Ұлт зиялылары мұралары-латын қарпінде: сирек кітаптар көрмесі
Кітапхана қызметкерлері қаламыздағы Жақия Шайжүнісов атындағы электронды колледжінде өткен «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты ғылыми конференцияға «Ұлт зиялылары мұралары-латын қарпінде» атты сирек кітаптар көрмесімен қатысты. Ғылыми конференция қатысушыларына, яғни бүгінгі таңда білім алып жатқан жас буын өкілдеріне «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында көшкелі отырған латын әліпбиі жайлы ақпаратпен таныстырып, еліміздің 1929-1940 жж. даму кезеңін қамтыған латын қарпінде жария көрген сирек қор әдебиеттерінің көрмесін ұсындық. Студенттер жаңа әліпбидегі қаріптермен салыстырып, өзгешеліктерін анықтап жатты.
Ретро-көрме ғылымның барлық саласын қамтыған әдебиеттерден тұрып, сол тарихи кезеңдегі еліміз дамуының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тіршілігінен ақпарат беретін ұлт зиялыларының зерттеулері, ғылыми еңбектері көрініс тапты. Оқу-білім салаларындағы әдебиеттер Қ.Басымұлының, С.Аманжоловтың, Қ.Жұбановтың, Т.Шонановтың, Т.Арыстанбековтың, Ә.Ермековтың, М.Әуезовтің құрастырған сауаттандырғыш оқу құралдары мен оқулықтар ерекшелендірді.
Әсіресе, әйгілі 37-нің құрбандары С.Сейфуллин, Х.Есенбайұлы, І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов, А.Сейітов, А.Маметов, Ұ.Құлымбетовтың, Т.Шонанұлы, Б.Майлин сынды ұлт зиялыларының көзі тірісінде баспа көрген шығармалары, авторларының ауыр тағдырлары жастар зердесіне ой салар сирек жәдігерлер болды.
Кітаптар көрмесі латын қарпіндегі «Әдебиет майданы», «Комсомол пропагандисі» журналдары мен «Социалистік майдан», «Екпінді Алтай» сияқты Шығыс Қазақстан облыстық аудандық газеттер тігінділерімен толықты.
Көркем әдебиет мольбертке QR-кодымен безендірілген Абай Құнанбайұлының 1936 жылы Р.Жаманқұловтың редакторлығымен баспа көрген «Таңдамалы өлеңдерімен» басталып, ұлт зиялылары, алаш арыстарының көзі тірісінде жария көрген өте сирек кездесетін басылымдарымен ұсынылды.