Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана
img01    Қазақстандағы көне кітапханалардың бірі – Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы – 1883 жылдың 3 қазанында (ескіше 20 қыркүйек) Семей өңірінде облыстық санақ комитеті үйінде ашылған тұңғыш мәдениет ошағы. Алғашқы ашылған жылы қоғамдық кітапхананың 130 оқырманы, 274 дана кітап қоры болған. Қоғамдық кітапхананың ашылуына себепкер болған саяси жер аударылушылар, қазақ халқының ұлы ағартушысы Абай Құнанбаевтың сырлас досы, сыйлас ұстазы Евгений Петрович Михаэлис бастаған, А.А. Леонтьев, П.Д.Лобановский, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов сияқты орыс интеллигенттері еді. Олар жер ауып келсе де кітапхана, музей ашып сәулелі істердің ұйтқысы болған. Сол кездегі тұңғыш кітапхананың құрылуына белсенді ат салысқан бірінші кітапханашылар А.Степанов пен А.Зверев болды.
Кітапхана үшін жазылып алынған кітаптардың бірінші қоры 1883 жылдың соңында Петербург қаласынан алынды.
Ол туралы А.Л.Блек былай деп жазды: «В областном статистическом комитете было со времени его возникновения собрана библиотека частью популярных, частью же специальных научных сочинений по географии, этнографии, археологии, статистике, естественным наукам (175 названий в 260 томах), а также до двухсот номеров ежемесячных журналов и значительного количества сырого материала в виде отчетов и протоколов различных ученых обществ, комиссий и т.д. В сентябре с.г.статический комитет решил сделать это книгохранилище общедоступным для публики. Так основалось общественная библиотека»
Білім-ілім іздеген адамдар мұнда жиі келіп, білім бесігінде бас қосатын, ғылым, білім жайлы пікірлер алысатын. 1885 жылы Сібірді зерттеу, жер аударылушылар тұрған даланы көру мақсатымен Семейге келген белгілі американ журналисі Дж.Кеннан «Сібір және айдау» («Сибирь и ссылка») деген кітабында былай деп жазады: «Мен Спенсердің, Бокльдің, Гекслидің, Миллдің, Дарвиннің шығармаларын…, В.Спойттың, С.Диккенстің, Ж.Эмоштың, Ж.Мак-Дональдтың және басқаларының романдары мен повестерін таңқаларлық сезіммен көрдім. Әсіресе, ғылыми шығармалар және саяси экономия бойынша әдебиеттер көп болды. Кітапты бұлайша іріктеу оны жинаушылар мен пайдаланушылардың мәдениеттілігі мен талғамын танытады».
Міне, осы бір шағын үзіндіден-ақ сол кездегі ғылымға құштар адамдардың кітапханаға қаншалықты ықыласпен, қамқор сезіммен қарағанын аңғаруға болады.
Сол кездегі өлкетанушылардың, қоғам қайраткерлерінің естеліктеріне қарағанда, бұл кітапхана ең прогресшіл бағыттағы адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қалың жұртшылық арасына білім нәрін таратуда елеулі роль атқарған. Кітапхананың жұртшылық арасында қаншалық беделі жоғары болса да, патша өкіметі тарапынан қаржы бөлінбеді. Ол негізінде қоғамдық ұйымдар мен жеке адамдардың көмегімен жарна есебінен өмір сүрді.
1902 жылы желтоқсан айында Семей қаласында тегін пайдаланатын оқу залы ашылып, оған қайтыс болғанына 50 жыл толуына байланысты орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің есімі берілді.
1906 жылы ақысыз оқу үйі мен қоғамдық кітапхана біріктіріліп, Н.В.Гоголь атындағы қоғамдық кітапхана болып аталды.
1902-1911 жылға дейін кітапхана жұмысын басқарған, өлке мәдениетінің дамуына үлес қосқан, кітапхананың дамуына елеулі үлес қосқан алғашқы кітапханашылардың бірі, Батыс Сібір Географиялық қоғамының мүшесі Н.Я.Коншин Семей қаласының тарихын, археологиясын, этнографиясын, табиғат байлықтарын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген.
Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхананың өмірге келуі, алғашқы қалыптасу жылдары қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев есімімен тығыз байланысты. Ол кітапхана ісіне белсене араласып, өзі де кітаптар алып тұрақты оқырманы болғанын деректер дәлелдейді.
Орыс зиялыларымен рухани қатынаста болған Абай өзі де бас болып, кітапхананың тұрақты оқырманы бола жүріп, қатар ашылған өлкетану музейіне Долгополов екеуі 50-ден астам экспонат тапсырғаны тарихтан мәлім және бұл ақынның әлем әдебиетінен білімін тереңдеткен мектепке айналып еді.
Ұлы ақынның кітапханаға жиі келіп, орыстың атақты ақын-жазушыларының кітаптарын алып тұрғандығы және Е.П.Михаэлиспен алғашқы танысқандығы туралы жазушы М.Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында суреттеген.

Осындай күтпеген кездесуден туған таныстық тамырын тереңге тартып, мақсат, мүддесі ортақ, армандары бір екі адамды іштей табыстырып, құшақтары жазылмастай берік достыққа, жанымен сырласатын сыйласымды жағдайға алып келді.
Кітапханаың белсенді өмірі Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін басталды. Мемлекет қарамағына алынған кітапхана, еліміздегі ең байырғы мәдени ошақтарымен тізе қосып, облысымыздың ғасырлар бойы қараңғылық түнегінде қамалып келген қалың еңбекші қауымның сауатын ашуға, ғылым негіздерін үйренуге өзіндік үлес қосты.
1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырап, еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылының 8 желтоқсандағы № 1035 шешіміне орай, бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхана Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана атына ие болды.
Көп жылдар өтсе де кітапхана өзінің сирек кітаптар қорын ерекше күтіммен сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуде. Қазіргі кезде Семей қаласындағы Абай атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының сирек басылымдарының дүниежүзі әдебиеттерінің алтын жауһарларын құрап отырған: А.С. Пушкин (1887); Л.Н.Толстой (1889); Платон (1863); Байрон (1884); Кантемир (1868); В.И.Даль (1883); т.б. шығармалары, К.Беккер «Всемирная история» (1846); Н.М.Карамзин «История государства Российского» (1845); Илиада Гомер (1829) тағы басқалары соның айқын айғағы.
Бұл кітаптар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген, әлемдік мәдениеттен шалғайдағы қазақы ауылдың төл перзенті Абай Құнанбаевтың білімге құмарлық шөлін басқан рухани бұлақ бола алды. Кітапхана қоры Кеңестік дәуірге дейін орыс тілінде шыққан сөздіктердің ең бай қорымен: «Брокгауз бен Эфронның энциклопедиялық сөздіктері» (1890 және 1894 жж.), «Толық орыс-француз-неміс сөздігі» (1826 ж.), «Орыс-қырғыз азбукасы» (1914), «Грек-орыс сөздігі» (1848 ж.) т.б. анықтамалармен де бағалы.
Кітапханада өлкеміздің шежіресін шертетін: «Обзоръ Семипалатинской области» (1898), «Советская степь» (1929 ж.), «Екпінді», (1935-1951 жж.) «Еңбекші қазақ» (1931 ж.), Прииртышский коммунар» (1936 ж.), «Социалистік майдан» (1931 ж.), «Приитышская правда» (1929-1962 жж.) т.б. аймақтық басылымдар шыққан кезінен бастап қорда сақтаулы. 1996 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының байқауына қатысып, жеңіске жеткен ұжым бүкіләлемдік интернет жүйесінің желісіне қосылды. 2000 жылдың қазан айынан бастап оқырмандарға дәстүрлі каталог жүйесімен қатар электронды каталог арқылы қызмет көрсетіле бастады.
2002 жылдың қыркүйегінен бастап кітапхана жанынан Интернет орталығы ашылды. Дәлірек айтқанда, Интернет желісі көмегімен электрондық почтамен хабар алып, хабар беру, басқа компьютерлердегі ақпаратпен танысу шалғайдағы телеконференцияларға қатынасу мүмкіндіктері қамтамасыз етілді.
Кітапхана әлемдік үлгідегі осындай озық технология жүйесіне қосылғалы кітапхана оқырмандары үшін құнды деректер жинақталып қалды.
Қазіргі таңда кітапхана қорында аса бағалы құнды 4,5 мыңнан аса сирек басылымдар қоры мен 400 мыңға жуық әдебиеттер қорын 17 мыңнан аса оқырман пайдаланады.
Кітапхана Турция, Норвегия, Оңтүстік Кореяда өткен Халықаралық кітапханашылар конференцияларына белсене қатысты. Абай кітапханасы Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» туралы бағдарламасын басшылыққа ала отырып, заман талабына сай пайдаланушылардың интеллектуалдық сұраныстарын жедел және сапалы қанағаттандыруда жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалана, меңгере отырып, үздіксіз даму үстінде.

Мекен-жайы:Абай көшесі, 86.
Телефон: 56-10-76, 52-36-45.
E-mail:semeybib@yandex.ru
Жұмыс уақыты:
Сағат 9.00 – 18.00, үзіліссіз.
Әр айдың соңғы күні- тазалық күні
Демалыс күні: сенбі

Әдебиеттер:

Галиев В. Книжное дело в Северо-Восточном Казахстане // Абай.-2005.-№ 1.-37 с.
Елеуғожин Б. Өнер – білім ордасы // Семей таңы.-1977.-27 октябрь.
Нұрқасым Қ. Білім дариясының арнасы // Егемен Қазақстан.-2005.-27 сәуір.-7 б.
Тоқсанбай Қ. Полигон емес, поэзияның мекені // Егемен Қазақстан.-2003.-3 қыркүйек.-8 б.
Төлеуғазықызы З. Тарихи кітапхананың жанашырлары // Ертіс өңірі.-2003.-2 қазан.-32 б.
IATP Интернет орталығы // Ертіс өңірі.-2005.-30 маусым.
Чушекова Ж. Парасаттылық ордасы // Семей таңы.-2003.-22 тамыз.-12 б.

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы
46    Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы –ақынның туғанына 95 жыл толуы қарсаңында Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылғы 1-сәуірдегі қаулысы бойынша ұйымдастырылды.
Оның негізгі қорын 1885 жылы өлкетану мұражайына Абай тапсырған заттар құрайды. Аталмыш заттардың 30-ға жуығы мұражай қорында сақтаулы.
Алғашқы жылдары мұражай Абай ақын Семейге келгенде ат басын тіреп, түсіп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлеріне орналасқан болатын. 1967 жылдан бастап, мұражай көпес Ершовтың (Ленин көшесі, 12) үйіне орын тепті.
1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Абай мұражайы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайы болып қайта құрылды.
Қорық-мұражайдың құрамына қалалық кешен, Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйі, Жидебайдағы Абайдың әдеби-мемориалдық музейі, қорық аймағына кіретін 16 тарихи орындар, Абай ауданы Құндызды ауылындағы халық ақыны Шәкір Әбеновтың мұражайы және Мақаншыдағы Әсет Найманбаевтың музейі кіреді.
Қалалық кешенге Ахмет Риза медресесі мен мешіті, «Алаш арыстары және М.Әуезов» музейі кіреді. Мұнда ақын пайдаланған кітаптардың түпнұсқалары қойылған. Мұражайда ұлы ақын өміріне қатысты бірнеше бөлімдер бар. Осының бәрі қосыла келгенде Абай дәуіріне, оның шығармашылығына терең бойлауға жол ашады.
Бас мұражай экспозициясы келесі залдардан тұрады: «Абай және оның дәуірі», «Абай шығармашылығы», «Абай шығармашылығының қайнар бұлақтары», «Абай аудармалары мен музыкалық мұрасы», «Шығыс поэмалары», «Ескендір поэмасы», «Күмбезді зал», «Жыл мезгілдері», «Жаз өлеңіне арналған панорамалық заң», «Тақырыптық көрмелер залы», «Ақындық айналасы», «Абай халық жүрегінде», «Сыйлықтар залы».
1855-1859 жылдары Ахмет Риза медресе экспозициясы, медресе тарихы, Абай және Шығыс бөлімдерінен тұрады. Медреседе жас шәкірт Абай (Ибраһим) пайдаланған түпнұсқа кітаптар қойылған. Бұлар әдеби оқулықтар, шығыс ғұламаларының еңбектері.
Абай қорық-мұражайы қорында 20 мыңнан астам жәдігері, 12 950 кітабы бар ғылыми кітапхана және көшірме жасайтын ғылыми-техникалық бөлім бар.
1997 жылы Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы ашылды. Ол М.Әуезовтің Семейдегі өмірі мен қызметіне, сондай-ақ алашорда қайраткерлеріне арналған.
Абай ауданының аймағында орналасқан Бөрілі- Мұхтардың балалық, жастық шағы өткен жер. Сондықтан мұнда жазушының өмірі мен шығармашылығын қамтиды.
Жидебай – Абайдың әкесі Құнанбай әулетінің ата қонысы. Мұнда ақын ның әдеби мұралары: қарасөздері, өлеңдері, аудармалары жазылды.
Ақын мұражайын кезінде өркендетуге үлес қосқан жазушы, ғалым, қайраткерлер Қ.Туғанбаев, Қ.Мұхамедханұлы болды. Мұражайда жазушы М.Әуезовтың өз қолымен сыйға тартқан ақынның көзі тірісінде түскен фотосуреттері және Абай үйінің дүниелері асылдың көзіндей сақтаулы. Сонымен қатар, қаланың музыка, өнер саласындағы өнерпаздарының жиі бас қосатын жері.

Мекен-жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Интернациональная, 29.
Жұмыс уақыты:
Аптаның барлық күнінде жұмыс істейді.
10.00-18.00
Үзіліс: 13.00-14.00.
Әр айдың соңғы күні-тазалық күні
Телефон: 52-17-21, 52-43-57, 52-24-22.
Факс: 52-08-94.

Әдебиеттер:

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы: Астана: Елорда, 2006.
Асылжан П. Абайдан қалған асыл дүниенің құны қанша? // Семей таңы.-2006.-18 мамыр.-15 б.
Ахметұлы Т. «Ұлы ақын өз мұражайының негізін өзі қалап кетіпті» // Үш анық.-2001.-15 қаңтар.
Ибрагимов Т. Ақын мұражайында // Семей таңы.-2005.-12 тамыз.-2 б.
Тасболатов А. Ұлылар мекені // Егемен Қазақстан.-2004.-20 шілде.-8 б.

Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры
50    1917 жылы жазушылар М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың ұйымдастырумен Ойқұдықта тұңғыш рет сахна шымылдығы «Еңлік-Кебекпен» ашылған болатын. Осыдан кейінгі қойылымдар Семей театрының жол басы болды.
1920 жылы жазушы М.Әуезовтың қолдауымен «Ес-Аймақ» деген атпен алғаш ағарту қоғамы жұмыс жасаған. Осы «Ес-Аймақтың» алғашқы мүшелері: Ғалиакпар Төребаев, Уәли Тұрлыбеков, Ахмет Әуезов, Сәруа Арықовалар болды. Қоғамның негізгі мақсаты- қазақ мәдениетін көтеріп, халыққа эстетикалық тәрбие беру болды. Театрдың алғашқы орындаушылары талантты әншілер: Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жүсіпбек Елебековтер болды. Әдебиет пен өнер босағасын алғаш аттаған ұлттық театрымыздың тұңғыш ірге тасын қаласқандардың бірі: «Қазақтың Станиславскийі» атанған Жұмат Шанин болды.
1934 жылы «Ес-Аймақ» негізінде құрылған Семей театры І.Жансүгіровтің «Кек» атты пьесасымен өзінің алғашқы шымылдығын ашты. Оның тұңғыш режиссерлығына Ғалиакпар Төребаев тағайындалады. Бұл кездегі талантты актерлер: С.Қыдыралин, Ш.Мусин, Х.Байырманов, Н.Атаханов т.б. болды. Репертуарда: Б.Майлинның «Шұға», М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» сияқты тамаша классикалық туындылары болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында театр труппасын Л.В.Леонов деген театр маманы басқарды. Бұл жылдары соғыс тақырыбына жазылған М.Әуезовтың «Сын сағатта», К.Симоновтың «Орыс адамдары», «Малиновкадағы той» т.б. спектакльдері сахналанды.
Театр халыққа өнер көрсеткеннен бастап, көп жылдар бойы режиссер болып талантты актер Б.Омаров тағайындалды. Осы кезде классикалық шығармаларды терең игеруге, сол кездегі заман тақырыбына жазылған пьсаларды қоюға көбірек назар аударылды.
Онан кейін де театр ісін жалғастырушы терең білімді режиссерлер Е.Обаев, Ш.Кәрібаев, Ш.Зұлқаш сияқты өнер тарландары мәдениет саласында өзіндік із қалдырды.
Шығармашылық коллективтің құрамында сахна шебері дәрежесіне дейін көтерілген Қазақстанның Халық әртістері және еңбек сіңірген әртістері Р.Есімжанова, Ж.Сәкенова, Г.Әбдірахманова еңбек етті. Дара тұлғалар К.Сәкиева, Ә.Жаңбырбаев, Т.Иісова, Б.Имаханов, Ш.Бахтинова т.б. өнер саңлақтарымен бірге кейінгі жас буын еңбек етуде.
2002 жылы Египет Араб мемлекетінің астанасы Каирде өткен 14-халықаралық фестивальда Ш.Айтматовтың «Боранды бекетін» қойып, үлкен шығармашылық табыспен оралды.
Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры әлемдік және еліміздің талай-талай классикалық драмаларын сахнасында түлетіп, өнер сүйер қауымның әлденеше буынына рухани нәр берген айтулы ұжымның бірі.

Мекен-жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Абай алаңы,
Телефон:56-32-14, 56-16-33

Әдебиеттер:

Азаматов А. Бас төреші – көрермен /Әңгімелескен А.Сапышев. // Ертіс өңірі.-2005.-15 қыркүйек.-5 б.
Қамбаров Ж. Сан сырлы сахна: (Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрына – 70 жыл).-Алматы: ҚАЗақпарат, 2004.-260 б.
Қожаев Қ., Ізғұтдинов М. Мерейтой ізеттері. Жетпіс жылдың жемістері // Ертіс өңірі.-2004.-28 қазан.-3 б.
Кәрібаев Ш. Құлаш-құлаш монологтардың заманы өткен // Семей таңы.-2001.-9 ақпан.
Қамбаров Ж. Өнердің қара шаңырағы // Ертіс өңірі.-2005.-31 наурыз.-5 б.
Сапашев А. Көрерменге уытты күлкі керек: (Абай атындағы сазды-музыкалық драма театрының тыныс-тіршілігі жайлы) /С.Қасымжанұлы // Ертіс өңірі.-2010.-13 қаңтар.-8 б.
Сейсенұлы Д. Халің қалай, өнердің қара шаңырағы? // Дидар.-1999.-19 қазан.

Әміре Қашаубаев атындағы филармония

1945 жылы қазан айында мемлекеттік Жамбыл атындағы филармонияның филиалы Семей концерттік эстрадалық бюросы ашылды. 1953 жылы Семейдің облыстық концерттік бюросы, 1966 жылы Семей облыстық мемлекеттік филармониясы болып қайта құрылды. 1968 жылы филармонияға әнші Әміре Қашаубаев аты берілді. Сонау 1925 жылы Парижде ән салған Әміре атамыздың асқақ әні әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. 1975 жылы «Әсем» ансамблі Парижге барып, қазақтың әндерімен қатар Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас»,
«Қалың елім», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін асқақтата шырқады. Филармонияда қазақ өнерінің талай майталмандары еңбек етті және еңбек етуде. Олар Қазақстан Республикасының Халық артистері: М.Ешекеев, Р.Рымбаева; Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артистері Б.Сыбанов, Д.Хайруллин, Б.Үдербаева, Т.Рахимов; белгілі сазгерлер: Ж.Дәстенов, Т.Мұхаметжанов, Мәдениет қайраткерлері А.Бейсембеков, К.Өлмесеков, Р.Байдалина; дирижерлер: М.Айдаболов, С.Малаев, Р.Ноғайбаев, О Сейітқазы; көркемдік жетекшілер: Б.Тапалшинов, Г.Елубаева, Н.Құсайынов; кейінгі толқын өнерпаздар: Т.Сембаев, С.Есенгелдинова, Б.Омаров, Н.Көшеров, М.Қаранова, Л.Молдабекова т.б. Филармонияның қалыптасуына еңбек сіңірген қызметкерлер: Чавкин Ю.Н. (1945-1947), Семенов-Леонс (1947-1952), Валитов Т.Ф. (1953-1969), Мәсәлімов М.О. (1970-1973), Есболатова К. (1973-1980), Мекишев С.М. (1980-1982), Әлин М.С. (1982-1985), Ерсәлімов Б.Е. (1985-1988), 1988 жылдан қазіргі уақытқа дейін сазгер, әнші А.Бейсембеков басқарады.
Филармонияда «Бибігүл» халық аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, «Семей сазы» фольклорлық ансамблі, балаларға арналған үш концерттік бригада, «Шәкәрімнің музыка мұрасы», «Абайды тыңда, таңырқа», «Классикалық музыканың құдіреті», «Музыка аспаптарының тарихы» атты лекция-концерттер өткізіліп тұрады.
1991 жылы Мәскеуде орталық концерт залында «Ғасырлар үні» атты үлкен концерт өтті. 1992 жылы Қазақстанның егемендік алуына бір жыл толуына байланысты Мәскеуде Чайковский атындағы концерт залында Семей филармониясының әншілері мерекелік концерт өткізді.
1999 жылы Алматыда «Абайдың музыка мұрасы» атты лекция концерттің байқауы өтті. Оған әнші, сазгер А.Бейсембеков Абай мұрасы жайлы концерт өткізіп бірінші орынды жеңіп алды.
Филармония өнерпаздары жыл сайын Астана, Алматы қалаларында есеп концерттерін үлкен жетістікпен өткізіп келеді. Филармонияда симфониялық, қазақ ұлттық халық оркестрі және әншілер бірігіп халқымыздың бай музыкалық мұрасын насихаттауда жемісті еңбек етуде. Өнерпаздар әр түрлі халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен фестивальдардың жүлдесіне сан мәрте ие болды. Гастрольдік сапармен ұжым Қазақстанның барлық облыстарында, Ресей, Қырғызстан, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Турция, Германия, Испания, Италия, Венгрия, Қытай, Моңғолия т.б. елдерде өнерлерін көрсетті. 

Мекен-жайы:
Б.Момышұлы, 43;
телефон: 52-20-11; 52-17-23.
Жұмыс уақыты:
9.00-18.00
Үзіліс 13.00-14.00
Демалыс: сенбі, жексенбі

Әдебиеттер:

Әміре атындағы филармония // Семей таңы.-1979.-22 қыркүйек.
Қамбаров Ж. Абайдың рухын асқақтатқан: Әміре атындағы филармония жайында лебіз // Семей таңы.-2005.-12 тамыз.-2 б.
Қуатбеков Б. Өнерпаз өрендер ортасы // Семей таңы.-1984.-28 шілде.
Сейсенұлы Д. Рухани дүние өрістесін десек // Егемен Қазақстан.-2005.-9 желтоқсан.-8 б.
Тілеухан А. Ұлы әншіге құрмет: Әміренің туғанына –115 жыл // Ертіс өңірі.-2003.-27 қараша.-3 б.

Байланыс музейі
116     Қаладағы тұңғыш техникалық музейдің негізі 1989 жылы 30 мамырда қаланған. Музей 1999 жылдың 17 мамырында Семей қалалық атқару комитетінің шешімімен тарихи ескерткіштер архитектурасын сақтаудың мемлекеттік қарамағына берілді. Музейдің мақсаты – Қазақстан Республикасында байланыс саласының тарихы мен дамуын көрсету. Музей өлкетанушы, еңбек ардагері В.И.Лушниковтың бастамасымен құрылған.
Музей экспонаттары мынадай бөлімдерден тұрады: өлкетану, почта байланысы, телеграф байланысы, телевидения және радио байланысы. Мұндағы Ұлы Отан соғысы кезінде алынған американдық жабдықтар ХІХ-ХХ ғасыр аралығында жұмыс істеген. Экспозицияның бірінші бөлімінде қаланың тарихынан мәліметтер беріледі. 1865 жылы император Александр ІІ-нің жарлығымен салынған қала бекінісі, тұңғыш құрылыстары жайлы мағлұматтар алуға болады. Байланыс бөлімі – бай құжаттармен, суреттермен таң қалдырады.
Телеграф бөлімі- ХІХ ғасырдағы атақты Морзе телеграф аппаратымен таныстырады. Бірінші рет Семей қаласына 1872 жылы келді. Радио байланыс және телевидение бөлімінде – Семейдегі бірінші радио студиясы мен аппараттары туралы суреттермен танысуға болады.
Телевидение экспозициясынан сирек кездесетін экспонаттың бірі – төрт есе үлкейтіп көрсететін 1949 жылғы линзалы телевизорды тамашалауға болады. Сонымен қатар байланыс саласының майталман еңбек ардагерлері туралы фотосуреттер мен құжаттары сақталған. Байланыс музейі өз өлкесін сүюге тәрбиелей алатын үлгілі орын. Мұнда жал сайын мектеп, колледж оқушыларымен, қала азаматтарымен экскурсия өткізіледі. Музей тарихымен Ресей, Германия және Швейцария қонақтары да таныс. Музей қаланың саяси өміріне белсенді араласады.

Мекен-жайы:
Найманбаев көшесі, 116
Жұмыс уақыты:
Сейсенбі: 10.00-16.00
Ұжымдық тапсырыстар қабылданады.

Әдебиеттер:

Жанболатов А. «Спаси и сохрани…»: (Музею связи – 10 лет) // Семипалатинские вести.-2002.-7 июня.-4 с.
Мухаметкалиева А. Музею связи нужна помощь // Спектр.-2002.-26 апреля.-6 с.
Пархоменко Е. И один в поле воин… // Арна.-2006.-27 апреля.-6 с.
Чернова П. Семипалатинскому музею связи – 10 лет // Наука и высшая школа Казахстана.-2002.-15 с.

Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы
117    Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы – қаланың оң жақ бөлігінде 1992 жылы ашылды. Сол уақыттан бері ұжым ұстаздары бүлдіршіндер мен жастардың рухани қажетін өтеп, қиялдарын оятып, шабыттарына дем беріп, қанаттандырып келеді. Ол барлық ұлттардың өнер ұясына айналып отыр. Жастар сарайында көркемөнерге үйрету, жастарды кәсіби мамандыққа тәрбиелеуде «Тұрмыстық эстетика» орталығы, спорт орталығы, «Мерей» әдіскерлік орталығы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, әншілікке және бишілікке баулитын да үйірмелер жұмыс жасайды.
1998 жылы қаланың сол жақ бөлігінде де өнер ошағы «Жастар кешені» ашылған.Мұнда да бүлдіршіндер мен жастар үшін барлық жағдай жасалған. Компьютерлік ойын бөлмелері, «Трио», «Айгөлек» тәрізді мектеп жасына дейінгі балалар студиялары, тіл үйрету курстары, бодибилдинг, каратэ, америкалық аэробика спорт секциялары, эстрада-спорт билері, ырғақты гимнастика үйірмелері жұмыс жасайды. Жастар сарайында балалар мен жастарды салауатты өмір салтына баулуда барлық жағдай жасалған.

Мекен-жайы:
Абай көшесі, 73;
Телефон:56-84-32.
Жұмыс уақыты:
8.00-18.00
Үзіліс:
12.00-14.00
Демалыс: жексенбі.

Әдебиеттер:

Балалардың сүйікті сарайы // Семей таңы.-1998.-17 қыркүйек.
Дәуменұлы К.Өнерлі өрендер ордасы // Қазақстан мектебі.-1999.-№ 5.-49-52 б.
Жастар сарайына бес жыл // Дидар.-1998.-17 қаңтар.
Шапатов Қ.М. Техникаға үйірсек қазақ баласын тәрбиелеуіміз керек: (Директормен сұхбаттасқан Жұмаділ С.) // Семей таңы.-2003.-5 желтоқсан.-11 б.


Биологиялық орталық
118     Биологиялық орталық – Семей қаласының биология орталығы Шығыс Қазақстандағы балаларды экологиялық, эстетикалық бағытта тәрбиелеп, оларды еңбекке баулу мен білімдерін ұштауда еңбек етіп келе жатқан ұжым.
1983 жылдан бері Ертістің ортасындағы табиғаты әсем аралда орналасқан осы мекеме 2,06 гектар жерді алып жатыр. Бұл кешеннің оқыту базасы жақсы жолға қойылған. Өзінің құрылған күнінен бастап табиғат төлінің 80 түрінен 400-ге тарта аң-құс бар болса, осылардың 17 түрі Халықаралық және Қазақстанның Қызыл Кітабына енген. Оқыту –тәрбие барысында 3 сатылы оқу жүйесінде 56 салалық үйірме, оның ішінде 10 үйірме қазақ тілінде өз жұмыстарын жүргізіп келеді.
Екі бағыты үйірме жұмыстары болса, үшіншісі билогиялық ғылыми жұмыстарын тереңдете зерттеу болып табылады.
Биологиялық орталық негізінде жазғы экологиялық «Отан» легерінде 500 оқушы демалып қана қоймай, түрлі аң-құстармен танысып, оқу жоспарлары негізінде өз таным, білімдерін толықтырады.
Мұнда АҚШ-тан, Германия, Қытай, Түрік елдерінен арнайы қонақтар келіп, орталықтың жұмысын тамашалады.

Мекен-жайы:
Полковничий аралы
Телефон: 56-84-59.

Әдебиеттер:

Жоламанова П. Биологиялық орталық – балалар қуанышы // Семей таңы.-1998.-20 тамыз.
Қира Ө. Хайуанаттарға қамқорлық // Ертіс өңірі.-2003.-9 мамыр.-3 б.

«Дариға-ай» жастар театры

«Дариға-ай» жастар театры – Семей қаласының әкімі Н.Омаровтың шешімімен 2001 жылдың 2 ақпанында құрылды. Өнер академиясынан келген бір топ мамандар Семей қалалық М.Төлебаев атындағы музыкалық колледждің «Театр өнері» бөлімін ашуы халықты елең еткізді. Профессор Дариға Тұранқұлованың бастауымен сол актерлік бөлімді бітірген түлектерінің күшімен құрылған өнерлі жастар театры халыққа кеңінен танылып, үлкен жетістіктерге жетісті.
Театр шығармашылығы жан-жақты. Онда шетел, қазақ классикалық шығармаларынан бастап, осы заманның өзекті тақырыптарын қамтитын юмор-сатиралық қойылымдарды сахнаға шығарды.
Театрда Д.Исабековтың «Әпке» пьесасы, М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» атты поэтикалық көрінісі, Желтоқсан оқиғасына байланысты «Ызғарлы желтоқсан» әдеби-сазды қойылымдары сахналанып, қаламыздың нағыз рухани мәдени ортасы екенін дәлелдеп берді.
Республикалық «Тазша бала» конкурстарының лауреаты, 2002 жылы Астанада өткен республикалық әзіл-сықақ конкурсының лауреаты атанды.
Бұл театрдың ерекшелігі – сөз және пластика, классика және юмор, сатира, ән-би жанры тоғысқан жан-жақты өнерлі жастар топтасқан ұжым. Олар әр түрлі бағдарламалармен Шығыс Қазақстан өңірінде, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және ауылдарда болып үлкен жетістіктерге жетісті. 

Мекен-жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Б.Момышұлы көшесі, 43.
Телефон: 52-34-09

Әдебиеттер:

Айтыбаев А. Семейдегі жастар театры // Егемен Қазақстан.-2003.-31 желтоқсан.-7 б.
Зүкенов М. Дариғаның мектебі // Семей таңы.-1999.-7 қаңтар.
Тілеубекова М. Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ // Үш анық.-1998.-наурыз.

Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі
49    Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі – Қазақстанда     Ф.М.Достоевскийге арналған жалғыз музей. Музей 1971 жылдың 7 мамыр айында ашылған болатын. Музей негізгі екі бөлімнен тұрады: жазушы тұрған мемориалдық үй және 1976 жылы салынған әдеби экспозиция. Сондай-ақ музейде ғылыми кітапхана, көрме залы мен кинолекциялық зал бар. Музейдің негізі 1857-1859 жылдары жазушы Ф.М.Достоевский жалдап тұрған үй. 1966 жылы осы үй Достоевский атындағы № 15 қалалық кітапхана болып бекітілді. Музейдің негізін салушы осы кітапханаың меңгерушісі З.Г.Фурцева болды. 1968 жылы Достоевский тұрған ағаш үйге жазушының немересі А.Ф.Достоевский келген болатын. Ал 1969 жылдан бастап кітапхана-музей тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс істей бастады. Көп жылдық тарихы бар музейде 19 000-нан астам экспонаттар сақтаулы тұр. Сондай-ақ, музей қорының ерекше құнды экспонаттары ретінде Ф.М.Достоевскийдің қолтаңбасы, сирек кездесетін библиографиялық басылымдар және басқа да құнды әдебиеттерді атауға болады.
Музейдің әдеби экспозициясы жазушының қиын жолдарын: оның жастық арманы, каторгалық жолдары мен солдаттық өмірден бастап, танымал болғанға дейінгі өмір жолдарын анық бейнелейді. Мұнда жазушы өзінің көпшілікке таныс «Ағайдың түсі», «Степанчиково селосы және тұрғындары», «Өлі үйдегі жандар» еңбектерін жазды. Экспозицияға жазушының көзі тірісінде шыққан кітаптары мен оның замандастарының шығармалары қойылған. Семейде өткен жылдар Ф.Достоевский мен Ш. Уәлихановтың рухани достығының шежіресінен де сыр шертеді. 2003 жылы музейде «Достоевский және әлем мәдениеті» атты үлкен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Петербор қаласынан жазушының немере-шөбересі Алексей Достоевский, Ресейдің әр түкпірінен келген достоевскийтанушылар келген болатын. Музей жазушының Ресейдегі жеті музейімен тығыз шығармашылық байланыста. Мұражайда түрлі кітап көрмелер, өнер қайраткерлерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады.

Мекен жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Достоевский көшесі, 118.
Телефон:52-49-76, 52-19-42.
e-mail:muz dost@relkoml.kz
Жұмыс уақыты:
9.00-18.00
Демалыс күні:жексенбі.

Әдебиеттер:

Ахметұлы Т. Мұражайларымыз мерейтойлар тоғысында тұр // Семей таңы.-2001.-18 мамыр.
Мельникова И.Ескірмейтін есім // Семей таңы.-1991.-12 қараша.
Сейсенұлы Д. Достоевский мұражайына отыз жыл // Егемен Қазақстан.-2001.-20 сәуір.-6 б.

Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры

Орыс драма театры – 1937 жылдың 8 маусымында қалалық кеңестің шешімен құрылған жұмысшы жастар әуесқой театры негізінде құрылған, 1975 жылы театрға жазушы Ф.М.Достевскийдің есімі берілді. Сол кезде жазушының есімін иеленген бірден-бір театр осы қаламыздағы орыс драма театры болды. Бүгінгі күні Халықаралық театр фестивалінің лауреаты, көрермендердің қошаметіне ие болған беделді өнерлі ұжым. Ұжым мүшелері көптеген елдерде гастрольдік сапармен болып қайтты.
Театр репертуары мол. Халық аңыздары негізінде жазылған шағын пьесалардан бастап, әлемдік классикалық өнер туындылары қойылып келеді. Достоевский атындағы орыс драма театрында Т.Завгоздкина, Н.Батурин, Н.Минин, С.Забаруков, Г.Кристель, С.Попов, С.Кутьлин тәрізді шеберлердің үлгісін ұстанып, өнер көгіне өрмелеген жастар да баршылық. Соңғы жылдары театрдың шығармашылық ізденістері молайды, Ресейден театр мамандары шақырылып спектакльдердің мазмұны кеңейді. Театр сахнасында В.Шекспирдің «Гамлет», А.Островскийдің «Гроза», «Зимние фантазии», Н.Думбадзенің «Юстина», Н.Семенованың «Печка на колесе», Ф.Достоевскийдің «Преступление и наказание», А.Пушкиннің «Чума» т.б. классикалық туындылары қойылды. Театр труппасы Республикамыздың тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай өткізілген конкурсына шақырылып үлкен жетістіктерге жетісті. 

Мекен-жайы:
Абай алаңы көшесі
Телефон: 56-34-68

Әдебиеттер:

Горельников Я.В. Көрермендерге көп рахмет // Семей таңы.-1983.-7 декабрь.-4 б.
Коган Э. Семей театры Алматыда // Социалистік Қазақстан.-1975.-22 июль.
Туғанбаев К. Байырғы өнер ордасы // Семей таңы.-1987.-19 декабрь.
Өнерге қамқор жан: (Театрдың бас директоры Я.В.Горельников – 50 жаста) // Семей таңы.-1997.-6 қараша.-2 б.
Шыңғысұлы Б. Артистке арналған кеш: (В.Забаруков туралы) // Семей таңы.-1973.-11 январь.

Ерлік Даңқы музейі (Музей боевой славы)
119    Музей -Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40 жылдығы қарсаңында 1983 жылы Семей қалалық соғыс ардагерлері кеңесінің қоғамдық бастамасымен ашылған болатын.
1985 жылы 30 наурыздан Мәдениет Министрлігінің шешімімен ресми түрде тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі болып жұмыс істейді. Қалалық Мәдениет үйінде орналасқан Ерлік Даңқы музейі неміс фашист басқыншыларына қарсы күрескен шығысқазақстандықтардың ерлігін паш етеді. Музей екі экспозияциядан тұрады. Онда Қарулы Күштер Армиясының тарихы мен даңқын сипаттайды. Мәскеу, Ленинград, Курск, Прага, Будапешттен Берлинге дейін болған қантөгіс шайқастарынан сыр шертеді.
Музейдегі экспонаттар Семей өңірі жауынгерлерінің ерлік істерін, ел мүддесі, ұрпақ қамы үшін істеген ізгілікті іс-әрекеттерін шынайы бейнелейді. Ондағы экспонаттар – фотошежірелер, жауынгерлердің туыстарына жазған хаттары, соғыс даласында жазған күнделіктері, солдат формалары, соғыс құралдары – өткен ХХ ғасырдағы қанқұйлы соғыстан қалған белгілер. Бір бөлімі толықтай – соғысқа қатысқан жерлестеріміздің кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ерлігі туралы мәліметтер береді. Біздің қаламызда екі дивизия жабдықталып соғысқа аттандырылған болатын. Олардың бірі 238 дивизия жауынгерлері ең алғаш жау қолынан Мәскеу, Рига қалаларын азат етуге қатысты, соңынан ерлік жолын Прибалтиканы алумен аяқтады. Кейіннен 30 -гвардияшылар атағын алды. 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында құрылған 8-дивизия Днепр бойындағы қалаларды азат етіп, Чехославакиямен аяқтады. Екі дивизия да ерлік істері үшін Қызыл Ту орденімен, 8-дивизия ІІ дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Соғыс кезінде жараланғандарды тез арада айықтырып, армия қатарына қосу мақсатымен арнаулы госпитальдар ашылды. Ең ірі эвагоспитальдар Семейде болды. Олардың саны алтау болды. Мұндағы ЭГ-3593 эвагоспиталь Қазақстандағы протездік бағытындағы жалғыз арнайы мекеме болды, өйткені қол-аяғынан айрылған (ампутация) Кеңес Армиясының командирлері мен жауынгерлері жеткізілетін.
Музейдің бір ерлік тақтасы Кеңес Одағының Семейлік батырларына арналған. Барлығы – 52 адам. Өкінішке орай олардың бәрі бұл өмірде жоқ. Музей келушілерге отансүйгіштік, патриоттық таным-тәрбие беруде маңызды роль атқарады.

Әдебиеттер:

Ақбергенов К. Семейлік 8-дивизияда // Семей таңы.-1995.-4 ақпан.
Семей әндері шарықтады: (тарихи-өлкетану мұражайының көрме залында) // Семей таңы.-2005.-22 сәуір.-14 б.
Сләмұлы А. Семей өңірі еңбекшілері отты жылдарда // Семей таңы.-2005.-22 сәуір.-14 б.
Ілияс Ә. Әскери Медицина отты жылдарда // Семей таңы.-2005.-29 сәуір.

«Еураз-шоу» ән-би театры

«Еураз-шоу» ән-би театры – 1995 жылы еліміздің көрнекті ғалымдары мен әртістерінің ықпалымен ұйымдастырылды. Еуропа және Қазақ мәдениетін, әнін және биін көрермендерге танытуда ұжым мүшелері белсенділік танытып жүр. Шығармашалық жетістіктері:
1998 жылы Қазақстанның солтүстік астанасы Астана қаласының ашылу рәсіміне қатысты.
1999 жылы Алматыда өткен халықаралық би фестиваліне шақыру алып, өнерлерін көрсетіп қайтты.
2000 жылы Алматы қаласында өткен «Транс Арт» атты бірінші халықаралық сахна өнері фестиваліне қатысып қайтты.
2003 жылы Барнауылдағы Қазақстанның Ресейдегі мәдени күндеріне арнайы қатысып өнерлерін көрсетті. «Еураз-шоу» ән-би театрында жоғары дәрежелі маман иелері еңбек етеді. 

Мекен-жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Б.Момышұлы көшесі, 43
Телефон: 52-19-22.

Әдебиеттер:

Асылжанқызы П. «Еураз-шоу» ән-би театры // Семей таңы.-1998.-20 тамыз.
Сейсенбина Ә. «Еураз-шоу» ауыл сахнасында // Семей таңы.-22 маусым.-4 б.

Қалалық мәдениет сарайы
51    Қалалық мәдениет сарайы- 1951 жылы Семей облыстық атқару комитетінің шешімімен ашылған. Көптеген ұлт өкілдерінің басын қосып келе жатқан бұл мәдениет сарайының қаламыздың тыныс-тіршілігінде өзіндік алатын орны бар.

Қалалық мәдениет сарайының мақсаты – жастар мен жасөспірімдерге тәрбиелік мәні зор сахна өмірін бойларына сіңіру болса, жалпы адамның бос уақытын саналы өткізуге ықпал жасау. Сол себептен Мәдениет сарайында 33-тен артық көркемөнерпаздар үйірмелері мен спорттық секциялар, әртүрлі әуесқой бірлестіктер қызмет жасап, 800-ге жуық өнерлі топтың өнерін шыңдайды. Мәдениет сарайында жоғары халықтық атағы бар әр ұлт өкілдерінен құралған 14 шығармашылық ұжым тату-тәтті қызмет етуде. Олар: «Семей тау» фольклорлық ансамблі; «Айнхайт» неміс-би ансамблі; «Ертеш моннары» татар ән-би ансамблі; «Котнаби» ән-би ансамблі; «Истәлік» фольклорлы-этнографиялық ансамблі; «Молодость» ән-би ансамблі; «Истоки» хор ұжымы; Ардагерлер тобы; Қалалық ақындар орталығы; Орыстың ұлт-аспаптар ансамблі; «Русская песня» вокальдық ансамблі; «Назқоңыр» камералық хор ұжымы; «Энтузиаст» драма театры; Үрмелі аспаптар оркестрі. Осы шығармашылық ұжымдар қаламызда аталып өтілетін барлық саяси және мәдени шараларға белсене қатысып отырады.

Қалалық мәдениет сарайында Дәмеш Омарбаева бастаған айтыс және жазба ақындар орталығы талай республикалық айтыстарда жеңімпаз атанды.

Татар ән-биін өркендетуге белсене ат салысып жүрген, Татарстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, әнші-сазгер Ғабдулхақ Ахунжановтың еңбекқорлығының арқасында өнерлі балалар мен үлкендердің басы біріктіріліп ұйымдастырылған «Ертеш моннары» ән-би ансамблі «Сабантуй» мейрамының көркі. Әр түрлі мәдени бағдарламалар ұйымдастырып дарынды балаларды көпшілікке танытуда талмай еңбектеніп жатқан ұжым мүшелері Семей өнерпаздарының өрісін ашып, халыққа танытып отыр. Мұнда әр кезде әр тақырыпта өнер мерекесі, байқаулар өтеді. Соның арқасында жұрт арасындағы талант иелері мен талапты өнерпаздар өз өнерлерін сахнадан көрсетіп қалуға мүмкіндік алады. Қалалық мәдениет сарайы қала халқының рухани өрлеуіне дем беруде алда талай бағдарламалар жасауға белсене ат салысатыны сөзсіз. 

Мекен-жайы:
Б.Момышұлы, 43.
Жұмыс уақыты:
9.00-18.00
Үзіліс:13.00-14.00
Демалыс:сенбі, жексенбі.
телефон:52-38-81;
52-44-29; 52-39-04.

Әдебиеттер:

Асылжан П. Азиза «Жаз аруы» атанды // Семей таңы.-2004.-6 тамыз.-14 б
Қабидоллаұлы М. Қара шаңырақ // Жан құмары.-2001.-23 қараша.-5 б.
Омарбаева Д. Қара шаңырақ түндігін жаңа ашқандай // Жан құмары.-2001.-23 қараша.-1 б.
Тілеухан А. Бүлдіршін таланттар байқауы // Ертіс өңірі.-2003.-14 ақпан.-6 б.


Невзоровтар отбасы мұражайы
47    Қазақстандағы көркемсурет құндылықтарын жинаған ірі мәдениет орындарының бірі – Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайы 1985 жылы құрылған.

Мұражайдың бітім болмысын революцияға дейінгі орыс өнері айқындайды. Мұражай коллекциясы отбасы Невзоровтар атынан сыйлыққа келген 500-ден астам орыс, шетел туындыларынан жинақталды. Оның ішінде ХУІІІ-ХХ ғасыр аралығында дүниеге келген сурет және кескіндеу өнерінің бір топ тамаша туындылары, С.Щедрин, К.Лебедев, К.Брюллов, И.Шишкин сияқты атақты қылқалам шеберлерінің өшпес туындылары бар.

Невзоровтар отбасының коллекциясы өзіндік тарихын тереңнен, сонау ХІХ ғасырдан бастайды. Өнерді терең бағалай білетін отбасы Юлиий Владимирович көп жылдарғы жинақтаған мәліметтерін мұражай қорына тапсырды.

1991 жылы мұражайға Невзоровтар отбасы атауы берілді.

Мұражай коллекциясының қатарын қазақстандық Ә.Қастеев, А.Ғалымбаева,Г.Исмаилов, С.Мәмбеев, Е.Сидоркин, М.Айтбаев, Б. Түлкиев сынды қас шеберлердің туындылары толықтыруда.

Мұражай қорында 3600 өнер туындылары, соның ішінде 1000 экспонат Қазақстан бейнелеу өнері жайында баяндайды.

Мұражай қызметкерлері де үлкен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде тұңғыш каталог жинағын баспаға әзірледі.

Мұражайдың шығармашылық туындылары тек облыс көлемінде ғана емес, Астана, Алматы, Павлодарда да көрермендер назарына ұсынылуда. Мұражай жанында лекторий, балалардың көркемсурет студиясы жұмыс істейді, классикалық музыка кештері өтеді.

1995 жылы Қазақстан мәдениетін дамытудағы зор еңбегі бағаланып Ю.В.Невзоров Елбасының Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. 

Мекен-жайы:
Пушкин көшесі, 108
Телефон: 52-20-07, 52-20-19.
muznevz@yandex.ru
Жұмыс уақыты:
10.00-17.30-ға дейін.
Демалыс күні:жексенбі, дүйсенбі.

Әдебиеттер:

Ескенқызы А. Өнердің ғажап әлемі: (Невзоровтар мұражайы туралы) // Дидар.-2004.-17 қаңтар.-6 б.
Сейсенұлы Д. Әсемдік әлемнің хан сарайы // Егемен Қазақстан.-2001.-30 мамыр.
Тажиева Г. Бір отбасының мұрасы көптің игілігіне айналды // Жас алаш.-1999.-7 желтоқсан.
Шығыс Қазақстан облыстық Семей қаласындағы Невзоровтар атындағы бейнелеу өнері мұражайы: Жолкөрсеткіш.-Семей: «Тенгри», 2003.-203 б.

Семей аймағындағы баспасөз және кітап шығару мұражайы
120    Мұражай – Семей полиграфиясының 150 жылдық мерейтойына орай 2000 жылдың 22 қыркүйегінде ашылған. 1854 жылдың 1 қазанында Семей облысы дүниеге келді. Осы кезден бастап Семейде құрылыс орындары қарыштап дами бастады.

1868 жылы үш қабатты облыстық басқарма ғимаратының құрылысы аяқталып, оған мемлекеттік баспахана орналасты. Мұражай экспозициясы Семей аймағындағы 1850 жылы Семей көпестерінің күш-жігері арқасында құрылған қалалық баспахана тарихымен таныстырады.

Музей экспозициясының бірінші бөлімінде Семейдің ХІХ және ХХ ғасырдағы ғимараттары мен көшелері туралы мәліметтер орналасқан. Экспозицияда сол кездегі ХІХ ғасырдағы әріп теру столы, шрифтер, штамптар, баспа және шрифтердің әртүрлі өнімдері мен өнімдерінің үлгілері қойылған.

«Публикация по Семипалатинской области» тұңғыш мерзімді басылымы 1869 жылдың 3 қаңтарында жарық көрген. 1871 – 1919 жылдар аралығында «Семипалатинские областные ведомости» басылымы тұрақты шығып тұрды.

Бірінші басылымдардың көшірмесі және олардың барлық жылдардағы баспаханада шығуымен мұражайдың «Периодика» (Мерзімді баспасөз) бөлімінде танысуға болады.

Полиграфия жабдықтарының ішінде қызықтыратындары – сирек кезедесетін қондырғы – қолмен қағаз кесетін машина, тигелдьді баспа станогы. 300 жылдық мерзімде ешбір өзгеріске ұшырамаған линотип – механикалық жол құю машинасы қолмен әріп терушілердің қиын жұмысын жеңілдететін компьютер дәуіріне дейін газеттерді жеделдетіп шығаруға өз үлесін қосып келді.

Кез келген кәсіпорынның даңқын арттырып, мақтанышына айналатын кәсіби қызметкерлер. Полиграфистерге арналған тақта баспахана ардагерлерінің өмір тарихымен таныстырумен қатар, өз ісіне дарындылығы мен сүйіспеншілік қасиеттерін сипаттайды.

«Семей Полиграфия» ашық акционерлік қоғамының полиграфия өнімдерінің көптеген түрлері мен мүмкіндіктері де келесі тақтада көрсетілген.

«ХХІ ғасыр» экспозиция тақтасы – қазіргі қол жеткен әлемдік полиграфия және жаңа полиграфия технологиясы мен материалдарының үлгілері мен өнімдері туралы сыр шертеді . 

Мекен-жайы:
Б.Момышұлы көшесі, 20
Телефон: 52-38-71, 52-22-11
Pechat@relkom.ks
Жұмыс уақыты:
9.00-17.00
Демалыс:сенбі, жексенбі

Әдебиеттер:

Кашляк В. Бастау:(Семей өңіріндегі баспахана тарихы туралы) // Семей таңы.-1989.-11 август.
Қазбалинов Т. Ең алғашқы баспахана // Семей таңы.-2004.-3 қыркүйек.-14 б.
Қазбалинов Т. «Ярдамның жәрдемі» // Семей таңы.-2003.-4 сәуір.-13 б.
Қазбалинов Т.Ірі аймақтың хикаясы: (Баспахана тарихы туралы мәлімет бар) // Ертіс өңірі.-2004.-17 маусым.-29 б.


Тарихи-өлкетану музейі
48    Тарихи-өлкетану музейі – Қазақстан және Батыс Сібір музейлерінің ішіндегі ең ірі ғылыми және мәдениет орталығы болып табылады. Оның негізі 1883 жылы 11 қыркүйекте (ескіше) қаланған. Оның алғашқы ұйымдастырушылары болып белгілі зерттеуші ғалым Е.П.Михаэлис, П.Е Маковецкий, Н.И.Долгополов, А.А.Леонтьев, П.Д.Лобановский т.б.жер ауып келген келген зиялылар музей ісін дамытуда жарқын істердің ұйтқысы болған. Комитет мүшелері өлкеде географиялық, этнографиялық және экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, көптеген мәліметтер жинастырды. Батыс-Сібір Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі шығарып тұрған құнды басылым «Записки…» бүгінгі күнде таптырмайтын асыл қазынаның деректеріне сүйене отырып қала тарихында елеулі орны бар түп нұсқалармен танысуға болады.
Сонымен бірге, ұлы ақын Абай Құнанбаев та осы алғаш құрылған тарихи-өлкетану мұражайын ұйымдастырушылардың бірі болған. Сол мұражайға ақын атамыз 60-қа таяу экспонаттар өткізгенін деректер растайды. Оның көбі этнографиялық бұйымдар. Үлкен ас салатын табақ, қымыз құятын құтылар, қобыз, асатаяқ, шоқпар, айбалта, қамшы, кебеже т.б. – мұның бәрі Абайдың өзі тұтынған, қолымен ұстаған заттар.
Американдық саяхатшы, журналист Дж.Кеннан осы өлкетану мұражайына ерекше көңіл бөлген. Көп жылдар бойы музейде География қоғамының мүшелері Б.Г.Герасимов, А.Баландин, И.Власов, Г.Корнилов, жергілікті өлкетанушылар ағайынды Болослюдовтар еңбек еткен.
Музей қаланың ортасында бұрынғы Губернатордың үйінде орналасқан. Бұл ХІХ ғасырдың аяғындағы архитектуралық ескерткіш өзінің тарихи әсемдігімен көз тартады.
Музей экспозициялары алғашқы бесжылдықтар кезіндегі өңіріміздің халық шаруашылығы салаларының құрылып қалыптасуын және даму барысынан сыр шертеді. Стахановтық қозғалыстың алғашқы қолдаушылары Түрксиб темір жолы, ет-консерві комбинаты, кеме жөндеу заводы сияқты алып құрылыстардың салыну тарихымен, еңбек ерлерімен таныстырады.
Мұнда соғыс жылдарының қасиетті ескерткіштері де көптеп кездеседі. Жерлес батырларымыздың жеке заттары, киім-кешектері, қару-жарақтары, сирек кездесетін фотосуреттері мен басқадай документтер кімді болсын толғандырмай қоймайды.
Музей экспозицияларында соғыстар кейінгі бесжылдықтар кезеңін, алға қойған міндеттерді орындау жөніндегі облыс еңбекшілерінің еңбек жетістіктерін баяндайтын мәліметтер мол.
Өңіріміздің ғылымы мен мәдениетінің кешегісі мен бүгіні жайында да құжаттар тың деректер береді.
Музей тақырыптық экспозицияны жетілдіру, музей қорын толықтыру, кештер, кездесулер өткізу, түрлі тақырыптарда лекциялар оқу тәрізді шаралар жүргізеді.

Мекен-жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Абай көшесі, 90.
Телефон:52-21-19, 52-67-32.
Жұмыс уақыты:
Дүйсенбіден-сенбіге дейін.
Әр айдың соңғы күні-тазалық күні.

Әдебиеттер:

Ақынжанов Ф. Музей мұрасы // Семей таңы.-1985.-28 мамыр.
Байғазинова Ф. Өлке тарихы ел тарихы // Семей таңы.-1998.-10 қыркүйек.
Ерсалимов Б. Көнермейтін қазына: (Өлкетану музейіне – 100 жыл) // Семей таңы.-1983.-22 қазан.
Бейсенбаев М. Ағайынды Белослюдовтар жайында бірер сөз // Өркен.-1994.-26 ақпан.-6 б.
Оспанов Д. Зергерлік өнер көрмесі // Семей таңы.-2004.-23 сәуір.-6 б.
Ыбыраева А.Семей мұражайы тарихынан // Қазақ тарихы.-1999.-№2.-27-32 б.

 

«Хиросимадан әкелінген бейбітшілік тасы» ескерткіші

2015 жылдың 29 тамызында Түйемойнақ аралында Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күнге байланысты бейбітшілік акциясы аясында «Хиросима бейбітшілік тасы» бейбітшілік ескерткіші ашылды. «Хиросиманың бейбітшілік тасы» үкіметтік емес қоры 70 жыл бұрын болған Хиросима мен Нагасаки қалаларындағы ядролық жарылыстан кейін қалған тасты Қазақстанға сыйға тартуды жөн көрді. Күншығыс елінің билігі бұл сыйды бейбітшілікті насихаттап келе жатқан елдерге тарту етеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен «Хиросиманың бейбітшілік тасы» маңайында 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізілген Семей қаласының Түйемойнақ аралына орнатылды.

Бұл ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Камахара Масаёси және «Бейбітшілік тасы» Ассоциациясының өкілдері мен ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Биіктігі 3 метр салмағы 100 кг тартатын тас Хиросима қаласындағы жарылыстан 200 метр қашықтықта орналасқан темір жол вокзалында төселген тақта болатын. Ядролық жарылыстардан кейін мұндай тастардың 200 шақтысы жиналып, әрбіреуіне күншығыс еліндегі бейбітшілік нышаны Каннон құдайының келбеті және ағылшын тілінде  «From Hiroshima» – «Хиросимадан әкелінген» деген жазу бейнеленген. Жапония елі бұл тастарды бейбітшілікті насихаттап келе жатқан елдерге ұсынуды жөн көрді. Сондықтан да 1991 жылы Жапонияда «Хиросима қаласындағы бейбітшілік тасы ассоциациясы» құрылған болатын. Мұндай ескерткіш тастар орнатылған елдердің ішінде Қазақстан 108-інші мемлекет болды.

 

Әдебиеттер:

1. Мұратқали Ж. Хиросима бейбітшілік тасы орнатылды  // Семей таңы. – 2015. – 1 қыркүйек. – Б. 1: фотосурет

2. Мағжан А. Ядролық қарусыз әлем – қауіпсіз болашақ  // Ертіс өңірі. – 2015. – 2 қыркүйек. – Б. 6-7: фотосурет