Шығыс Қазақстанның киелі жерлері: тікелей эфир
2020 жылдың 25 тамыз күні ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының Facebook желісінің тікелей эфирінде Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Құсайынов Мирас Самалбекұлымен «Шығыс Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында онлайн кездесу өткізді.
Қонағымыз сөзін бірден бүгінгі тақырыбқа арқау болып отырған киелі жерлер туралы ой қайдан қозғалғанын айтып бастады. 2017 жылы шыққан елбасы мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және осы мақаланың жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» жолдауларынан бастау алған киелі жерлерді зерттеу мен дәріптеу бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқанын жеткізді.
Жоғарыда айтылған мақалалардағы жүктелген жұмыстарды жүзеге асыру барысында Қазақстандағы киелі орындар географиясы туралы сөз қозғалып, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығы құрылып, республика көлеміндегі киелі жерлер зерттеліп, жүз киелі орын құрамға енгізілгенін айтты.
Сонымен қатар қонағымыз осы киелі жерлерге қандай орындар жататынын анықтап айтып берді. Бірінші әрине халық көп баратын , тәу ететін, зиарат етіп баратын киелі жерлер, екінші архиологиялық қазба жұмыстары арқылы табылған тарихи орындар, үшінші тарихи тұлғалармен байланысты қасиетті мекендер, төртінші діни киелі орындар; мешіттер, мазарлар, храмдар, шікеулер т.б., бесінші ел арасында құрметке ие табиғи нысандар екенін түсіндірді.
Осы орайда Шығыс Қазақстандағы киелі орындарға жеке-жеке тоқталып, көптеген мәліметтер берді. Айта кетсек; Берел қорымы, Мұзтау шыңы, Қоңыр әулие үңгірі, Абылайкит бұтханасы, Ырғызбай әулие кесенесі, Айпара ана кесенесі, Еңлік-Кебек мазары, Байғара Құттыбайұлының мазары, және т.б. көптеген киелі орындар жайлы мағұлмат беріп, туған елге, туған жерге деген махаббатымызды жаңғыртып, тамаша жүздесу сыйлады.