Ән – домбыра: элегия сазды кеші
Абай кітапханасында 10 сәуір күні «Шабыт» әдеби клубының аясында дәстүрлі ән өнерінің бәйтерегі, жазушы, өнер зерттеушісі, қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтың туғанына 70 жыл толуына орай дүлдүл әншінің өнері мен шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында «Ән – домбыра» атты элегия сазды кеші оқырмандар назарына ұсынылды. Шараға қатысушы қонақтарды әнші туралы кітапхана қорында сақталған әдебиеттер, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалардан жасақталған «Ән – домбыра» аты кең көлемді кітап көрмесі қарсы алды.
Жәнібек Кәрменов өзіндік ән орындаушылығымен ерекше көзге түсіп, халық композиторларының шығармашылық өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіруге үлкен үлес қосқан. Кезінде Қазақ радиосы мен теледидары арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр туралы хабарлар жүргізген. Оның өнер тақырыбына арналған «Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні», «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» сынды кітаптары жарық көрген.
Кешке әншінің апайы Рымғайша Кәрменова, бауыры Амангелді Смағұлов және әншінің көзін көрген аға буын өкілдері, замандастары қатысып, әншінің өнегелі өмірінен естеліктер айтты.
Әншінің бала күнгі досы, халқымыздың Ақбаяны атанған әнші Баян Сағымбаеваның, замандасы Мұрат Әлиннің, бауыры Амангелді Смағұлов айттқан естелік әңгімелері өте әсерлі болды. Жәнібектей жампоздың алдын көрген шәкірттерінің бірі, Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншілері Мейрамбек Ахметов, Берік Омаров сынды дәстүрлі әншілер Жәнібек салған әндерді орындап, сыр-сұхбаттарымен бөлісті.
Шара барысында Ұлттық арнаның «Сәуле – ғұмыр» телебағдарламасынан әншінің жары мен балалары және «Жәнібек ән салады» спектаклінің авторы, жерлес жазушымыз Дәулет Сейсенұлының берген сыр-сұхбаты, «Асыл мұра» телевизиялық циклінен әншінің орындаған әндерінен үзінділер қатысушы студент-жастардың әншінің өнегелі өмірін терең танып білуіне ықпал етті. Білгілі дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиевтің осы кешке арнайы жолдаған бейнесюжеті жастар үшін маңызды сюжет болды. Әншінің ұлы кішкентай Шаһкерімнің әкесіне жазған сағыныш хатын М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенті Мүрсәлім Серік нақышына келтіре оқып, кеш қонақтарының көңілінен шықты.