Отан қорғаушы батыр ̶ жерлестер: ерлік сағаты
Абай атындағы кітапхананың оқу залы бөлімінің қызметкерлері 3 мамыр күні Семей қаласы «Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі» студенттеріне 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне арналған «Отан қорғаушы батыр ̶ жерлестер» атты тақырыпта ерлік сағатын өткізді.
Бүгінгі жас ұрпақтың бойында Отанына, еліне, жеріне деген патриоттық сезімдерін ояту, жастарды адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында студенттерге Ұлы Отан соғысы мен Семейлік жерлес батырлардың ерлік істері таныстырылды.
Шарада ҰОС-да қасық қаны тамғанша жауға қарсы ұмтылып, қаза болған жауынгерлердің тізімі жазылған бейнеролик ұсынылып, ерлік сағаты 1 минут үнсіздіктен басталды.
Кітапханашы мамандар соғыс жылдарында халқымыз қандай қиыншылықтардан өткені жайлы, Ұлы Отан соғысы жылдарында Семей қаласына эвакуацияланып келген госпитальдар, Семейде құрылған атқыштар дивизиялары туралы, Семейлік жерлес батырларымыз, олардың Отан қорғаудағы көрсеткен ерліктері туралы ақпараттар берді.
Колледж студенттеріне Ұлы Отан соғысы жылдарында халық басына төнген тауқымет пен қасірет жайлы мағлұмат беретін, Ұлы Отан соғысы майдангерінің соғыс күндерін еске алуы жайлы «Ер есімі – ел есінде» атты бейнесюжет ұсынылды.
Сонымен қатар аталмыш колледждің 1961-1964 жылдар аралығында директоры болған Кеңес Одағының батыры К. Шакенов және Ж. Молдағалиев, Ә. Ыбыраев туралы жайлы мағлұматтар берілді. Ерлік сағаты Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты әнімен аяқталды.
Ерлік сағатында «Отан қорғаушы батыр – жерлестер» атты тақырыпта слайд-презентация көрсетіліп, «Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды.