Іші алтын, сырты күміс сөз зергері: онлайн кездесу
2013 жылдың 16 тамызында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында Абайдың туғанына 168 жыл толуына арналған әдеби бейнекөпір Ақтөбе облысы, Қобда аудандық орталық кітапханасы ұжымының сұрауы бойынша ұйымдастырылды.
Өткізілген күні: 2013 жылдың 16 тамызы. Өткізілген орны: Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы. Қатысушылар: зерттеуші ғалымдар, ақындар, өлкетанушылар және кітапханашылар қауымы. Қатысушылар саны: 17 адам. Шараның мақсаты – онлайн қатысушыларын киелі Шыңғыстаудың тумасы ұлы Абайдың азаматтық, қайраткерлік, ақындық тұлғасын таныту және ақын оқыған кітаптармен таныстыру. Күтілетін нәтиже: қашықтағы тыңдарман қауымды ұлы Абайды тереңінен білулеріне жағдай туғызып, семейлік зерттеушілердің пайдалы ақпараттарын тыңдата отырып, кітапхананада оқыған сирек басылым қорындағы құнды әдебиеттермен танысуын және өз еңбектеріне пайдалануын қамтамасыз ету.
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы тарапынан ғалым М.Сұлтанбеков, Абай қорық мұражайының ғылыми қызметкері М.Жүнісова, тарихшы ғалым А.Исин, №5 мектеп гимназиясының 4 сынып оқушысы Р.Сембекқызы, ақын, мәдениет жанашыры Қ.Нұрқасым қатысты.
Ақтөбе облысы, Қобда аудандық кітапханасы тарапынан: аудандық орта мектеп мұғалімдері, оқушылары, ауыл тұрғындары және кітапханашылары қатысты.
2013 жылдың 16 тамызында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында Абайдың туғанына 168 жыл толуына арналған әдеби бейнекөпір Ақтөбе облысы, Қобда аудандық орталық кітапханасы ұжымының сұрауы бойынша ұйымдастырылды.
Тыңдаушылар Абай Құнанбаев туралы тың деректерге қанық болды. Ақындығымен қатар, қайраткерлік қызмет жасаған Абай заманында ұсақ-түйек тартыстан бастап ел ішіндегі дау-жанжалдарға билік айтып, ел басқару ісінде патша үкіметі чиновниктері санасатын үлкен тұлға болды. Осыған байланысты ақынның ел басқару қызметі туралы Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Майкен Қазбекқызы Жүнісова әңгімелеп берді. Ғалым әдебиеттанушы Мұрат Рахымжанұлы Сұлтанбеков сөз алып, Абайдың дүниежүзілік поэзиядағы алатын орны туралы баяндады. Ұлы ақынның Мағауияға 1896 жылы жазған хатының табылуы туралы тың деректеме жайында тарихшы-ғалым Амантай Исин хабардар етті.
Кезінде Абай оқыған бағалы кітаптарға кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі Ж.Ә.Манжибаева шолу жасады. Осыдан кейін дарынды бүлдіршін қыз № 5 мектеп гимназиясының оқушысы Сембекқызы Рауат «Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма?» өлеңін мәнерлеп айтып қонақтарды сүйсіндірді. Мәдениет жанашыры, ақын Қ.Нұрқасым өзі шығарған «Абайға мұң» толғауын домбырамен нақышына келтіріп айтты.
Қобда аудандық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі, екі мәрте облыс әкімі сыйлығының иегері Болатхан Елшібай сөз алып, ұлы ақынның өнегелі шығармаларымен шәкірттерін сусындатып жатқаны туралы, кітапханашы Нәзира Күлтайқызы ақын шығармаларының өз жерлерінде насихатталып жатқан шаралары туралы мағлұматтармен таныстырып өтті. Онлайн қатысушылары қасиетті Семей елінің ғалымдарының, өлкетанушыларының айтып берген әңгімелеріне ризашылығын білдіріп, болашақта тағы да кездесіп Қобданың тумасы, Совет Одағының батыры Әлия Молдағұлова туралы кездесу өткізсек деген ойларын жеткізді. Батыс пен Шығысты рухани байланыстырған осы әдемі кездесу екі жақты риза қылған мәнді отырыс болды.