Көктем келді! Қобыз үні!: мерекелік бағдарлама

15.03.19

Наурыз айының 15 күні  Абай кітапханасында Ұлысты ұлы күні наурыз мерекесіне орай «Сиқырлы қылқалам» және «Шебер қолдар» үйірмесінің қатысушыларына  «Көктем келді! Қобыз үні!» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Мерекелік шара барысында балаларға Ұлыстың ұлы күні туралы ақпарат беріліп,  қатысушыларға ойын бағдарламасы ұйымдастырылды. Кеш барысында наурыз мерекесінің көнеден келе жатқан тарихымен және халқымыздың аса құнды мәдени игіліктерінің бірі ұлттық ойындардың мәні мен мағынасы жайлы ақпарат берілді. Мерекелік шараға қатысушылардың назарына  сазды әуендер ұсынылып, домбырада күй ойналып, ұлттық билер мен  әуендер шырқалды.  Балаларға арнап тәттілерден шашу шашылды,  № 22 мектеп-лицейдің 1 сынып оқушысы  Ерболов Ералы «Мен Қазақпын», «Қазақстаным» әндерін орындаса, Оразбек Гаухар, Кучеренко Элина, Ширшов Дмитрий «Қамажай» және хип-хоп билерін биледі. Мерекелік шарада аудиотаспаға жазылған  ұлттық музыкалық аспап  қобыз үні ойнап, бірнеше шығармалар тыңдалды.

Кітапханамыздың волонтеры Светлана Александровна қатысушылар үшін гитара аспабымен «Мамонтенок» әнін орындап берді. Балалардың арасында қазақтың ұлттық ойындары асық ойнау, қол күрес, арқан тартыс  және т.б. ұлттық ойындар ойнатылды. Мерекелік бағдарламаға орай «Наурыз нақыштары» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге кітаптармен қатар ұлттық қол өнер бұйымдары да қойылды.  Атап айтқанда киіз үй, тайқазан, алтыбақан, аққу, ат, түйе, тостаған балалардың үлкен қызуғышылдықтарын тудырды. Көрмедегі Б. Сарбалаұлының «Бесік жыры-басты жыр», «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер», «Жеті қазына», «Алтыбақан», «Электронды қазақ үй» және т.б. әдебиеттерге шолу жасалынды.

Ұлыстың ұлы  күні «Қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деген ниетпен қатысушыларға дастархан жайылып, наурыз көже мен қазақтың ұлттық дәмдері ұсынылды.