Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Ақп 11

Құнанбай: танымдық сағат

Бүгін  11 ақпан күні Абай  атындағы кітапханада Жидебай-Бөрлі қорық мұражайына қарасты  Бөрлідегі М.Әуезов мұражайының аға ғылыми қызметкері Тәңірберген Гүлзат Сәлемқызы кітапхана қызметкерлеріне, Құнанбай қажы жайлы және М.Әуезов мұражайы жайлы шағын танымдық сағат өткізді.

Шара барысында Құнанбай Өскенбайұлының шыққан тегі, өскен ортасы жайлы кеңінен ақпарат алдық. Әр ісі үлгі-өнегеге толы Зере әженің Құнанбай баласын дәретсіз емізбегенінен-ақ текті атаның тәрбиесі бастау алғаны айтылды. Аға-сұлтан болған шағында Қарқаралыға салдырған мешіті, Меккеде қазақ қажыларына арнап салдырған қонақ үйі төңірегінде сөз өрбіді.

Сонымен қатар Бөрлідегі М.Әуезов мұражайының бүгінгі қалпы, сақталған жәдігерлері, атқарып жатқан қызметтері   жайлы  мағұлмат алдық. Гүлзат Сәлемқызының айтуынша қазіргі таңда аталмыш мұражайда саны 350-ге тарта кітап, 105 шамасында көне жәдігерлер сақталған екен. Мұражай барша келуші қонақтарын айқара ашық құшақпен қарсы алатынын және Жидебайға сапар шеккен жолушының бәрі дерлік бірінші Бөрліге соға өтетінін  мақтанышпен айтқан мұражай қызметкерінің сөзінен білдік.