«Прииртышье» – зерттеу мен табысқа жетелеген 15 жыл: өлкетану қонақжайы
17 ақпан күні Абай кітапханасында өткен өлкетану қонақжайы 2004 жылдың ақпан айында ірге көтерген «Прииртышье» өлкетану қоғамының зерттеу мен табысқа толы 15 жылдық мерейтойына арналды. Аталған он бес жыл ішінде әртүрлі мамандық иелері, әртүрлі ұлт өкілдері өлкемізді зерттеу тарихын тану ісінде бас қосып, қала тұрғындары мен оқушылар арасында ағартушылық қызмет атқарып келеді.
Бүгінгі күні «Өлкетану қонақжайы» үш мекеменің – «Прииртышье» өлкетану қоғамының, «Туған қалам» Қоғамдық Қорының және Абай атындағы кітапхананың жобасы болып, өз өлкесі жайлы білгісі келетін тұрғындардың ықыласпен жиналатын сүйікті шарасына айналып отыр. Шара барысында мерейтой иелері қызықты табыстарын ортаға салды: Талица, Белокаменка форпосттары, Көкентау тасқа салынған суреттері, Делбегетей бекеті, Семейтаудың «Мұртты қорғандары», Семей геоглифі, Шар жәрмеңкесінің орны және басқа да көптеген қызықты мағлұматтар айтылды.
Шараға қатысушыларға Абай атындағы кітапхана ұжымы мен «Прииртышье» өлкетану қоғамының әзірлеген фото суреттер мен мерзімді басылымдардан, баспа туындыларынан, өлкетанушылар археологиялық іздеу барысында тапқан тарихи артефактылардан тұратын кең көлемді өлкетану басылымдарының көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар кітапхана қорынан қаламыздың тарихы жайлы кітаптар сериясы мен 1965 жылы Өлкетану Қоғамының мүшесі Виктор Николаевич Кашляктың жариялаған алғашқы мақаласы да көрмеден көрініс тапты.
Шараға 100-ден аса қала тұрғындары жиналып, басты қонақ қала әкімі Ермак Бидахметұлы Сәлімов болды. Е.Б.Сәлімов мерейгер өлкетанушыларға осындай қызықты істерінде шығармашылық табыс тіледі, ал өлкетанушылар өз тарапынан қала әкіміне салтанатты түрде Өлкетану Қоғамының мүшелік куәлігін табыс етті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында қала тұрғындарының өз өлкесін тану, зерттеу ісіне ықыластары оянып, қызығушылықтары туындауда.