«Алаш ұлттық ғылымы»: тіршіліктану саласының негізі қалай қаланды?:онлайн-лекция
2024 жылдың 24 қаңтар күні Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Алаш» жобасы аясында ZOOM платформасында Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми – зерттеу институтының ғылыми қызметкері Айгерім Нұржанқызы «Алаш ұлттық ғылымы: тіршіліктану саласының негізі қалай қаланды? (Жұмахан Күдериннің зерттеулері негізінде) тақырыбында онлайн-дәріс өткізді.
Дәріскер шараны Алаш қайраткерлерінің Ресейдің отаршылық саясатына қарсы тұрып, елімізде Ұлт кеңесін құрып, ғылым-білім саласында орасан зор еңбек етіп, ұлттық баспасөзді қалыптастырғандығынан бастады. Қазақ зиялыларының өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату үшін көптеген оқулықтарды жазғанын айта келіп, соның ішінде Халел Досмұхамедов, Абдолла Байтасұлы мен Жұмахан Күдериннің еңбектеріне кеңінен тоқталды. Досмұхамедовтың «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», «Сүйектілер туралы» оқулықтары мен ғылыми еңбектер туралы айтып берді.
Бірнеше тілді жетік меңгерген Абдолла Байтасұлының «Жануарлар туралы әңгімелер», «Бастауыш жағрафия» еңбектері мен орыс тілінен аударған аудармаларына тоқталып өтті.
Қазақтан шыққан алғашқы агроном, ғалым, агротехник-зоотехник Аягөздің тумасы Жұмахан Маусымбайұлының қоғамдық қызметі мен ағартушылық қызметін толықтай ашып берді. 1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, Ж.Күдериннің тікелей араласуымен Қытайдан 6 мың жанұя қайтып елге оралуына септігін тигізгендігін, 1921 жылы Жетісу өңірінде белен алған тырысқақ ауруын зерттеп, оны емдеу жолында сіңірген еңбектерін баса айтты. Жұмахан Күдерин сан түрлі ғылым саласынан 50-ден аса ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған. 1927-1929 жылдары баспадан Жұмахан Күдериннің қазақ мектептеріне арналған «Өсімдіктану», «География» оқулықтары, бастауыш сынып оқушыларына арналған «Әліппесі» және «Қоғамдық еңбек» атты оқулықтың хрестоматиясы жарық көрген. Біздің кітапханамыздың сирек басылымдар қорында Жұмахан Күдериннің 1927 жылы Мәскеуде араб графикасымен жария көрген «Өсімдіктану» атты оқулығы сақталып отыр. Автор кітапты өз қолымен безендіріп, өсімдіктердің жеке түрлері мен сыртқы құрылымын, мүшелерді 108 сурет арқылы бейнелегендігін айтып өтті. Шара соныңда дәріскер Жұмахан Маусымбайұлының мұрасын әйелі қалай сақтап қалғандығы мен ұрпақтары туралы да құнды мәлімет берді.