Мерейлі отбасы: ұлттық байқаудың қалалық кезеңі
Осымен 4 жыл қатарынан Абай кітапханасы «Жанұя орталығы» ҚҚ бастамасымен өткізілетін Отбасы күнін ұйымдастыруға белсене қатысып отыр. 15 мамыр күні дәстүр бойынша Халықаралық отбасы күні «Мерелі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өтті. Байқау моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге және отбасы мен неке туралы оң имиджді дамытуға, жастардың арасында отбасының мәртебесін көтеруге бағытталған.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары А.С. Садырбаев қатысты. Сайысты қала әкімі жанындағы әйелдер мен отбасы-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия, Абай кітапханасы, Семей Достық үйі қолдады.
Әрбір отбасы байқаудың 3 кезеңін өткізді: «Визит карточкасы» – отбасылар өздерінің жетістіктерін таныстырды, бос уақыттарын қалай өткізетіндіктері мен әуесқойлықтары туралы әңгімелеп, шағын сахналық көрініс қойды. Байқаудың келесі кезеңінде қатысушылар дағдарыстық жағдайлардан қаншалықты тез әрі шебер шыға алатындықтарын көрсетті. Байқаудың соңғы кезеңі қатысушылар арасында би сайысы болды, қатысушылар әлем халықтарының билерін билеу арқылы өздерінің шығармашылық қуатын көрсетті.
Лық толы залдың басты көрермендері осы байқауға арқау болған жастар еді. Олар отбасылық жарасымдық пен қолдаудың, жылулық пен сүйіспеншіліктің, сенімділік пен батылдықтың куәсі болды.
Байқау қорытындысы бойынша Құрманғалиевтер отбасы бірінші орынды иеленді (жүлде – кір жуғыш машина), екінші орынды Қарамерденовтар отбасы (тоңазытқыш) иеленсе, жүлделі үшінші орынды Асқаровтар отбасы (тігін машинасы) иеленді. Байқаудың жеңімпазы Құрманғалиевтар отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне қатысуға мүмкіндік алдыі. Оларға сәттілік тілейміз!