ҚР Тұңғыш Президенті және Қазақстан Республикасының қалыптасуы: тікелей эфир
30 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Абай атындағы кітапхананың Facebоок әлеуметтік парақшасында “ҚР Тұңғыш Президенті және Қазақстан Республикасының қалыптасуы” тақырыбында тікелей эфир өтті.
Кездесу қонағы Қазақ гуманитарлық инновациялық университетінің Құқықтық мәселелер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі проректоры Майгүл Хафизқызы Матаева болды.
Тікелей эфир басында Майгүл Хафизқызы желі оқырмандарын келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, жұмыста табыс, денсаулық және амандық тіледі.
Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың басшылығы кезінде еліміздің саяси өмірінде қол жеткізген жетістіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Майгуль Хафизқызы – бұл жетістіктердің бастамасында елімізде Конституцияны қабылдау, ұлттық валютаны енгізу, елдің мемлекеттік рәміздерін қабылдау, ҚР Қарулы Күштерін құру, ҚР – ның көрші елдермен мемлекеттік шекарасының заңды түрде ресімделуі, әлемде баламасы болмаған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы – деп атап өтті.
Майгүл Хафизқызы сыртқы саясат мәселелерін де қозғап, Қазақстан әлемде бірінші болып Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қарсы шыққанын және Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Кеден одағы, кейін ЕАЭО құрылғанын атап өтті.
Кездесу барысында қонағымыз Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы қиын сәттерде республиканы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев басқарғаны және қазір Қазақстан әлемдік аренада лайықты орын алып отырғаны жайында атап өтті.
Эфир соңында Майгуль Хафизқызы тыңдармандарға және тікелей эфирді ұйымдастырып отырған Абай кітапханасына алғысын жеткізді.