Абай ауылына саяхат: тікелей эфир
10 тамыз күні ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасы фейсбук парақшасының тікелей эфирінде ақын, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері, Абай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Оразалы Елдар Каменұлымен Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай ауылына саяхат» атты онлайн сұхбат өткізді.
Оразалы Елдар Каменұлы еліміз үшін айтулы күн 10 тамыз кемеңгер Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күні, Үкімет қаулысымен белгіленген «Абай күні» халқымыздың мерекесі күні екенін атап өтті.
Рухани жаңғыру аясында облыс басшысы Д.Ахметовтың бастамасы бойынша «Абай әлемі» жобасы қолға алынып, әкесі Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат» кітабы енгенін қуанышпен жеткізді.
Әкесінің әңгімеге зерек, ел тарихын, жер тарихын ол өз әкесі Оразалыдан естіп, бойына сіңіріп өскені жайында айтты.
Елдар Кәменұлы Мұхтар Әуезовтың екінші «Абай» кітабын жазуға деректер жинастыруда атасы Оразалымен кездесіп, елдерді аралап, Абай, Шәкәрімдерді көзкөргендерден, замандастарынан мәлімет іздегені туралы айтты.
Әкесі Кәмен Оразалиннің өмірбаянын, шығармашылығына оның ішінде «Абайдан соң» 4 томдық тетрологиясы, «Көктем салқыны» романы, «Ақ жазық» «Жексен» повесі, «Данышпан ақын», «Ұлы ақынға» атты өлеңдерін және басқада шығармаларын атап өтті. «Абай еліне саяхат» кітабы 1976 жылы «Мектеп» баспасынан Алматы қаласында 25 мың данамен шыққандығын, ұлылар мекенінің тарихы, қызықты оқиғалары, нақты деректер жазылғаны туралы тілге тиек етті.
Болашақта әкесі Кәмен Оразалиннің шаңырағын мұражай болса екен деген арман-тілегі бар екенін де жеткізді.
Эфир барысында көрермендердің де толассыз сауалдарына жауап беріп, әдемі сұхбат өрбіді.