Кенжебек Байгужинов: әр түрлі жылдардағы өлеңдер: поэтикалық кеш
Абай кітапханасында 08 сәуір күні ақын Кенжебек Байгужиновтың шығармашылығына арналған «Кенжебек Байгужинов: әр түрлі жылдардағы өлеңдер» атты поэтикалық кеш өткізілді.
Кенжебек Байгужинов 1956 жылы 08 сәуірде кенші отбасында дүниеге келген. Ол дарынды ақын, жазушы, публицист, сонымен бірге Зият Шәкәрімов шығармаларын кәсіби аударушы. «Покорение вершин», «Красные ренегаты», «Нежность», «Молитва любви», «Свобода», «Одинокие пароходы», «Стихи на Арбате» атты жыр жинақтарының авторы. Кенжебек Ақанұлы Олжас Сүлейменовтің шығармаларына арналған «Трибунал мысли» атты әдеби мақалалар жинағының редакторы. К.Байгужиновтың шығармашылығы – терең ой мен нәзік сезімнің көрінісі.
Поэзия кеші қазіргі заман поэзиясының дамуына және танымал болуына ықпал ететін «Тірі ақындар» әдеби кплатформасының аясында өткізілді. Поэзия кешінің шымылдығын К.Байгужинов өзінің жаңа туындысы «Батыр» өлеңімен ашты. Іс-шара барысында №2 орта мектептің оқушылары Кайшбаева Камилла мен Аринова Сабина және классикалық гитара сыныбының оқушылары Воронкина Виктория мен Терновая Ангелина ақынның өлеңдерін оқыды. Өз өлеңдерін нақышына келтіре оқыған кеш иесі поэзия сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ақынның досы Николай Никитин қатысушыларды Кенжебек Ақанұлының шығармашылығымен таныстырып, досының өлеңдерін оқып, оған «Поэт» атты өлеңін арнады.
Кешті ақынның шығармашылық қырын кең ашып көрсететін «Я дарю вам свой мир …» атты бейнежазба толықтырды. Поэзия кешіне ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, қаламыздың колледж студенттері мен поэзия сүйер қауым қатысты.
Кеш соңында сөз алған Кенжебек Байгужинов өзінің шығармашылығын «Елім туралы және адамдардың тыныс-тіршілігі туралы мен өмірден алып жазамын» деп сипаттап, шараға қатысушыларға алғысын білдірді.