«Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесері
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың бастамасымен 20 желтоқсанда Абай театрында 2019 жылы жарық көрген «Абай әлемі» кітаптар топтамасының кезекті тұсаукесері ұйымдастырылды. Мерекелік шара қонақтарын «Абай әлемі» кітаптар топтамасы бойынша жарық көрген кітап авторларының фотосуреттерімен безендірілген жаңа кітаптардан жасақталған көрме, «Абай әлемі» кітаптар сериясына деген сүйіспеншілік пен ыстық ықыласты білдіретін жүрек пен ЖАСТАР сөзі жазылған кітаптар инсталяциясы және тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған зергерлік бұйымдардан жасақтаған этнографиялық жәдігерлер қарсы алды.
Кітапханашы мамандар «Абай әлемі» кітаптар топтамасының екінші шығарылымында жарық көрген кітаптармен таныстырып, әр кітапқа мазмұнды шолу жасады. Топтаманың екінші жылғы басылымында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Фолиант» баспасынан 9 жеке автордың кітабы мен 3 шығармалар жинағы барлығы 12 кітап жарияланды. Орыс халқының Императорлық Жағырафиялық Қоғамының Батыс-Сібірлік Семей бөлімшесі мүшелерінің Шығыс Қазақстан туралы ХIХ-ХХ ғғ. жазған зерттеулері тұңғыш рет жеке жинақ болып, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов пен ғалым-зерттеушілер Владимир Обручев, Борис Герасимов, Евгений Михаэлис, Николай Коншин және басқалардың еңбектері сондай-ақ, өлкетанушы, шежіреші Станислав Черныхтың архив материалдары мен әдеби деректер негізінде дайындалған еңбектері орыс тілінде жарық көрді.
Ұлы Абайдың ақындық үлгісін жалғастырған дарынды шәкірті Нұрлыбек Баймұратов пен танымал айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевтың шығармалары, 2018 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған Тыныштықбек Әбдікәкімовтың философиялық өлеңдері мен Бақытжан Раисованың лирикалық өлеңдері, Көпен Ерқасовтың таңдаулы шығармалары мен қаламгер Айтмұхамбет Қасымовтың төл туындылары және оның танымал жазушы, жерлесіміз Георгий Гребенщиковтың көшпелі қазақтардың өмірі жайлы жазған этнографиялық очерктері мен повестерінің аудармасы қазақ тілінде жарияланды.
Тұсаукесерді Семей қаласының әкімі Ермак Бидахметұлы Сәлімов құттықтау сөзімен ашып, жобаның бас редакторы КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Медеу Сапаұлы Сәрсеке кітаптар топтамасының жарық көрудегі маңыздылығын таныстырды.
Театрдың сахнасында жоба аясында жарық көрген өлкетанушылардың ғылыми еңбектері бойынша театрландырылған көрініс көрсетілді. Заманында «Қанды жырық» шығармасы үшін істі болған Нұрлыбек Баймұратовтың бейнесінен және 2018 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған Тыныштықбек Әбдікәкімовтың өлеңдерінен дайындалған мазмұнды әдеби-көркем композиция ұсынылды. Өлкетанушы Станислав Черныхтың «Неутомимый краевед Рудного края» шығармасы мен танымал айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевтың шығармалары жайында баяндалды. Шығыстың белгілі қаламгерлері Бақытжан Раисованың, Көпен Ерқасовтың, Айтмұхамбет Қасымовтың таңдаулы шығармалары жайлы ақпарат беріліп, ақын Бақытжан Раисова өз өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 30 жылдығына орай жарық көрген ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» («Трагедия и судьба») қазақ және орыс тілдеріндегі романы таныстырылып, жазушы романындағы Семей ядролық полигоны аумағында өмір сүрген адамдардың қасіреті басты кейіпкердің тағдырымен баяндалған театрландырылған әдеби көрініс ұсынылды. Полигон қасіретіне алаңдаған кітаптың бас кейіпекері Аяулымның монологы оқылды. Сөз кезегін алған Сәуле Досжан кітап жазу барысындағы шығармашылық зерттеулерімен бөлісті.
Жастар жылына орай жарық көрген «Жастықтың оты жалындап» жинағына енген жас ақындар сахна төріне шақырылып, зор құрмет көрсетілді. Түрлі халықаралық сыйлықтардың жүлдегерлері атанып, елімізге танымал болған Мерей Карт, Бауыржан Игілік, Александр Мещеряков, Дүргінбай Қызырбек, Жұлдызай Ысқақ сынды жас ақындар өздерінің өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншілері жастардың құрметіне ән жолдап, көтеріңкі көңіл- күй сыйлады. Театр әртістерінің қатысуымен ерекше әсерленіп ұсынылған шара кітап авторлары мен Семей қаласының оқырман қауымы үшін нағыз рухани мереке болды.
Жоба аясында жарық көрген кітаптар таяу арада облыс кітапханаларының қорына түсіп, өз оқырмандарымен қауышатын болады. Ал кітаптардың электронды нұсқасын оқырман қауым Қазақстан Республикасы Ұлттық электронды кітапханасының қорынан оқи алады.