Абайтану

img28    Абайтанудың бастапқы кезеңі яғни 1889 жылдан 1933 жылдың аралығы мен М.Әуезов дәуірі яғни 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы даму жолының тарихы осы жолдар авторының «Абайтану тарихы» (1994) мен «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» (1982) деп аталатын ғылыми монографиялық зерттеу еңбектерінде өз көрінісін тапты.
Абайдың әдеби мұрасы жөнінде кеңестік дәуірдің алғашқы кезінде-ақ ақын шығармаларының идеялық нәр алған қуатты арнасы – өркениетті Батыс пен орыс мәдениеті екені танымал пікірге айналған еді. Бұл салада істелген бірсыпыра зерттеу еңбектері орыс әдебиеті мен Абай мұрасының творчестволық байланысы жайындағы мәселені тереңірек ашуда ғылыми ойда елеулі ізденістің барлығын аңғартты.
1941-1951 жылдар аралығындағы зерттеудегі ерекшелік – монографиялық зерттеулердің пайда болуына байланысты бұл тақырыпты бұрынғыдай жалпылама сөз етпей нақтылы зерттеу нысанасына алу арқылы дұрыс тұжырымдар жасалып жатты.
М. Сильченконің 1945 жылғы жүз жылдық мерейтой қарсаңында « Абай» деген атпен басылым көрген еңбегін ерекше атап өтуге болады. Абай өмірбаяны мен әдеби мұрасы туралы орыс тілінде жазылған бұл еңбектің бағалы жағы – ақын мұрасын жүйелі түрде кең насихаттауында жатыр.
40- 50 жылдары Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың қоғамдық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын тереңдеп тексерген еңбектер жарық көрді. Абайтану ғылымына Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы. Дүйсенбаев, Б.Ерзакович, Х.Сүйіншәлиев, М. Мырзахметов, А. Ысқақов, Р.Сыздықова секілді ғалымдар салмақты үлес қосты. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М. Әуезовтың басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет.
Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы деген тақырыпта зерттеулер жүргізу қажеттілігі С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Смайылов, Ә. Жиреншиндер тарапынан да қолдау таба бастады. М. Әуезов пен Қ. Жұмалиевтің ұсынуымен осы тақырыпта 1965 жылы М. Мырзахметұлы тарапынан «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деп аталатын кандидаттық диссертациясы қорғалды. Профессор Т. Кәкішев қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеуге кірісіп, онда абайтану тарихын жалғастыра зерттеудің нәтижесінде «Оңаша отау» (1982) монографиясы басылым көрді.
1965-1966 жылдардан бастап Абай мұрасы туралы зерттеу еңбектер өріс алып, диссертациялық қорғаулар да жиілене түсті. Осы кезден бүгінге дейін абайтанудан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, қырыққа жуық монографиялық ғылыми еңбектердің жариялануы абайтанудың саны мен сапасы жағынан қатар өрбігенін көрсетеді. Бұл әрекет, әсіресе Абайдың туғанына 150 жылдық мерейтой қарсаңында абайтанудың бұрын соңды болмаған қарқынымен алға басты. Тоқсаныншы жылдар басында Абайдың шығысқа қатысы әсіресе исламиятқа қарым қатысы туралы мәселе қайта көтеріліп, Абайдың исламиятқа қатысы мол мораль философиясы, адамгершілік негіздері туралы мәселелер жаңаша бағыт–бағдар ала бастады. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап абайтану саласында жазылған зерттеу еңбектері ғылыми тұрғыдан ұлттық таным негізінде шешуші орынға шыға бастады.
А.Машановтың «Әл Фараби және Абай», Ғ.Есімовтың «Хакім Абай», М. Орынбековтың «Абайдың философиялық көзқарасы», М.Мырзахметовтың «Абайдың адамгершілік мұраттары» (1994) деп аталатын еңбектері Абайдың дүниетанымы туралы күрделі проблемаларды шығыстан ажыратпай қазақтың ұлттық философиясы негізінде қарастыруы арқылы абайтану саласында жаңа бағыт-бағдар ұсынып отыр.
Парижде, Стамбұлда, Мәскеуде, Ташкентте, Вильеюсте, Бішкекте, Қазанда ұлы ақынға арналған салтанатты мәжілістер мен ғылыми конференциялар өткізілді. Абай шығармамалары Түркияда, Пәкістанда, Иранда, Қытайда басылды, француз, ағылшын, неміс және басқа тілдерге аударылды.

Әдебиеттер тізімі:

Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі.- Алматы, 1995.- 272 б.
Әлімжан Е. Абайдың бүгінгі бір тірегі// Егемен Қазақстан.- 2006.- 20 қаңтар.- б.4
Бердібай Р. Абайтанудың көкжиегі// Абай.- 2004.- ?3.- б.1-3
Есім Ғ. Данышпан// Егемен Қазақстан.- 2005.- 15 маусым.- б.4
Искаков Ғ. Абайтанушы // Семей таңы.- 2003.- 13 маусым.- б.6
Исмағұлова Н. Абайтанудың шығармашылық арналары// Қазақстан жоғары мектебі.- 2011.- №4-5.- б.171-173
Кәрібаев Б. Абайтанудағы ақтаңдақтар және реализм мәселесі // Жұлдыз.- 1995.- №11-12.- б.166
Төлебаева Қ. Абайды тану – ұлтқа тану // Семей таңы.- 2010.- 20 мамыр.- б.4

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10