Ғасырлармен үндескен асыл қазына: жылжымалы кітап көрмесі
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 174 жылдығын мерекелеу аясында Абай атындағы кітапхана қызметкерлері кітапхананың сирек басылымдар қорында сақталған заманында Абай оқыған басылымдарды шалғайдағы оқырман қауымға таныстыру мақсатында Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларына библио-керуенмен аттанды.
Әріптестеріміз бүгін Павлодар қаласындағы С. Торайғыров атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына тоқтап, «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты әдеби экспозияциялық жылжымалы кітап көрмесін жасақтады.
Шараға қатысқан облыстық және ауылдық кітапханалардың қызметкерлері мен кітапхана оқырмандары ғұлама ақын пайдаланған, XVIII ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жария көрген құнды әдебиеттермен танысты. Шығыс өңірі және ХХ ғасыр басындағы дала аймағын зерттеушілердің еңбектері мен қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың шығармалары жайында мол мағлұматтар алды.
Әдеби көрменің «Семей – ғасырлар тоғысында», «Абай тұлғасы сирек басылымдарда» бөлімдерінен орын алған басылымдар арқылы ғұлама ақын тұлғасына қатысты аса сирек кездесетін өлкетану дереккөздері-түпнұсқалармен қауышты.
«Абай таныған кәусарлар» бөлімінде қоғамдық кітапхана сөрелерінен Абай оқып танысқан батыс ойшылдарының еңбектерімен, орыс классиктер шығармаларының үздік үлгілерімен, Абай Құнанбайұлының 1936 және 1939 жылдары баспа көрген латын қарпіндегі «Таңдамалы» өлеңдерімен және «Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген Абайдың қазақ және орыс тілдеріндегі шығармаларымен танысты.
Қатысушыларға куар-кодталған шығармаларды мобильді қосымшаға жүктеу мүмкіндігі бар үлестірме материалдар таратты.
Ғасырдан ғасырға алып келе жатқан рухани мұрамызбен әріптестеріміз Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына жол тартты.