Абай және Пушкин

s09       Абайдың «Татьяна хаты» атты бұл өлеңі терең мағыналы болумен бірге көңілге қонымды, тілге жеңіл болып шыққан. Оған Абайдың өзі әдемі ән шығарып, «Татьяна хаты» ертеден ел арасына кең тарап, айтылып келгені мәлім. Пушкиннің Татьянасы қазақ даласына әкелгеннен кейін екі жылдан соң Абай «Сегіз аяқ» өлеңінде: Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім- деп әдебиет саласындағы күллі істеген істерін қорытындылайды.

Пушкиннің және дүние жүзінің мәдениетімен іштей терең байланысу Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерін, лирикалық өлеңдері мен ақындық толғаныстарын, ақын қызметі жайындағы өлеңдерін жазуына мүмкіндік берді. Абай өзінің поэзиялық көзқарастарында Пушкинмен осылайша туысып жатады. Абай аударған «Евгений Онегиннің» үзінділері қазақ халқына тамаша ұнап, кейін қазақ даласының сүйікті өлеңі болып кетті.

Абай Пушкин шығармаларына үлкен мән беріп «Евгений Онегин» романынан аударған өлеңдеріне ән шығарған. Әсіресе, әнімен айтылатын «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Амал жоқ, қайттым білдірмей»,-деп басталатын өлеңі, «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Таңғажайып бұл қалай хат», «Татьяна сөзі», «Тәңірі қосқан жар едің», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Құп білемін сізге жақпас» және «Онегиннің өлердегі сөзі» 1887-1889 жылдары бүкіл қазақ даласына жайылып, Пушкин романының кейіпкерлері,

Татьяна мен Онегин есімдері сахара халқына сүйікті, етене жақын болып кетті. Абайдың аудармасы арқылы орыс халқының ұлы ақынымен жақындығын сезе бастады, өйткені Пушкин жалғыз орыс халқы ғана емес, басқа халықтардың да өмірін, тұрмысын жете зерттеп, олардың ұлттық ерекшеліктерін өзінің мәңгілік образдарымен көрсеткен. Пушкиннің сондай халықтық ақын болғандығынан қазақ халқы оның творчествосын сүйіп қарсы алды. Абай оған арнап жалынды өлеңдер жазды. Пушкиннің халықтық қасиеттері Абайдың «кеудесіне» қонып кеткен. Пушкиннің тарихи орны, бүкіл шығармашылығының мінез-құлқы Абайға үлгі болған.

Өмір, адам деген тақырып Пушкиннің де, Абайдың да сүйетін, қызық тақырыбы. Екеуі де шын көңілмен жарқын өмір, бақытты, ерікті адам үшін күреседі. Пушкиннің шығармасында да халықтың, еңбекші адамның тілегі көрініп тұрады. Олардың поэзиясында ерлік, туысқандық, намыс, еңбекке, білімге, Отанға деген сүйіспеншілік оттай жалындап тұрады. Абай Пушкин сияқты неше түрлі қиындықтың ортасында өзінің мойымас ақындық дәрежесін таза сақтайды да таптық қоғамның адамның бұзылып бара жатқан кескінін мазақ қылып, көркем сөзімен олардың адамдық қасиетін жоғалтпауына шақырып, жарқын болашақ туралы ой салады, көңілде үміт туғызады.

Абай орыс мәдениетінің шыңына құлаш ұра, жалпы мәдениеттік, жалпы тарихтық маңызы бар бүкіл ұлттық қазына жасайды. Оның Пушкинді аударушы және ағартушылық қызметі, адамгершілік қасиеті жоғары адамның маңызы мен ұлылығы жайлы еңбектері айрықша қазына.

Поэзияның екі алыбы Абай мен Пушкин бізге таңғажайып тұлға, олар өз халқының тарихында тау шыңындай асқақ тұр.

Әдебиеттер тізімі:

Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі.- Алматы: «Ана тілі», 1995.- 272 б.
Мұса С. Абай мен Пушкин // Егемен Қазақстан.- 2006.- 1 сәуір.
Бейсембаев М. Пушкин және Абай // Лениншіл жас.- 1979.-6 маусым.
Мұхамедханов Қ. Өлмес өмір, өшпес есім // Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 6-том.-Алматы: «Ел-шежіре», 2008.-170 б.
Мұхаметқалиқызы А. Абай және Пушкин // Семей таңы.-2009.-9 сәуір.-3 б.
Пушкин біз үшін – орыстан шыққан Абай // Қазақ әдебиеті.-2009.- 31 шілде.-2 б.
Пушкин мұрасының Қазақстан әдебиеттануы ғылымында зерттелуі: библиографиялық көрсеткіш / Құраст.А.Т.Қалиасқарова.-Алматы: «Тау-Самал»,2009.-224 б.
Серікбаев Н. Абай және Пушкин // Семей таңы.- 1971.- 25 мамыр.

Беттер: 1 2 3