Қазақстан Гёте-Институтынан келген неміс тіліндегі кітаптар: тұсаукесер
10 желтоқсан күні Абай атындағы кітапханада Алматыдағы Гёте-Институтынан келген неміс тіліндегі кітаптар тұсаукесері болды. Шараға Шәкәрім атындағы университеттің шетел филологиясы кафедрасының студенттері қатысты. 2019 жылы Қазақстан Гёте-Институты өзінің 25-жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға байланысты Қазақстан Гёте-Институтының кітапхана және ақпарат бөлімі Қазақстандағы кітапханаларға неміс тіліндегі кітаптарды сыйға тарту бір реттік акциясын ұйымдастырды.
2014 жылы Абай атындағы кітапханаға Гёте-Институтынан сыйға біршама кітаптар келген болатын. Ал осы жылы біздің бөлім қоры заманауи көркем әдебиеттер, балаларға арналған әдемі кітапшалар, неміс тілінен қазақ тіліне аударылған кітаптар, елтану бойынша басылымдар, өнер және спорт туралы кітаптар, сонымен қатар «Deutschland», «Twister» ойындары мен сөздіктермен толықты. Барлығы 142 дана.
Тұсаукесер барысында «Illustrierte Geschichte der Deutschen literatur» Christian Schon, «Deutsche Literaturgeschichte”», «Guinness world records 2019» (2019 ж. Гиннесс рекордтар кітабы), суретті орыс-неміс сөздігі және аспаздық кітабы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Шара соңында қатысушыларға «Германия қалалары туралы қызықты деректер» атты викторина ұйымдастырылды. Серикбаева Раушан, Коленова Байжан, Тұрсын Зере сынды белсенді студенттерге естелік сыйлықтар табысталды. Аталмыш шара кітапханаға алғаш рет келген студенттерді кітапхана бөлімдерімен таныстыруға ұласты.
Қазақстан Гёте-Институтынан келген неміс тіліндегі кітаптар кітапханамыздың шетел әдебиеттері бөлімінің кітап қорынан елеулі орын алып, өз оқырмандарын табады деген сенімдеміз.