Жасанды интеллект – заман талабы: сұхбат алаңы
14 қаңтар күні Абай кітапханасында IT саласы мамандарының қатысуымен «Жасанды интеллект – заман талабы» тақырыбында танымдық сұхбат алаңы ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауына орай өткізілді. Бұл бастама елімізде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға серпін беріп, қоғамның барлық саласында инновациялық шешімдерді кеңінен енгізуге бағытталған.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасанды интеллекттің қазіргі даму үрдістері мен болашағын талқылау, оны білім беру, ғылым, өндіріс және басқа да салаларда қолдану мүмкіндіктері жөнінде тәжірибе алмасу, сондай-ақ көпшілікке жасанды интеллекттің маңызы мен әлеуетін түсіндіру.
Іс-шараға Әлихан Бөкейхан университетінің ақпараттық технологиялар жөніндегі проректоры, Ақпараттық-техникалық ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Кәріпжанова Ардақ Жұмағазықызы, Abai IT-Valley аймақтық технологиялық кластерінің директоры, IT білім беру, цифрлық технологиялар және аймақтық инновациялық жүйелерді дамыту саласының маманы, PhD докторы Наурызбаев Бауыржан Аманғазыұлы және Abai IT-Valley өңірлік технологиялық кластерінің білім беру бағытының менеджері, IT білім беру саласының маманы Мазов Асет Мирханұлы қатысты.
Кездесу барысында спикерлер жасанды интеллекттің білім беру жүйесіне ықпалы жөнінде ой бөлісті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды.








