Ғаламтордағы терроризм: ақпараттық семинар
21 ғасыр – компьютер ғасыры. Компьютер адамзаттың өркениет жолымен дамуына ықпал ететін басты құралдардың бірі екені даусыз.
Қай салада болмасын компьютер кеңінен қолданылып, адамдар тіпті онсыз өмір сүруін елестете алмайтындай дәрежеге жетті. Өкінішке орай, кез келген өркениеттің екі жағы бар. Біріншіден, біздің қоғамымыздың алға жылжуы болса, екінші жағынан рухани құндылықтарға кері әсерін тигізеді. XXI ғасырдағы ғаламдық проблемалардың бірі – терроризммен күрес қазіргі әлемдік қауымдастықтың даму жолының жаңа бағытына айналды.
Міне, осы орайда 15 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы «Ғаламтордағы терроризм» тақырыбында кітапханашыларға арналған ақпараттық семинар өткізді. Шарада автоматтандыру бөлімінің басшысы Әлия Қалижанова ғаламтордағы терроризм туралы, өскелең ұрпаққа теріс діни ағымдардан төнетін қауіп қатер жайында слайд-баяндама жасады. Жиналған қауымға семинар бағдарламасы бойынша компьютерлік терроризм, кибертерроризм және қоғамға зиянын тигізетін хактивизм, теріс ағымдар жайында кеңінен мағлұматтар берілді. Қазіргі таңда осы өзекті мәселе әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны белгілі. Сондықтан да, семинарда осы тақырып жан-жақты талқыланды. Терроризмнің адамзатқа тигізетін орасан зияны туралы айтылған пікірлер кітапханашылар қауымына үлкен ой салды. Шара барысында қатысушылар түрлі жұмыстар арқылы өздерінің сын тұрғысынан ойлауларын дамытуға, ақпараттық технология құралдарын кеңінен қолдану арқылы ақпарат іздеу мүмкіншілігіне ие болды. Кітапханашылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына тиімді жауаптарын алды. Шара соңында терроризмге қарсы күрес туралы бейнеслайдтар көрсетілді.