ аңыз, қиссаларды жатқа айтатын болған. Бертін келе Абайдың және оның төңірегіндегі ақындардың өлеңіне ден қойып, жаттап, өзі де өлең шығара бастайды.
Ескіше білім алса да, оқығанынан тоқығаны көп Иса кейінірек тағы да бір үлкен өмір мектебіне тап болады. Бұл Иса 1917-1919 жылдары екі жылдық педкурста оқиды. Көкірек көзі ояу, өнердің дөстүрлі мектебінен тәлім алып келген ол, озық ойлы, танымы мол замандастарымен танысып, оларға жақын жүруге ұмтылады.
Әртүрлі үйірмелерге қатысып, халық алдына шығып өнер көрсете бастайды. Жаңа заман, жаңа дәуір ықпалына орай енді оның өлеңдерінде де жаңа тақырып, тың ойлар бой көрсетеді.
Осында өткен екі жылда ол қазақтың тарлан ұлдары Қ.Сәтбаевпен, Ж.Аймауытовпен, Ә.Қашаубаевпен танысып, араласады. Сол кездегі қазақ жастарының зиялылары атанған осы адамдардың касына еріп, жаңа өмір идеяларын насихаттауға бейімделеді.
Ақынның замандастарының айтуына қарағанда ол әсіресе Ж.Аймауытовпен жақсы қарым-қатынаста болған екен. Аз ғана бірге болғанмен олардың өмірге деген көзқарастары, жалпы ой-пікірлері тоғысқан тәрізді. Сол кісінің ақылымен Иса сол кезде шығып түратын «Қазақ тілі» газетіне ел өмірі туралы хабарлар жіберіп тұрды.
Иса Биназаров ғұмырының негізгі арқауын әділдікті қорғауға, қараңғылық жайлаған ел көкірегін оятуға бағыштаған адам. Айтыс- ақындардың өнер сайысы, ұрпақтан ұрпаққа қанаты талмай шарықтап келе жатқан ауыз әдебиетінің – шеберлік пен тапқырлықтың, өлең өнерінің кестесі.
Иса да өзінің шеберлігімен, тапқырлығымен, ұщқырлығымен айтыс ақыны атанған сөз зергері, Иса мүрасымен таныс жанашыр қауым оның бірнеше айтыс-сайыстарын біледі.
Ол Қазак ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет жөне өнер институтының ұйымдастыруымен 1961 жылы тамыздың 3-5-күндері Алматыда өткен ақындардың республикалық мәслихатына қатысты. Өлеңді өмірлік серік еткен Иса оның әртүрлі жанрларына қалам тербеген. Акынның «Ақылға бағынышты», «Қарқаралы-Қазыбек» тәрізді бірнеше поэмалары бар. Өкінішке орай бұл өлеңдер баспа бетін көрген жоқ..
Иса өнерінің сабақтас тағы бір саласы – оның күйшілігі. Абай, Абыралы өңірінің жұртшылығы оны Толеуғожа күйшінің ізбасары, дәстүрлі Тоқа күйлерінің насихатшысы ретінде жаксы біледі.
Иса Биназаров-ақындығымен, күйшілігімен ел аузына іліккен өнерпаз ғана емес, ұйымдастырушылық қасиеті мол, ел басқарған қадірменділердің бірі. Ол кісінің өмірбаянында мұғалім, мектеп директоры, қызыл отау басшысы, сот қызметкері болғандығын көрсетеді. Оның осындай қоғамдық өмірі мен қызметі туралы белгілі жазушы С.Бегалиннің «Замана белестері» деген романында жан-жақты ашып көрсетеді. Иса Биназаров 1964 жылы Алматы қаласында өмірден кайтты.

Әдебиеттер:

Әлімбек Қ. Атадан ұл туса игі еді //Қазақ әдебиеті.-2005.-20 мамыр.-І2 б.
Биназаров И. Ақылға бағынышты // Семей таңы.-2003.-14 паурыз, 21 ақпан.-14 б.
Дүйсембаев М. Иса Байназаров: Естен кетпес есімдер // Семей таңы.- 1990.-18 тамыз.
Елдің елдігі мен берекесін жырлаған: Ақын Иса Биназарұлының туғанына 100 жыл // Үш анық. -1998.-1 тамыз

69Жақып Бауыржан

1963 жылы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Аққора ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1985 жылы бітірген. Еңбек жолын Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында бстады. «Жалын» баспасында редактор қызметін аитқарды. Қазақ ұлттық университетінде оқытушылықтан (1986) бастап, доцент (1994), журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі (1995), деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі (1999), журналистика факультетінің деканы (2001) қызметтерін атқарды.
«Мұхтар Әуезов – публицист» тақырыбында кандидаттық диссертация (1994), «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған (2004). 2009 жылдан бастап «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры – бас редакторы.
Өлеңдері республикалық баспасөз бетінде 1980 жылдан бері жарияланып келеді. Шығармалары «Аудитория» (1984), «Қарлығаш» (1987), «Бір кеменің үстінде» (1987), «Араламы –арым, Балқашым- бағым» (1988) жинақтары шықты. «Жігер» фестивалінің лауреаты атағы берілді. «Көзімнің нұры» (1990) тұңғыш өлеңдер жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты атанды. «Ақ лақ» балаларға арналған кітабы (1977), «Айдындағы аспан» (1996), «Қолтаңба» (2001), «Уақыт ұршығы» (2004), «Қызыл қайың» (2008) жыр кітаптары жарық көрді. Өлеңдері «Екі мың жылдық дала жыры» атты (2000) таңдаулы жырлар кітабына енді.
«М.Әуезов – публицист» (1997), «Ұлы суреткер ұлағаты» (1997), «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» (2004), «Публицистикалық шығармашылық негіздері» (2007) ғылыми монографиялары жарық көрген.
«М. Әуезов – публицист» (1997), «Ұлы суреткер ұлағаты» (1997), «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» (2004), «Публицистикалық шығармашылық негіздері» (2007) ғылыми монографиялары жарық көрген.
«М. Әуезов – публицист» еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағының С. Сәдуақасов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. (1998).
1999 жылы жастардың «Дарын» Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Қазақстан журналистика Академиясының академигі (2006), Халықаралық Жазушылар мен Публицистер Ассоциасының мүшесі (2006), Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2007). 2009 жылы Қазақ энциклопедиясының бас директоры қызметіне тағайындалды

Әдебиеттер:

Жақып , Б. Қолтаңба: әдебиет кеші // Семей таңы. – 2009. – 29 қазан. – С. 10
Қасым, А. Алаштың рухани астанасы ақынын аялады : Семейде ақын Бауыржан жақыптың астанасы ақынын аялады / А. Қасым // Дидар. – 2009. – 12 қараша. – С. 8
Көркембаев , Р. ”Болмасаң де ұқсап бақ, бір ғылымды көрсеңіз…”:Халықаралық Айтматов академиясының академигі : б.Жақып туралы бір үзік сыр. / Р. Көркембаев // Семей таңы. – 2010. – 14 қаңтар. – С. 9 ; Семей таңы . – 2011. – 17 маусым. – С. 1
Сағимұрат Е. Білікті ғалым, «Семей таңында» қонақта болды// Семей таңы.- 2011.- 6 қыркүйек.- б.2

12Жанатайұлы Көкбай

Өткір тілді, ұшқыр ойлы, импровизатор ақын Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы 26 маусымда Абай ауданында Шыңғыстаудың етегінде туған.
Шығармаларын жазуда ұлы Абай ақынның көп ықпалы болған.
Абайтанудың білгірі Қ.Мұхамедханұлы: «Көкбай ақын архив материалдарында Семейдегі орыс мектебінде оқығандығы туралы құжаттар сақталған. Оның оқу үлгерімі жайында ведомоста «1878 жылы Көкбай 17жаста» деп жазылған. «Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы Семей облысы Абай ауданында туған» деген тоқтамға келеді.
Көкбай алғашкы сауатын ауыл молдасынан ашады. Үш жыл мұсылманша сауатын ашқан Көкбай есейе келе әншілік, ақындыққа ауысады. Жастайынан ән-жырға әуес Көкбай ауыл арасында ән салып, өлең айтып, суырып салып өлең шығарып жүреді. Ол мұсылманша оқып қана қоймай, 1878 жылы үш сыныптық уездік училищеге түсіп оқиды. Орысша окуда ол өзінің зеректігін байқайды.
Көкбайдың осы училищеде оқығандығы, қандай пәндерден қандай баға алғандығы туралы Мемлекеттік Орталық архивте құжаттар сақталған.
Сөйтіп, орысша, мұсылманша окыған Көкбай елге келгенде үнемі Абай жанында болды. Осы кезде Абай ағасына жыр жолдарын арнады.
Өлең «Семейге Абай келсе, бізге думан» деп басталады. Осыдан бастап ұлы ақын мен Көкбай арасында достығы басталып, шығармашылық жолдары тоғысады.
Абай өз өлеңдерін Көкбай атынан жазып, Көкбайдың аты танымал бола бастайды. 1889 жылы Көкбай есімі баспасез бетінде де жарық көреді. Абайдың «Жаз» деген өлеңі 1889 жылғы «Дала уалаяты газетінің» 7-санында Көкбай атымен жарияланған.
1880-1886 жылдар аралығында Абай біршама өлеңдерді Көкбай атымен шығарған екен.
Өзге шәкірттеріне тақырып бергендей Абай Көкбайға да тарихи тақырып береді. Абай өз шәкірттеріне тақырып бергенде, Көкбайға қазақтың өткенін бейнелейтін тарихи жырды, Шәкерімге ғашықтық жырды, Ақылбайға романтикалық поэмаларды жазуды таңдап береді екен. Осылардың барлығы Абайдың нақты ұстаз болып, шәкірттерін баулып отырғанын көрсетеді.
Көкбай Абай ұстазының тәрбиесі арқасында, оқығаны мен тоқығаны мол, импровизацияға жүйрік, ұшқыр ойлы, өткір тілді ақын болған.
Көкбай одан арғы шығармашылық жолында қаншама өлеңдер мен дастандарды жазумен бірге, біршама айтыстарға да қатысқан. Оның Әріп, Біралы, Саржан, Жүнісхан, Міржақыппен айтысқан қағыстары сақталған.
Көкбай – ұзак оқиғалы көлемді шығармалар жазған эпик ақын.
Оның қаламынан «Абылай хан жыры», «Сабалақ», «Қандыжап» қиссалары туды. Ақын өз поэмалары арқылы өткен тарихқа деген ұлттық сезімін білдірген.
Болашақта ел билеген Абылай-Әбілмансұрдың сыртқы келбеті, бейнесі, тектік қасиеті де осында сыйдырылған.
Өткен тарихты білдіру, ұлтын сүюге шақырып, адамшылдық қасиеттерді уағыздау – ақынның басты мақсаты.
Ақын «Наурызбай-Фатима» – ғашықтық дастанын да жазды. Көкбай Жанатайұлының рухани нәр алған алтын бастауларының бірі – шығыс әдебиеті. «Мың бір түн» ертегісінің негізінде екі қисса жазды. Оның алғашқысы «Ғаділ патша қиссасы», екіншісі «Арон Ра-шид қиссасы». Қиссаларда қызықты оқиғалар арқылы оқырмандарын ертегі әлеміне жетелеп, имандылыққа, адамгершілікке жетелейді.
Көкбай ақын ұстазы Абай қайтыс болғаннан кейін 20 жыл толуына орай Семей қаласында өткен әдеби кеште Абайдың ақындық тұлғасын шеберлікпен сипаттап шығады.
М.Әуезов бағалағандай, Абай мұрасының толыққанды сақталуына, дәл деректердің осы күнге жетуіне шәкірті теңдессіз еңбек сіңірген.

Әдебиеттер:

Көкбай Жанатайұлы: Шығармалары.- Алматы: «Информ-Арна»,2001.-192 6.
Көкбай Жанатайұлы «Сабалақ»: Абылай хан туралы дастан // Абай .- 1992. -ИЗ. -59-66 6.
Әубәкір Ж. Көкбай ақын ұлы ұстаз хақында // Семей таңы.-1998.-23 шілде
Әубәкір Ж.Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын: Көкбай мұрасы хақында.-Алматы: «Информ-Арна»,2002.-195 б.
Бейсенбаев М. Өлеңдері мен өмірінен: Көкбай ақын күндері//Семей таңы.-1993.-22 шілде
Ердембеков, Бауыржан (ф.ғ.д.). Абай мен Көкбай : әдебиет мәселелері // Ақиқат. – 2011. – № 10. – С. 52-57 : фото
Еркінұлы , Рүстем. Үлгі болған ұлтына, ұлықталды үш тұлға // Ертіс өңірі . – 2011. – 21 қыркүйек. – С. 10-11
Есентаев Е. Көкбай ақындар зерттеушілердің есіне// Егемен Қазақстан.-1994.-19 шілде
Кошкин, Ержан. Көкбай ұрпағы да қуғын көрген // Ертіс өңірі . – 2011. – 14 қыркүйек. – б. 7
Ибрагимов, Төкен ”Заманды түзетпейді кісі билеп” Көкбай ақын//Семей таңы.- 2011. – 13 қыркүйек

08Жанғалиев Төлеген

1949 жылы Абай топырағында туып өскен ақын Төлеген Жанғалиев алып бабаларының атына сай азамат болуды талабымен ғана емес, тартымды туындыларымен таныта бастаған талант. Жерлес ақынымыздың 2-3 жинағы баспадан шыққан, сол кітаптарымен өлең көкжиегін кеңейтіп, мәртебесін биіктетуге күш салғна лирик ақын. 1980 жылдары шыққан «Шыңғыстау шындығы» кітабының өзі поэзиямызға өзінше бір тірек бола алатын таланттың келгенін хабардар еткен еді. Жинақ үш бөлімнен: өлеңдер, балладалар, дастандар. Ақынның айта білу шеберлігін әсіресе баллаладалары айғақтайды. «Ақ арба», «Апамның әңгімесі», «Намыс», «Ақ бантик», «Көрші кемпір», «Иіс су» балладалары үлкен қазығы іспетті. «Шыңғыстау шындығы» жинақтың алтын қазығы іспетті. Бұл шығарма Шәкәрім қажыға арналған. Осыған дейін қажы жазылған поэма, дастан, драмалармен салыстырғанда, өзіндік қолтаңбасы салған жерден мен мұндалалйды. «Атамұра» баспасынан 1998 жылы шыққан «Біз жұмаққа бармаймыз» атты кітабында қамтымаған тақырыбы, қозғамаған мәселесі кемде-кем..Оны жер мен ел мәселесі толғандырады. Әлемде жасалып жатқан іс те, қиянат пен қасірет те – бәрі де осы жинақтан орын алады.
1999 жылы «Атом мен ақын» атты жинағы полигон тақырыбына арналған. Онда ақын үні азалы:

…Ағайындар, мен атоммен туыспын,
ОЛ туғанда мен өйткені туыппын.
Қырық жылдай «қыңқ» демеді ол-дағы,
Қырық жылдай мен де дертпен у іштім…
Енді бүгін ер көбейіп ерінді,
Мінбелерге мініп алып көрінді,
Атомды да аластаған солар боп,
Жебеуші де солар болы жерімді, – ащы шындықты айтады.

Ұлылар бастаған көшті жалғастырып келе жатқан Төлеген Жанғалиев қазақ поэзиясында өзіндік үні бар, үнемі ізденіс үстіндегі өсумен келе жатқан ақын. Ақын өзінің шығармаларында бүгінгі өмірдің шындығын дөп басып айтады. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл қорының лауреаты.

Әдебиеттер:

Жанғалиев Т. Ақындар жүр Ертістің жағасында…// Арна.- 2000.- 12 мамыр.- б.21
Жанғалиев Т. Жел мінез.Элегия: Өлеңдер // Дидар.- 1999.- 2 наурыз
Жанғалиев Т. Үшінші нәубет. Атом мен ақын: Өлеңдер//Семей таңы.- 1999.-15 шілде
Жанғалиев Т. Күдік. Біз. Ағайынға арыз: Өлеңдер// Семей таңы.- 1999.- 11 қараша
Жанғалиев Т. Ақын рухымен сырласу. Көр қазушыға күбір// Семей таңы.- 1999.- 28 қазан
Жанғалиев Т. «Баба» деп ат қойдым атыңды: (Өлең)// Семей таңы.- 1998.- 15 қазан
Жанғалиев Т. «Аңдар мен адамдар» атты кітаптан // Сарыарқа.- 1998.- 22 сәуір
Жанғалиев Т. Біз жұмаққа бармаймыз-ау, бармаймыз: Толғау// Семей таңы.- 1997.- 5 сәуір
Жанғалиев Т. Айырбас. Мұң тілмен тілдесем:Жаңа өлеңдер// Абай ауылы.- 1992.- 29 қыркүйек
Жанғалиев Т. Шыңғыстау шындығы: (Өлеңдер, балладалар, дастандар).- Алматы, 1992.- 11 қараша.- б.128
Асылжан П. Тағылымы мол еңбек: Т. Жанғаливтің «Матаев» атты кітабы туралы // Семей таңы.-2009.-15 қаңтар.-2 б.
Жүніс Қ. Ақын әрі әкім// Үш анық.- 1997.- сәуір
Қабиденұлы М. Өмірін өлеңмен өрнектеген // Семей таңы.- 1999.- 25 қараша
Мұратбекқызы А. Ақынмен кездесу// Ертіс өңірі.- 2010.- 13 қаңтар.- б.2
Оспанов Т. Талғампаз ақын: («Шыңғыстау шындығы» кітабы туралы) // Семей таңы.- 1992.- 25 тамыз
Серікқалиұлы З. Төлеген Жанғалиев – 50 жаста // Семей таңы.- 1999.- 1 қараша.

13Жомартбаев Тайыр

Қазақтың педагог жазушысы Тайыр Жомартбаев Абай ауданында 1884 жылы туған. Уфа қаласындағы Медресе – Ғалияны бітірген соң (1910-11) Семей қаласындағы медреселерде сабақ берді, революциядан кейін өмірінің ақырына дейін совхоз мектептерінде, техникумдарда ұстаздық етті. 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің сапалы жаңалық – прозаның, оның ішінде романның тууы еді. Бұл жанрға алған қалам тартушылардың бірі – Абай төңірегінде болып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өскен белгілі педагог, ақын-жазушы Тайыр Жомартбаев еді.
1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан оның «Балаларға жеміс», «Қыз көрелік» атты кітаптары жарияланды. Алғашқы еңбегі ағартушылық қызметімен тікелей байланысты – өлеңдер, аудармалар жинағы болса, соңғысы қазақ прозасының тұңғыш көлемді ізденістерінің бірі болуымен ұлттық әдебиетіміздің тарихынан өзіндік орын алады.
«Қыз көрелік» – әйел теңдігі, ағартушылық тақырыбын заманында ешкімге ұқсатпай, өзіне тән көркемдік ізденіспен өрнектеген шығарма. Бұл туындыда М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» болмса, С. Торайғыровтың «Қамал сұлуындағыдай» қазақ халқы тіршілігінде әлеуметтік теңсіздік, жастардың бақытқа жетуіне кесе көлденең тұрған ескі әдет-ғұрып, қатал озбырлық пен қиянат жайы негізгі мотив етіп алынбайды.
Туындының негізгі ой қазығы – оқығаны арқасында өз басының теңдігін сақтап, бақытына қол жеткізген әдепті қыз Ғайникамал тәрізді қазақ қызын дәріптеу.
Роман өлең үлгісімен жазылған. Әйел теңдігін сол кездегі туындыларда кеңінен айтылғаны мәлім. Осы сәйкессіздікті, жағымсыз өмір салтын сынауда ақын өзгеше логикалық қисын табады. «Кәріні жас құшақтау мін болмаса, кемпірді жас жігіттер неге алмайды?» деген дәлелді сауал тастайды. Ғалым Б. Кенжебаев белгілі монографиясында 20 ғасыр басындағы әдебиеттің дамуында әйел теңдігі тақырыбын жазуда екі концепцияның болғандығын айтады. Бірі – ескілік әдет-ғұрып әлі де күшті, жастардың махаббат еркіндігіне жетуіне мүмкіндік жоқ деп келетін трагедиялық шығармалар жүйесі болса, екіншісі заман өзгеріс үстінде, өз еріктері үшін бел шешіп күресе білген жастар мақсаттарына жетуіне болады деп келетін оптимистік үлігдегі туындылар еді.
«Қыз көрелік» романы сол кездегі қазақ романдарының алғашқы қарлығаштары деп аталуы заңды құбылыс. Ол туралы ғалым-аудармашы С. Талжанов былай дейді: «Ұлы Октябрьден кейін туашақ қазақ романының толғағы бұрынырақ басталған. Нәресте проза – «Қыз көрелік» пен С. Көбеевтің «Қалың малы» еді. Бұл екеуі де роман деп атала береді».

Әдебиеттер:

Бисенғали З. «Қыз көрелік» романындағы жаңа идеялар// Абай.- 2003.- №2.- б.73-77 б.
Қабышев Т. Абайдың поэзия дәстүрін дамытушы // Семей таңы.- 2004.- 26 қараша.- б.4
Қабышев Т. Заман жайлы жырлаған// Семей таңы.- 2004.- 25 маусым.- б.4
Құлбарақов С. «Қыз көрелік» – қазақ прозасының қарлығашы // Абай.- 2002.- №1.- 472
Қазақ совет энциклопедиясы: т.4.- Алматы, 1974.- 472 б.
Қазақ халқының атамұралары.- Алматы, 1999.- 830 б.
Мұхамедханов, Қ. Ақын, жазушы, педагог // Қазақ әдебиеті. – 1996. – 23 қаңтар
Зұлхаров , Ғабит. Қазағым-қандасымды еркелеттім: алғашқы қазақ романының бірі – ”Қыз көреліктің” авторы Т.Жомарбаевтың шығармашылығы хақында// Ертіс өңірі. – 2010. – 24 наурыз. – С. 12-13

72Жұмаханов Жекен

Жазушы Жекен Жұмаханов 1913 жылы 5 желтоқсанда Абай ауданы Жүрекадыр ауылында кедей шаруа семьясында дүниеге келген (1978 жылы дүниеден өтті). Жекен жастайынан өлең жырға үйір болып, аңыз-ертегілерді жақсы білген. Жас кезінен «бақташы бала» атанып, ауылда қой, сиыр баққан. 1925 жылдан бастап оқу жолын түсіп, қаладағы 19-орта мектепті, педагогика техникумын, 1935 жылы Алматыда жаңадан ашылған Қазақ коммунистік журналистер институтына түсіп, оны айрықша дипломмен бітірді. Бұдан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында ұзақ жылдар меншікті тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Бекен Жұмаханов жас кезінен өлең жаза бастаған. 1905 жылғы орыс революциясына қазақ жазушыларының қатысуы туралы естіген, жинаған материалдар негізінде «Ақ бидай» поэмасын жазды. Поэманың үзіндісі 1939 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Ж.Жұмаханов соғыс жылдарында, одан кейінгі уақыттарда да барлық шығармашылық қабілетін прозалық шығармалар жазуға жұмсады. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында әуелі Калинин, кейіннен 11-Прибалтика майдандарында «Жауға қарсы аттан» газетінің тілшісі, ротаның саяси жетекшісі болып қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары да Әлия, Мәншүк туралы повестер, әңгімелер жазып, жеке кітап етіп бастырды.
Армия қатарынан 1946 жылдың мартында босаған соң, қайтадан журналистика, әдеби өмірге араласты. Жекен жазушы ретінде «Солдат жолы» (1958), «Жазылмаған кітап» (1959), «Келін» (1960), «Қаракөз қарындасым» (1962), «Үш бәйтерек» (1965), «Соқпақ соңы» (1967), «Адам тау қопарады» (1967), «Мен – жұмысшымын» (1972) т.б. көптеген кітаптардың авторы. Бұларда жұмысшы, малшы, жастар өмірінен алынған ауыл тұрмысы шынайы суреттелген. Жазушы драматургиямен де шұғылданды. «Махаббат пен мансап», «Ленинге хат» т.б. пьесалар жазды. Осы елеулі еңбектер қазақ әдебиетінің қажырлы қаламгерлерінің бірі – Жекен Жұмахановтың тіршілігінде тындырғаи игілікті ісі, көзі тірісінде жасап кеткен ескерткіші іспетті.
Жекен Жүмақанов Н.Гогольдің «Рим» деген әңгімесін, В.Орловтың «Митра Кокорь» деген повесін қазақшалады. Ж.Жұмахановтың жеке әңгімелері орыс, өзбек, қырғыз, украин, латыш, поляк тілдерінде жарық көрді.

Әдебиеттер:

Жұмаханов Ж. Делегат:Әңгімелер/ Құраст. Ә. Бөпебаев.- Алматы: «Жалын», 1983.- 72 б.
Жұмақанов Ж. Қарагөз қарындасым: Әңгімелер .- Алматы: «Жазушы», 1979.-304 6.
Жұмақанов Ж. Махаббат пен мансап: Повестер.- Алматы: Жазушы,1970.- 191 6.
ЖұмақановЖ. Мен жұмысшымын:Повестер.-Алматы: «Жазушы»,1972.- 125 6.
Жұмақанов Ж. Шұбартау таңы: Повестер мен әңгімелер.- Алматы, «Жазушы»,-1975.-150 6.

05Жұртбай Тұрсын

Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай 1951 жылы 15 тамызда қасиетті топырақ – Семей өңірі Абай ауданының Шаған ауылында дүниеге келді.
Абай ауданының бұрынғы Қызылту совхозы, қазіргі Тоқтамыс ауылының орта мектебін бітірген соң, 1974 жылы Алматыдағы университеттің журналистика белімін бітіргеннен бері қаламгерлікпен шүғылданып келеді. Журналист. Публицист. Ақын. Сыншы. Прозашы. Ғалым. Үстаз. Қайраткер. Ұлтын сүйетін ұлтшыл азамат. Абайтанушы. Тұрсын өмір табалдырығын журналист болып аттағанмен, әдебиет есігін ақын болып ашқанын біреу білсе, біреу білмес. «Замандасым, сырласым» атты тырнақалды жинағынан кейін жарыққа шыққан жыр жинағы «Қоңыр қаз» (1978) бен «Жүрегімде жұмыр жер» деп аталады. Бірақ ақын өзінің айтарын өлеңге сиғыза алмасын сезді де көркемсөз саласына бет бұрды. Соның нәтижесінде «Бесқарагер» (1982) және «Жер-бесік» (1985) атты прозалық жинақтар дүниеге келді. Осы екі кітапқа кірген шығармалардың қай -қайсы да кейіпкер жан-дүниесінің толқынына, сезім-сырына, іштей психологиялық иірімге құрылған классикалық үлгідегі көркем шығармалар. Бүл көркем шығармалар арқылы қаламгер прозаға өзінің үлкен дайындықпен келгенін дөлелдеді.
Ол «Жұлдыз» журналының сын белімінде табан аудармай он жыл істеді. Ондағы сыншылдық жазу оны әуезовтануға алып келді. Ұзақ жылғы ізденістерден соң М.Әуезовті барынша толық ашқан және «Оқыған азамат», «Қаралы сүлу», «Көксерек» сияқты әңгіме-повестердің жазылу тарихын жан-жақты талдаған «Бесігіңді түзе» роман-эссе дүниеге келді. Осыдан кейін суреткердің «Қилы заман» повесін қолға алып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты архив құжаттарын пайдалана отырып, жарыққа шыққан «Бейуақ» атты тарихи еңбегі мен ұлы жазушының сол бір қудалану жылдарындағы сүреңсіз оқиғалардан сыр толғайтын «Талқы» атты зерттеу кітабы жарыққа шықты. Осы аталған үш еңбек Әуезовтің өмірі мен шығармашылығьш арқау ете отырып жазылған шоқтығы биік дүниелер.
Жазушы тәуелсіздіктің жырын жырлап, ұлт тағдыры, ел тарихы туралы проблемалық һәм танымдық мақалаларды көп жазды. Көне түркі батырлары туралы «Дулыға» атты тарихи әфсаналардан түратын екі томдық ғылыми көркем еңбек жазып шығарды, мұнда көне түрік жұртының екі мың жылдық тарихы баяндалады.
Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері әлемнің 15 тіліне, ал ғылыми еңбектері ЮНЕСКО-ның ресми тілдеріне аударылған ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай Қазақстан Жазушылар Одағының Ш.Құдайбердіұлы атындағы «Алаш» және І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың иегері. Қазіргі уақытта Астанадағы «Отырар» кітапханасының ғылыми орталығының директоры.

Әдебиеттер:

Жұртбай Т. Ғылым тәуелсіз болмай мемлекет мұратқа жепейді / Зекенұлы Қ. // Ертіс өңірі.-2010.-24 қараша.-10 б.
Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлы: Библиографиялық көрсеткіш / Құраст. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы -Семей, 2001 жыл.
Жұртбай Т. Ғылым тәуелсіз болмай, мемлекет мұратқа жетпейді // Ертіс өңірі.- 2010.- 24 қараша.- б.10
Жұртбай , Тұрсын (филол. ғыл. д-ры, проф., жазушы).
Ар ілім – өз жүрегіңе ұйыған иманың… [Текст] / Т. Жұртбай // Дидар. – 2011. – 21 мамыр. – б. 5
Алаштанушымен жүздесу [Текст] // Ертіс өңірі . – 2011. – 26 қазан. – б. 2
Омашұлы Н. «Сүре сөз»: (Ғалымның шыққан кітабы туралы) // Қазақ әдебиеті.-2006.-19 мамыр.-12 б.
Рамазан Д. Талантты адал күзету // Қазақ әдебиеті.- 2001.- 12 қыркүйек