Ұлылар үндескенде: көрме
10 тамыз – Абай күніне орай және М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Ұлылар үндескенде» атты бірлескен жоба Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында ұйымдастырылды. Жобаны Абай атындағы Абай облыстық әмбебап кітапханасы, Невзоровтар отбасы мұражайы және Абайдың “Жидебай-Бөрілі” тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы» бірлесіп жүзеге асырды. Көрмені Абай облысы әкімінің орынбасары Байбеков Шалқар Заманбекұлы ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Абай атындағы кітапхана сирек басылымдар қорынан ұйымдастырылған «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» сирек кітаптар көрмесін ұсынды.
Көрменің «Абай тұлғасы сирек басылымдарда» бөліміне кемеңгер ақынның Семейдің қоғамдық кітапханасының тұрақты оқырманы болған өмірінің маңызды кезеңі жайлы мәлімет беретін сирек дереккөздер қойылған. Ұлы ақынның көзі тірісінде-ақ Семей қаласының әйгілі көпесі П.Плещеевтің жеке меншік баспасы «торг. Дом П.Плещеева и К», сондай-ақ «Типография Областного Правления» және «Губиздат» сияқты баспа орындарынан жария көрген құнды кітаптар Абайдың қайраткерлік тұлғасын ашып көрсетеді. Көрмеден орын алған құнды құжаттың бірі – қазақ тарихындағы тұңғыш қазанама. Қазанаманы Абай дүниеден өткен соң ұлт көсемі Ә.Бөкейханов дайындап, кемеңгер ақын тұлғасын ашып, шығармаларына еркін аударма мысалдарын келтіре отырып орыс тілді оқырманға кең көлемде таныстырған. 1907 жылы Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір Бөлімінің Семей бөлімшесінің «Запискилеріне» жариялаған.
Ұлы ақынның замандасы Н.Я.Коншиннің «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» мақаласы да аталған «Запискилердің» 1927 жылғы басылымында жария көріп, Абайдың туған халқының құқықтық заңына қосқан үлесі жайлы айтады.
Осындай сирек дереккөздерді «Әдебиет майданы» журналының 1937 жылғы №4-дегі С.Мұқановтың «Абай – халық ақыны»- деп таныған тарихи мақаласы толықтырады.
«Сирек басылымдардағы Әуезов» бөлімінен аталған журналдағы келесі мақала «Татьянаның қырдағы әні»- орын алып, М.Әуезовтің Абайдың көркем бейнесін сомдаудағы басты еңбегі «Абай» романынан бір үзінді жарияланған.
Абайтанудың негізін қалаған М.Әуезовтің шығармашылығындағы басты тақырып ұлы ақын, ағартушы Абайды бала кезінен, ержетіп толысқан шағына дейін өмірінің басты оқиғаларымен, қазақ ұлтының салт-дәстүрімен бірге шебер суреттеп көркем бейнесін сомдаған «Абай жолының» 1945, 1948, 1949, 1950, 1952 жылдарғы басылымдары көрмеден орын алды. Белгілі суретші Е.Сидоркиннің көркемдеуімен баспа көрген 1971, 1978 жылдары шыққан роман-эпопея көрмені толықтырады. Суретші эпопея кейіпкерлері Құнанбай, Абай, Тоғжан және өзге кейіпкерлердің портреттерін суреттеп, болмыс-бітімі қайталанбас образдарды сомдаған.
М.Әуезовтің «Әдебиет майданы», «Әдебиет және искусство», «Литература и искусство Казахстана» журналдарының 1937, 1939, 1946, 1951 жылдарғы сандарындағы «Жәмилә» әңгімесі, «Абай» романынан үзінімен, «Ақын аға» романына қосымша жарық көрген «Қастық», «Қарашығын» шығармаларымен және «Қазақтың әдеби тілі» мақаласымен көрме қонақтары кеңінен танысты.
«Ғасырлармен үндескен асыл қазына» сирек кітаптар көрмесі Невзоровтар отбасы мұражайында 14 тамызға дейін келушілерге ұсынылады.