Қараңғы түнде тау қалғып: танымдық түн

24.08.18

23 тамыз  күні ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 173 жыл толуына арналған «Қараңғы түнде тау қалғып»  тақырырыбында кітапханада «Жас Отан» жастар қанатының Семей қалалық бөлімшесімен бірлесіп  танымдық кітапхана түнін ұйымдастырылды.

Танымдық түн аясында «Абайды тану –  мұрат, Абай шыққан биікке талпыну – парыз» –  атты тақырыпта  абайтанушы ғалымдармен, жастармен бейресми сұхбат өткізілді. Бейресми сұхбатқа  абайтанушы, ғалым-зерттеуші Асан Омаров, Этнограф, шежіреші Молдабек Жанболатов, Абайдың жиені Балтабек Ерсалимов  қатысып, жастардың түрлі сұрақтарына жауап берді. Шараға қатысқан Қазақ гуманитарлық-заң университетінің «Серпін» бағдарламасымен түскен 1 курс студенттері сұхбат барысында ұлы ақын Абайды қаншалықты жақсы білеміз?, Шығармаларының түпнұсқасын қаншалықты түсініп жүрміз?, Абай мен оның шығармаларын жастар арасында насихаттаудың қандай тиімді жолдары бар?, Ақынның  оқуға, ғылым, білімге байланысты қай шығармаларын ұнатасыз?,  Ақынның адамгершілік туралы ойлары, ұлы ақынның қандай даналық сөздерін басшылыққа алып, үнемі жадыңызда ұстайсыз?  Абайдың достық, махаббат туралы кемеңгер ойлары туралы не айтар едіңіз? Кемеңгер ойшылдың қара сөздері – даналық мәйегі деген сөзбен келісесіз бе? деген сұрақтар төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Дәстүрлі әнші Зекенов Ақылтай әннен шашу шашып, студенттер ақынның өлең жолдарын оқыды.

Дана Абайдың туған күніне арналған шара Абайдың рухани орталығында жалғасып, қаламыздағы жас айтыскер ақындар, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегерлері Сатыбалдин Манарбек, Алишер Қыдырбек  арасында айтыс ұйымдастырылды. Жас ақындар 1 курс студенттерінің Абай кітапханасына келіп білім алып, Абай шығармаларынан сусындауын  тілге тиек етті.

Жиналған жастар Абайдың рухани орталығындағы «Абай әлем тілдерінде» тақырыбында ұйымдастырылған кең көлемді көрмемен танысты.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Семей қалалық бөлімшесінің жетекшісі Рятов Жомарт Төлеуғазыұлы кітапханадағы Коворкинг орталығымен тығыз қарым-қатынас жасайтындығын айтып,  жастарды орталықтың қызметімен таныстырды.