Ұлы дала перзенттері: сыйға берілген кітаптар
16 шілде күні Абай атындағы кітапхананың қоры «Ұлы дала перзенттері» атты 7 томдық кітаптың 26 данасымен толықты.
Кітаптың авторы 89 жастағы Мүтікен Қапанұлы Ошыбаев Семей қаласындағы КММ «Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесінде» тұратын қазақ әдебиеті мен туған жерінің тарихына үлкен үлес қосқан азаматтардың бірі. Автор туған жер тақырыбындағы құнды басылымдарын сыйға тартты.
Мүтікен ата білімі бойынша математика пәнінің мұғалімі, көп жылдар бойы туған жерінде ұстаздық еткен және кітап жазу сүйікті ісі болып табылады.
Кітаптарын сыйлау кезінде Мүтікен Қапанұлы өзінің еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті, өткен ғасырдың 80-ші жылдарында осы кітаптарын жаза бастағанын айтып өтті.
Автордың жеті томдық жинағында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің өмірін, сол кездегі халықтың тыныс-тіршілігін көрсететін шынайы оқиғалар қаз-қалпында суреттелген. Жазушы өз шығармаларын жазуда көп жылдар бойы туған жер, өлке туралы тарихи мәліметтерді жинақтаған.
Сондай-ақ, жинаққа қоғамның дамуы тақырыптарына арналған философиялық және психологиялық зерттеулері, табиғатқа, анаға, туған жерге арналған өлеңдер енгізілген.
Мүтікен Қапанұлы Ошыбаевқа кітапханамызға сыйға тартқан кітаптары үшін және кітапханамыздың оқырмандарына қызықты да, құнды шығармалармен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреміз.