Ақын және журналист: кітап көрмесі
14 тамыз күні Абай атындағы кітапханада ақын, журналист, аудармашы Сәбит Дөнентаевтің туғанына 125 жыл толуына орай оқырман қауымды кітапхана қорында сақталған ақынның шығармаларымен таныстыру мақсатында «Ақын және журналист» атты кітап көрмесі өткізілді.
Қатысушылар үшін көрмеден орын алған кітапхананың сирек басылымдар қорында сақталған орта мектептердің 6 және 7 сыныптарына арналған 1939 жылы латын қарпімен басылған «Әдебиеттік оқу кітабы» қатысушылар үшін тосын сый болды. Кітапхана қызметкерлері бұл басылымдарда жарық көрген Сәбит Дөнентаевтың «Заман кімдікі», «Ерікті Айша», «Бозторғай», «Бай мен комсомол», «Қайтіп қарғыс алмайсың», «У жеген қасқыр» өлеңдерінің мазмұнымен таныстырды. Қатысушылар ақынның «Бозторғай» атты жинағындағы ақын қаламынан туындаған сатиралық өлеңдері мен реалистік шығармаларын, 1957 жылы жарық көрген 1912-1918 жылдары жазылған поэтикалық шығармалары енген кітабын парақтап, оның шығармаларымен терең танысты. Ақын шығармашылығы туралы жазылған Б.Ысқақовтың «С.Дөнентаевтың ақындық жолы», Ш.Оңғаровтың «Ғасырдың құрдас сырласы», Д.Әбіловтың «Ой толғауы» кітаптарынан мол мағлұмат алды. Көрмеге ақын шығармашылығы туралы 1960-1970 жылдары «Жұлдыз», «Простор» журналдары мен 2000 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде жарық көрген мақалалар ұсынылып, шолу жасалды.
Шараға облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Мирас Құсаинов қатысып, Сәбит Дөнентаевтың Семей қаласында «Қазақ тілі» газетінде жасаған қызметі, ақынның латын қарпіне көшу мәселесін қолдағандығы, қазақ әдебиетіндегі фельетон, сықақ, әзіл-қалжың, мысал жанрының дамуына қосқан үлесі жайында баяндады.
«Егемен Қазақстан» және «Дидар» газеттерінің тілшісі, журналист Раушан Нұғманбекова С.Дөнентаевтың өлеңдерінің тақырыбына тоқталып, Семей жеріне жерленгендігі жайында газет беттеріне шыққан мақалалар жайында әңгімелеп, жастарды ақынның өлеңдерін ұмытпай, тағылымды шығармаларынан рух алуға шақырды.
Кітапхана қызметкері Анар Оспанова ақынның «Менің жайым» өлеңін нақышына келтіре орындады.
Көрме тамыз айының соңына дейін өз оқырмандарын күтеді.