Абай шығармашылығы әлемдік әдебиет пен мәдениет аясында: халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференциясы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Орталық ғылыми кітапханасы» мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 20 қазан күні ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған «Абай шығармашылығы әлемдік әдебиет пен мәдениет аясында» атты Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференциясын ұйымдастырды.
Конференцияға еліміздегі абайтанушы ғалымдар, Түркия, Ресей және Өзбекстан елдерінің әдебиетшілері және шығыс өңірінің музей мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Шара барысында Абай мұралары мен Абайдың қайраткерлік тұлғасы хақында баяндамалар жасалды.
Конференцияға туысқан түркі жұртынан – Өзбек елінен қатысқан профессор Юлдашев Қазақбайдың «Абай: ойшыл, ақын, сопы», Түркия елінен қатысқан Doc.Dr.Cemile Kinaci ханымның «Абай және жастар», Ресей елінен қатысқан Сүйінова Нәсіпханның «ХХ ғасырдағы ноғай әдебиеті және Қадрия поэзиясы», абайтанушы ғалым Қыдыр Төрәлінің «Абай шығармаларындағы Риа мәселесі» атты баяндамалары өте маңызды болды. Сондай-ақ, Орталық ғылыми кітапханасы мамандарының «Орталық ғылыми кітапхана қорындағы Абай Құнанбайұлының шығармалары» және «Қолжазбалардағы Шәкәрім мұраларының сыры» атты тақырыпта жасалған баяндамалардан қатысушылар айрықша әсер алды.
Абай мұрасы насихатталған шарада кітапханамыздың директорының орынбасары Г.М.Аязбаева «Сирек басылымдар қорындағы Абай» тақырыбында баяндама жасап, кітапханамыздың сирек басылымдар қорындағы ақынның қайраткерлік қызметін ашып көрсететін құнды басылымдармен таныстырды. Ғұлама ақынның құқықтық қызметін растайтын Семейдің қоғамдық кітапханасында қызмет атқарған өлкетанушы Николай Коншиннің «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» деген облыстық архив деректерін басшылыққа алып жазған мақаласы жөнінде мәліметтер берді. Семей облыстық Санақ Комитетінің 1897 және 1900 жылғы «Памятная книжкаларындағы», «Бастауыш білім беру қоғамының 1893/94 жылдарғы жұмыс есебіндегі», «Семипалатинские Областные ведомости» 1894 жылғы газетіндегі Абайдың қоғамдық қызметтерге қатысқандығын растайтын дереккөздерден танымды ақпараттар ұсынды. Сирек қорымыздағы латын қарпімен жазылған «Әдебиет майданы» әдеби-бұқаралық, қоғамдық-саяси журналының 1937 жылғы №4 санында жарық көрген ұлы жазушы М.Әуезовтің «Татьянаның қырдағы әні» («Абай» деген романнан үзінді) мен жазушы Сәбит Мұқановтың «Абай халық ақыны», ұлт зиялысы Рақымжан Жаманқұловтың «Пушкин өлеңдерінің аудармасы жөнінде бір-екі сөз» мақалалары жайында сөз қозғады.
Конференцияны «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай жүргізіп, тұщымды оймен қортындылады.