Сәулет өнері: тікелей эфир
2020 жылдың 24 сәуірінде Абай атындағы кітапханасының ұйымдастыруымен @semeybib инстаграм парақшасында Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, сәулетші, мүсінші Архат Оразғалиевпен онлайн жүздесу өтті.
«Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды»,-деп Абай сөзімен бастады шебер. Жалпы сәулетшілік пен қолөнер қазақтың қанында бұрыннан бар екенін айтты. Себебі сонау замандағы қазіргі техникалар дамымай тұрған уақытта қазақтың ет өнімдерін, сүт өнімдерін сақтайтын бөлмелері бар қолайлы үй тұрғызу ата-бабаларымыздың қолынан келген дейді.
Қиындығымен машақаты көп осынау қолөнерді меңгеру қиынға соқты ма және осы өнерден жалыққан уақытыңыз болды ма? – деген сұраққа;
- Мен маңдай термен адал еңбекпен бойыға сіңетін бұл өнерді жаныммен жақсы көрдім. Себебі бала күнімнен осы өнерді ұнаттым. Басқа балалар ойыншыққа құмартса, мен қарындаш, бояу, сызуға қызықтым,- деп жауап берді.
Сонымен қатар қаламыздың көркеюіне үлес қосып жатқандығын, Абай музейі алдындағы шағын мүсіндердің, қаламыздың басқада жеріндегі осындай туындылардың өз қолынан шыққанын айтып өтті.
Қазіргі оқшаулану уақытында үйде, аулада түрлі сәндік дүниелер, гүл өсіруге, басқада әсемдік заттарды жасап жатқанын, дәл қазіргі уақытта әрбір адам өз ауласын, өз маңайын сәндесе соның өзі қала көркін келтіруге үлес қосатынын тілге тиек етті.
Жүздесу барысында шебер өз туындыларының фото галереясымен бөлісті. Онда көрермен қатысушылардың қызығушылығын тудырған бір жарым метрлік Титаник кемесінің макеті, Абайдың 150 жылдық тойында жасаған Зере әже торсығы, Азиядауысында шетел әншілеріне ұсынылған ескерткіш сувинерлері, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке ұсынған естеліктерден хабар беретін фотосуреттерін бірге тамашаладық.
Және осы фотосуреттер ішінде бәріміздің жүрегімізді тебіренткені шебердің өз сөзімен айтар болсақ қазақтың балалар үйінен шетелдік азаматтарға перзент болып кетіп бара жатқан қаракөзге ұсынған тартуы болды. Өз елін ұмытпасын, өз топырағын есінен шығармасын деген ниетпен ұсынған ұлттық қолөнер туындысы дейді шебер. Ұстаның осы сөзі мен игі ісі бәрімізге ой салды.
Архат Дүйсембайұлы қойылған барлық сұрақтарға шынайы әрі мағыналы жауап берді. Қатысып отырған тікелей эфир көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Адам бақытын еңбектен табу керек екенін, қазіргі жастарды дәл солай еңбекке баулу керек екенін ағамыз баса айтты.
Қатысыушылардың ақтарылған ақ тілектерімен эфир өз мәресіне жетті.