Темекі шегудің зияны: әлеуметтік дәріс
28 қаңтар күні Электротехника колледжінің студенттеріне темекі шегудің зияны туралы әлеуметтік-танымдық дәріс өткізілді.
Дәріс барысында студенттер темекінің Еуразия кеңістігіне таралу тарихымен танысты. Сонымен қатар темекі өнімдерінің құрамындағы никотинді шамадан тыс тұтынудың салдарынан өмірден өткен танымал тұлғалар туралы деректер ұсынылып, денсаулыққа аса қауіпті электронды темекінің зияны жөнінде жан-жақты мәлімет берілді.
Студенттер, әсіресе, жасөспірімдердің темекі тұтынуы тақырыбына ерекше қызығушылық танытты. Себебі никотин жасөспірім ағзасына, оның ішінде мидың дамуына, өсу процесіне, көру қабілетіне, өкпе қызметіне және басқа да өмірлік маңызды мүшелерге аса жойқын әсер етеді.
Темекі шегудің зиянды салдарын көрнекі түрде көрсету мақсатында студенттерге темекінің құрамы, оның әрбір құрамының адам ағзасының жекелеген мүшелеріне тигізетін әсері, бірнеше жыл бойы темекі шеккеннен кейін туындайтын зардаптар, сондай-ақ темекіні толықтай тастағаннан кейін ағзаның қалпына келу үдерісі туралы слайдтар көрсетілді.
«Дені сау адам мен темекі шегушінің өкпесі» атты деректі фильм жасөспірімдерге ерекше әсер қалдырып, темекі шегудің адам денсаулығына тигізетін зияны туралы жан-жақты әрі нақты түсінік берді.
Сондай-ақ студенттерге темекі шегудің зияны жөнінде қосымша оқу үшін Ю.А. Головиннің «Курение и здоровье», Г.В. Морозовтың «Курение как фактор риска», А. Каррдың «Единственный способ бросить курить навсегда» атты еңбектері және осы тақырыптағы басқа да көптеген әдебиеттер ұсынылды.




