Абай кітапханасына – 135 жыл: ақпараттық сағат

16.10.18

16 қазан күні Абай кітапханасы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  қаламыздағы технологиялық колледж студенттеріне арнап   «Абай кітапханасына – 135 жыл»  атты тақырыпта  ақпараттық сағат өткізді.

Аталмыш шара барысында кітапхана қызметкерлері  1883 жылдың 3 қазанында  Семей өңірінде облыстық санақ комитеті үйінде  ашылған тұңғыш  қоғамдық кітапхананың  тарихы мен  ашылуы, кітапхана қорында күні бүгінге дейін сақталып қалған сирек қор жайында мәліметтер беріп, «Абай кітапханасына – 135 жыл» атты бейнесюжетпен толықтырды.

Сонымен бірге кітапхананың алтын қорында латын қарпінде жазылған  ғылымның барлық саласын қамтитын 200-ге жуық әдебиеттер қоры жайында, 1929-1940 жж. аралығындағы еліміздің латын әліпбиіне еніп, басылымардың латын қарпінде жария көргендігі туралы, латын қарпіне көшудің маңыздылығы  жайында  ақпарат берілді. Тыңдаушылар   қазіргі таңда  латын әліпбиінің өзектілігі,  қазақ тілінінің әлемдік өркениетте мүмкіндігі мен болашағы жайлы  ойларын ортаға салды.

Бүгінгі таңда  кітапхана ұжымы  сирек кітаптар қорын ерекше  күтіммен сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында талмай еңбек етуде, заман талабына сай жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктерін   меңгере отырып  үздіксіз даму үстінде.