Артымда өзім өлсем сөзім қалсын: кітаптаныстырылымы
2020 жылдың 9 желтоқсан күні Абай атындағы әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Zoom» платформасы арқылы Ақын, халық жыршысы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Кәрібай Таңатарұлының «Артымда өзім өлсем сөзім қалсын…» жинағының таныстырылымы өтті.
Желідегі жиынға ақынның шығармашылығы жайлы пікір білдіріп, баяндама жасауға ниетті еліміздің жазушылары, әдебиетшілері, ақындары мен ғалымдары және жаңалыққа жаны құштар оқырман қауым мен кітапханашылар қатысты.
Таныстырылым тізгінін ұстаған – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Семей бөлімшесінің басшысы, Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының қызметкері Мерей Қарт қатысушы қауымға Кәрібай Таңатарұлы жайлы аздаған мағұлмат беріп, жыр жинақтың шығуына мұрындық болған Тарбағатай ауданының әкімі – Смаилов Асхат Сейдахметұлына алғашқы сөзді ұсынды.
Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Шығыс жері тума таланттарға бай екенін, және олардың есімін жаңғырту жас ұрпаққа, қолдау аға буынға міндет деп санайтынын жасырмады.
Байланысқа қосылған қонақтар ішіндегі тарихты танып білген Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.к. Кәрімов Мұқтарбек Қарпықұлы Кәрібай сынды ақындардың атын тұмшалаған кеңестік саясаттың кесірі деп кесіп айтса, абайтанушы, алаштанушы, ф. ғ. д, профессор – Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлы осы жаңғырту жұмыстарын күшейту керектігін, аты ел арасында таралғанымен қағаз бетіне түсіп жинақталмай жатқан жауһар жырлы талай Шығыс ақындарының жетерлік екенін айтып, және соған қолдау көрсетуге барша аудан әкімдерін Асхат Сейдахметұлынан үлгі алуға шақырды.
Ақынның «Артымда өзім өлсем сөзім қалсын…» жинағының басылып шығуына көп еңбегін сіңірген Халық ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы, фольклоршы – зерттеуші Иген Асқар мырза зерттеу мен жинақтау барысында тапқан дүниелерін, ауыл ақсақалдарынан естіген естеліктерін қатысушы қауымға баяндап жеткізсе, Кәрібай ақын туған өлкеден сусындап өскен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Серік Қалиев мырза Кәрібайдың айтыстарымен, жұртына жігер беретін жырлары жайлы біраз сыр ақтарды.
Тағылымға толы таныстырылымның берері мен түйері көп болды. Басқада әдебиетші, өлкетанушы, мектеп мұғалімдері мен мәдениет саласының қызметкерлері қазақтың кітап сөресі тағы бір құнды қазынамен толықанының куәгері болды.