Қарлы патшалықта, аязды мемлекетте: брейн – ринг
26 желтоқсанда балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері жаңа жылдың халықтық дәстүрлерін сақтау, балалардың ойлау дағдыларын дамыту мақсатында №17 орта мектептің 5 «ә» сынып оқушыларына арналған «Қарлы патшалықта, аязды мемлекетте» интеллектуалды брейн -ринг ойынын өткізді.
Шара барысында әр елде жаңа жылдың, жаңа жылдық шыршаның шығу тарихы, дастархан басында жаңа жылды тойлау дәстүрі туралы тың ақпарат берілді.
Брейн-ринг ережесі бойынша қатысушылар «Желтоқсан» және «Жас ұлан» болып екі топқа бөлінді. «Блиц-турнир» сайысында ертегілер мен жаңа жылдық өлеңдер туралы қойылған сұрақтарға тез жауап беріп, логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Көп ойлауды талап ететін сөзжұмбақ сайысында Серік Малика, Қабдылбек Ханкелді, Естай Амина мен Нұрланова Мөлдір сынды оқушылар білімдерін айқын көрсете білді. Балаларға әсіресе түрлі – түсті қағаздардан «Тышқан» бейнесінен аппликация жасау қызықты болды. Тілеуқабыл Ернұр тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихы мен «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісін тартымды әңгімелеп беріп тыңдармандар қошеметіне бөленді. Сайыс соңында «Қарлы патшалықта, аязды мемлекетте» тақырыбында жасақталған кітап көрмесіне шолу жасалынып, ең белсенді қатысушылар кітапхана әкімшілігінің алғыс хаттарымен марапатталды, балдырғандар жаңа жылдық әуендер тыңдап, би билеп шарадан жаңа жылдық көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.