Тіл мемлекеттің тұғырлы тірегі: көрме шолу
22 қыркүйек Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне орай, 19 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында «Тіл мемлекеттің тұғырлы тірегі» тақырыбында тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы жетістіктерді паш етуге бағытталған кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге ҚР тіл туралы заңы, А.Байтұрсыновтың «Тіл тағлымы», Н.Ә.Назарбаевтың «Ой бөлістім халқыммен» кітабынан алынған ана тіл туралы цитаталар, А.Ә.Османның «Тіл тәуелсіздігі –Ел болашағы», Ө.Айтбайұлының «Тілтірек», М.Балақаевтың «Қазақ тілі мәдениеті», Д.Махаттың «Тіл мен діл тағдыры: Тарихи деректер, уақыт бедері, және ақиқат», «Мемлекеттік тіл ұлттық бірегейлік негізі», З.Ш Ерназарованың
«Мемлекеттік қызметшілерге арналған үш деңгейлік оқу құралы» және т.б. кітаптармен қатар түрлі сөздіктер мен мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалар қойылды.
Ұсынылған әдебиеттерге кітапханашы шолу жасап, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі біздің елімізде тұратын барлық азаматтардың туыстығы мен бірлігінің, достығының белгісі екендігін, тіл саясаты республика аумағында тұрып жатқан бүкіл этностардың мәдени мұраларын дамытуға бағытталғанын тілге тиек етті.
Көрме қыркүйек айының 19-25 аралығында оқырман қауымға ұсынылатын болады.