Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы: кездесу кеші
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мақсаты мен мүддесін қалың бұқараға жеткізіп, кең көлемде насихаттау жұмысына ерекше мән беріліп отыр. Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана қызметкерлері де рухани жаңғыруға өзіндік үндерін қосып, маңызды басқосулар мен келелі кездесулер ұйымдастырып өткізуде. Осы орайда 2017 жылы 19 қыркүйек күні жергілікті ақын, журналист жобаны насихаттау тобының мүшесі Е.А. Титаевпен «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Шара барысында ақын Елбасының бағдарламалық мақаласына байланысты өз ой-пікірін білдіріп, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, жалпыұлттық патриотизмді дәріптейтін «Туған жер» бағдарламасы, ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін көрсететін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы туралы және ел болашағы үшін үлкен міндеттер жүктейтін мақаланы жұртшылыққа жеткізіп, маңызды бағдарламаның мән-маңызын саралап айтып береді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары елімізде «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары аясында атқарылған істер мен еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы барысында атқарылатын істер жайында баяндады. Кешке қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Аталмыш кездесу кешіне қаламыздағы оқу орнының студенттері, кітапхана пайдаланушылары, БАҚ өкілдері қатысты. Шара соңында арнайы дайындалған «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасалды.