Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы: оқырмандар конференциясы
Бүгін 22 қазан – Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нүрпейісовтың туған күні. Елімізде жазушының сүйікті оқырмандары сүйікті жазушысының шығармаларын оқып дәріптеуде.
Осы мерейтойлы күнде Абай атындағы кітапхана Ә.Нұрпейісовтің өмір жолы мен шығармашылығын дәріптеу, тарихи саналарын дамыту мен отансүйгіштікке тәрбиелеу және елімізде кітап оқуды дамыту мақсатында жазушының «Қан мен тер» трилогиясы бойынша оқырмандар конференциясын ұйымдастырды.
Шараға М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жазушының қызылордалық жерлестері қатысты.
Шара барысында студенттер тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған шығармаға арқау болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзімді, патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбетін, романдағы авторлық мақсатты, сюжеттік арналарды, көркемдік зерттеу нысандарын қызу талқылады. Арал теңізі өңіріндегі жандардың ел тұтастығы мен егемендігі үшін күреске шығуы студенттерге қатты әсер қалдырды.
Студенттер трилогиядағы басты кейіпкерлер Еламан, Рай, Мөңке, Қален, Төлеу отбасы, Тәңірберген, Федоровтар әулеті, штаб-капитаны Рошаль, орыс жұмысшылары, Сүйеу қарт, Судыр Ахметтердің әр от басындағы тіршілік дағдыларын, психологиясын, рухани өмірлерін тереңдеп бейнелеуі турасында ойларын ортаға салды.
Осы конференция қызылордалық студенттердің роман желісі бойынша талдаған өздеріне таныс жерлері мен жер-су аттары, тарихи мекендері туған жерінің тарихын терең танып-білуіне арқау болды.