Мәсәлімов Мәулімғазы

g17Мәсәлімов Мәулімғазы Омарханұлы 1939 жылы Семей облысының Жарма ауданы Георгиевка селосында туған. 1960 жылы М. Төлебаев атындағы Семей музыка училищесін «Оркестр дирижері» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген.
1966 жылы Томскінің Куйбышев атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Еңбек жолын Семейдегі ет-комбинатының мәдениет үйінің қазақ халық аспаптары оркестрінің жетекшілігінен бастаған. Бұдан кейін жүн өңдеу фабрикасы мәдениет үйінің халық аспаптары үйірмесінің жетекшісі, бұдан соң обьлыстық халық шаруашылық үйінде әдіскер болып қызмет істеген. 1965 жылы облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Семей қалалық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
Оның өмір жолы осы мәдениет саласының дамуымен тығыз байланысты болды. 1970-73 жылдары Семей облыстық филармониясының директоры, 1973-1997 жылдары жылы Семей облыстық мәдениет басқармасының бастығы, 1997 жылдан өмірінің соңына дейін Семей қалалық мәдениет басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды.
Осы уақыт ішінде Семей еліміздегі ірі мәдени орталықтардың біріне айналды. Қазіргі заманға лайық Абай атындағы музыкалы -драма театры, Абайдың мемлекеттік мұражай кешені, Достоевский мемориалдық мұражайы, Невзоровтар жанұясы атындағы бейнелеу өнері мұражайы дәл осы жылдары салынды. Сондай-ақ, М.Масалимовтың қамқорлығы аясында көптеген халық артистері, республика өнеріне еңбегі сіңген қайраткерлер, еңбек сіңірген артистер танылып шықты.
Семей өңірінде мәдениет пен өнерді дамытудағы зор еңбегі, тұрғындарды рухани ізгілікке тәрбиелеудегі жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасының үкімет наградаларымен марапатталды. Бірнеше мәрте халық депутаттары облыстық Советінің депутаты, мәдениет қызметкерлері облыстық комитетінің мүшесі болып сайланды. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.
1998 жылы Семей қаласы әкімінің шешімімен «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Әдебиеттер:

Мәсәлімов М. // Сәдуақасұлы Ә. Семей өңірінің құрметті азаматтары.- Алматы, 2005.- 180 б.
Мәулімғазы Омарханұлы Мәсәлімов // Семей таңы.- 2002.- 15 қараша.- б.8
Мәулімғазы Омарханұлы Мәсәлімов // Дидар.- 2002.- 16 қараша.- б

 

Мусин Роллан Мұсаұлы

g18Мусин Роллан Мұсаұлы 1922 жылы 10 ақпанда Семей облысы, Абыралы ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Семей геолог-барлау техникумын, 1941 жылы Киев геолог-барлау техникумын, 1942 жылы Кемеров атындағы жаяу әскери училищені бітіреді, 1944 жылы Семей педагогикалық институтында білім алады.
Еңбек жолы: 1941-1942 жылы – Батыс Сібір геолог басқармасының геолог-барлаушысы; 1942-1943 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болған. 1944-1961 жылдары – Семей облысы, Шар ауданының Абай орта мектебінің директоры; 1961-1966 жылдары Семей облысы, Шар, Жарма аудандарының аудандық партия комитетінің хатшысы; 1966-1969 жылдары Семей облкомитетінің партия нұсқаушысы; 1969-1985 жылдары Семей қаржы экономикалық техникумының директоры қызметтерін атқарды.
«Құрмет» орденінің иегері, Ұлы Отан соғысы I дәрежелі орденімен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», «КСРО Қаржы қызметінің үздігі», «Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі» атақтарын алған. 2002 жылы 23 қазанда Роллан Мұсаұлына Семей қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

Әдебиеттер:

Мусин Роллан Мұсаұлы // Ертіс өңірінің қаржыгерлері.- Семей: «Интеллект», 2012.- 174-175 б.