Алашорда – тәуелсіздік бастауы: тарихи-музыкалық кеш
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапхана қызметкерлері 5 мамыр күні Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназиясында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу құрметіне «Алашорда – тәуелсіздік бастауы» атты тарихи-музыкалық кеш өткізді. Кешті «Ертіс толқындары» ансамблі «Алаш маршы» әнімен ашты. Кітапхана қызметкерлері Семей қаласында алашорда қайраткерлерінің ел болашағы үшін атқарған қоғамдық қызметі, алаш тақырыбына қатысты тарихи орындар жайында қысқаша оқушыларға түсіндіріп, Ә. Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айнур Абылқасымова А. Байтұрсыновтың «Аққұм» әнін әуелете шырқады. Оқушылардың сұрауымен «Ертіс толқындары» ансамблі бірнеше әндерді орындап, «Туған жер» әнімен кешті аяқтады. Кеш барысында оқушылар «Алаш» электронды кітапханасымен танысып, алаш қайраткерлерінің еңбектерін, олардың қоғамдық-саяси қызметі туралы жазылған еңбектерді қалай іздеп табуға болатыны көрсетілді. Еліміздің мұражайлар мен мұрағаттарынан келген құнды құжаттармен таныстырып, алаш тақырыбына арналған деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Кеш соңында мектеп директоры Алма Медетқызы Әубәкірова Абай атындағы кітапхана қызметкерлеріне, «Ертіс толқындары» ансамбліне өзінің алғысын жеткізді.