Абай атындағы кітапханаға бейне – экскурсия
Тәуелсіздіктің 25-жылдығына орай 25 мамыр күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Ішкі саясат бөлімімен бірге «Тәуелсіздік мерейтойына – 25 игі іс» акциясы шеңберінде Семей қаласындағы ОВ 156/15 мекемесінде «Абай атындағы кітапханаға бейне –экскурсия» өткізіп қайтты.
Қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру орындарындағы құқықтық тәртіпті нығайту, сотталған адамдардың тұрмыс жағдайларын және олардың жазаларын өтеу тәртібін жақсарту жолында жасалып жатқан істер баршылық.
Акцияны өткізудегі мақсат – түзету қолониясындағы жазасын өткеріп жатқан азаматтарға Абай атындағы кітапхананың даму тарихымен, бай кітап қоры және қызмет бағыттарымен таныстыру.
Бір кездері аяқтарын шалыс басып, енді түзелуді алдына мақсат етіп қойған адамдарға шынайы рухани қолдау ретінде, темір тордың арғы жағындағы тыныс-тіршіліктен, мәдени өмірден ақпараттар беретін слайдтық көрсетілім ұсынылып, шолу жасалды. Сонымен қатар кітапхананың сирек басылымдар қоры және Абай заманында оқылған кітаптар мен мерзімді басылымдар туралы «Абай және кітапхана» атты тақырыпта түсірілген бейне фильм көрсетіліп, кітапханаға шағын саяхат жасалды. 156/14 мекемесінің юстиция капитаны, сотталғандар арасында тәрбие беру жұмысының бастығы Б.А.Ахметжанов кітапхана ұжымына темір тордың ар жағындағы азаматтарға үлкен рухани көмек беретін құнды ақпарттар ұсынғаны үшін алғыс білдірді.