Жаңа жылды кім қалай қарсы алады?: ойын бағдарламасы
Жаңа жыл – барша жұрт асыға күтетін, таңғажайып әрі ең көңілді отбасылық мерекелердің бірі. Бұл мерекені әлем халқы әртүрлі уақытта атап өтеді. Әр елде адамдар бір-бірлеріне тілек тілеп, сыйлықтар табыстап, өз Аяз Аталарын күтеді. АҚШ-та Жаңа жылдық басты кейіпкер Санта Клаус болса, Швецияда Йолотомтен екен. Чехия елінде аяз атаны Дед Микулаш десе, Жапонияда Одзи-сан деп атайды екен. Жаңа жыл әр елде ұлттық салт-дәстүрге сай тойланады, десек те, алуан түрлі ойыншықтармен безендірілген әсем шырша, жаңажылдық дастархан, сыйлықтар, ғажайыптар мен жақсылыққа сену – бәрімізге ортақ. Қытай, Болгария, Жапония, Италия, Франция елдерінде Жаңа жыл қалай тойланатыны жайлы ойын бағдарлама барысында «Әр елдегі Жаңа жыл» атты бейнепрезентация көрсетілді.
19 желтоқсан күні Абай атындағы кітапханада Көп салалы колледж студенттері мен ағылшын курстары тыңдаушыларына арнап «Жаңа жылды кім қалай қарсы алады» тақырыбында ойын бағдарламасы ұйымдастырылды. Колледж студенті Басқарбаева Диана қатысушыларға дайындаған «Жаңа Жылдық салт-дәстүрлер» атты сұрақ-викторинасын өткізіп, жаңа жылдық «New Year’s words», «Good luck traditions», «Christmas cards» ойындары ойнатылды. Ойын бағдарламасы барысында қатысушылар бір-біріне қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жаңа жылдық тілектерін жазды. Сонымен қатар, ұтылыссыз лотерея ойнатылып, қатысушыларға сыйлықтар табысталып, тәтті-дәмділермен шай ішу дәстүрі орын алды. Жаңа жылдық ойын бағдарламасы барлық қатысушылардың ағылшын тіліндегі «Happy New Year» әнін орындаумен аяқталды.