Алаш идеясы – Тәуелсіздік жолы: дөңгелек үстел
20 мамыр күні Абай атындағы әмбебап кітапханада «Алаш идеясы – Тәуелсіздік жолы» атты дөңгелек үстел өтті.
Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған, Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының орталығы Жымпитыдан Күнбатыс Алашорда мен Күншығыс Алашорданың астаналарын байланыстыру мақсатында жолға шыққан «Алаш жолымен» тарихи-танымдық экспедициясы Семей қаласына ат басын тіреп, Абай атындағы әмбебап кітапханасында «Алашорда астаналары» атты дөңгелек үстелде бас қосты. Оған ғалымдар, мұғалімдер, өлкетанушылар, кітапханашылар, студенттер қатысты. Шараны Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.М.Аққожина кіріспе сөзбен ашып қатысушыларға жұмыстарына сәттілік тіледі.
Семей мен Жымпитыны байланыстырған Алаш қозғалысының бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында жиналған зиялылар 1917-1920 жылдары алаш үкіметінің ұлт болашағы үшін жүргізген ұлан-ғайыр қызметі, оның қазақ тарихындағы орны туралы зерделі ой-пікірлерімен алмасты.
Алаш қаласы атанған Семей қаласының тарихы, ондағы Алашорда үкіметіне қатысты тарихи орындар, Алашорда Үкіметінің іс қағаздары, алаш қайраткерлерінің қилы өмір тарихы туралы шығарылып жатқан мұралар жайында терең ойлы әңгіме қозғалды.
М.Қозыбаев атындағы тарих және саяси-әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығының директоры, ғалым М.Кәрімов, алаштанушы, журналист М.Кенемолдин, Семейдегі «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Т.Шаңбай, Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының бөлім меңгерушісі Л.Қадырованың берген тарихи мәліметтерін қонақтар аса қызығушылықпен тыңдады.
Батыс Қазақстан облысының Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева жетекшілік етіп келген экспедицияның құрамында тарихшылар, музей қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.
Батыстан келген экспедиция мүшелері Абай атындағы кітапхана жасаған «Алаш» электронды кітапханасымен танысып, болашақта ғылыми негізге айналатындай маңызды ақпараттар мен құнды құжаттарға толы екендігін айтып, тарихи-танымдық маңызы зор шара үшін ризашылықтарын білдірді. Екі жақ құнды кітаптарымен алмасып, ескерткішке суретке түсті.