Жастықтың оты жалындап: тікелей эфир
2020 жылдың 5 тамызында Абай атындағы әмбебап кітапхананың инстаграм парақшасының тікелей эфирінде әр аптаның сәрсенбісінде «Жастықтың оты жалындап» кітабына жырлары енген ақындармен өткізілетін кезекті онлайн сұхбат жалғасын тапты. Бұл жолғы кештің қонағы Республикалық Абай оқулары сайысының жүлдегері, халықаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, Төлеген Жанғалиев ұстаздық ететін «Ақсұңқар» ақындар мектебінің шәкірті, «Тәңірқұт» жыр жинағының авторы Шеризат Арман Манарбекұлы болды.Кешкі кездесуде ақынның шығармашылығымен хакім Абай тақырыбында азды кем әңгіме өрбіді.
Байыпты мінезімен ойын нақты жеткізетін қонағымыз әр сөзінің астары ақиқаттан алыс емес екенін аңғартып отырды. Осы уақытқа дейін оқып білгенімен көріп түйгенін көрермен қауымға көркемдеп жеткізді. Бала күнен жата-жастанып оқыған Абай атасының жырлары жанына үлкен азық, мәңгілік темірқазық болғанын мәлім етті.
Байланыстың шарықтау шегінде ақынның бұрын жарық көрген «Тәңірқұт» жыр жинағы сөз болды. Осы жинақта қандай өлеңдері енгенін және қазіргі уақыттағы шығармашылық ізденіс төңірегінде көптеген дүниелер айтылды.
Жазған жырынан адам жанына тыныштық лебі есіп тұратын ақын өлеңдерінен адамдыққа шақыру, ізгілікке бастау, өмірге деген құштарлық, нәзік сезіммен біте қайнасып сөз патшасына айналатынын аңғардық.
Оқырманның қойған сауалдарына салмақты ой сала жауап беріп, қонағымыз қатысушылардың зор қошеметіне бөленді. Бізде көңілі ақ, жүрегі пәк ақынның шығармашыл ғұмырына тек сәттілік тіледік.