Тыныштықбек тылсымы: кездесу кеші

26.12.18

25 желтоқсан күні Абай атындағы кітапханада белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ақшам хаттары», «Ырауан», «Қас Сақ Аңқымасы» және т.б. жыр жинақтарының авторы, Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жазушылар Одағы ұйымдастырған ақындар мүшәйрасының бас жүлдегер, жерлесіміз Тыныштықбек Әбдікәкімұлымен кездесу кеші өтті.

Кешті мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Мерей Қарт жүргізді. Кеш барысында қонақтар ақынның өз аузынан оның өмірбаяны, шығармашылығы және атқарған қызметтері жайлы естіп, танысты. Шара ақынның өлеңдері, фотосуреттері жинақталған слайд көрсетілімімен, бейне материалдармен сүйемелденді. «Тыныштықбек тылсымы» атты кітап көрмесі жасақталып, шолу жасалды.

Аталмыш шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, Шәкәрім атындағы, ҚазИГЗУ-нің, көсалалы колледждің студенттері қатысты.

Кездесу барысында ақындар Құсмілия Жырғалұлы, Дәмеш Омарбаева, Қарлығаш Әубәкірова ақын жайлы естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды арнауларын арнаса, Бауыржан Игілік ақынның сөзіне жазылған «Сені сүю» әнін гитарамен нақышына келтіріп орындап, кештін көркін қыздыра түсті.

Кеш соңында Тыныштықбек Әбдікәкімұлы осындай тамаша кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымына өз алғысын білдіріп, кеш қонақтарына кітаптарын сыйға тартты.