Абай кітапханасының жауһар басылымдары: әдеби экспозиция
26 сәуір күні ҚР Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев Семей қаласында іс-сапарда болып, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде қаланың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Ел Президентіне Абай атындағы кітапхананың қорындағы әдебиеттерден әдеби экспозиция ұсынылды.
«Абай оқыған кітаптар», «Латын – құнды мұра», «Абай әлемі» тақырыптарындағы әдеби экспозицияның бөлімдеріне шолу жасалып, құнды кітаптар таныстырылды.
Заманында қоғамдық кітапхананың тұрақты оқырманы болған, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев оқыған А.С.Пушкин, Ю.М.Лермонтов, Л.Н.Толстой, В.А.Жуковскийдің, М.Е.Салтыков-Щедрин, И.А.Крылов сынды орыс классиктері мен Гете, Шекспир, Байрон сынды батыс классиктерінің шығармаларымен және «Вестник Европы», «Наблюдатель», «Руский вестник», «Русская мысль», «Русская речь», «Исторический вестник», «Новости», «Новое время», т.б. журналдарымен танысты. Ақының ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге көзқарасын өзгерткен Спенсер, Тэйлор, Уоллэс, Милль шығармалары жайлы айтылды.
Кітапханамыздың сирек қорында сақталған әртүрлі ғылым саласын қамтыған латын қарпіндегі кітаптар таныстырылды. Абайдың 1936,1939 жылдары жарық көрген шығармалары, Әлімхан Ермековтің қуғын-сүргін зардабымен арпалыса жүріп жазған «Ұлы математика курсы» еңбегі, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әмірқан Ситдықов бірігіп жазған «Сауаттандырғыш» оқыулығы және қазақ зиялыларының көзі тірісінде жарық көрген көркем шығармалары жөнінде ақпарат берілді.
Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Абай әлемі» кітаптар топтамасы таныстырылып, әр кітаптың маңыздылығы мен ерекшелігі туралы айтылды.