Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Ақп 28

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін : әдеби сағат

28 ақпан күні  ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай,  кітапхана қызметкерлері  ақынның өнегелі өмірімен таныстыру мақсатында №8 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ««Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты әдеби сағат ұйымдастырды.

Шара басында  балдырғандарға ақынның өмірбаяны, «Абай және кітапхана», «Абай және орыс әдебиеті», «Абай поэзиясы», «Абай бейнелеу өнерінде» т.б. тың ақпараттар ұсынылып, «Әлемге  танылған Абай» атты кең көлемді кітап көрмесіне шолу жасалды.

Мемлекеттік тілді өз ана тіліндей жетік меңгерген, жүздері басқа болғанымен, жүректері  қазақ деп соққан № 20 орта мектебінің 2 және 3 сынып оқушылары Сосновская Дана, Юдина Яна, Болатбекова Миланалар сынды оқушылар  ақынның өлеңдерін қазақ тілінде шабытпен айтып, сөздің мәнісін салмақтай білетін өнерлі өрен екендіктерін көрсете білді. Балалар «Сен Абайды білесің бе?» тақырыбында  әдеби викторинаға қатысып,  ақын  шығармашылығынан  да   жақсы білімдерін көрсете білді. Жас жеткіншектерді шараға дайындап алып келген балалар үйі кітапханасының меңгерушісі Губайдуллина Гүлнұр Берікқазынқызына және  өнерлерімен ерекшеленген балдырғандарға кітапхана ұжымының атынан  алғыс  хаттар табыс етілді.

Сонымен қатар,   «Asyl Art» полиграфияның басшысы,  жас кәсіпкер,  Азаматова  Назерке Адайқызы  жеміс-жидек, шырыннан  фуршет ұсынып,  жас бүлдіршіндердің алғысына бөленді.

Шара соңында балдырғандар  ақынның түнгі табиғат көріністерінің әсем суретін поэзия тілімен өрнектеген,  ақынның шоқтығы биік «Желсіз түнде жарық ай» әнін бірге шырқап, Білім орталығында орналасқан түрлі ойындармен ойнап, көтеріңкі көңілмен тарқасты.