Ботай – қазақтың ұмыт болған ұлттық ойыны: сайыс
2021 жылдың 15 ақпаны күні ШҚО Абай атындағы кітапханасының жас мамандары Семей қаласы «Жастар ресурстық ортылығының» жастарымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұмыт болған ұлттық «Ботай» ойынын ойнады.
Ойында төрт қатысушы болды. Олар ойын ережесіне сәйкес белгіленген төрт бұрышты нысана ішіндегі асықтарды төрт метр қашықтықтан сақамен атып, сызықтан үш табан мөлшерінде асыруы керек. Ұлттық ойын ережесінде белгіленген нысана ішіне жылқының тілерсек сүйектері тізіледі, жастар ойын шартын сәл өзгертіп, жылқы сүйектерінің орнына сиыр сақасы мен қой асықтарын қолданды.
Ойын шарты жастарға түсіндірілгеннен кейін, ойын басталды. Төрт қатысушы екі-екіден сайысқа түсті. Көптен қолға сақа алмаған жігіттер басында мүлт жіберіп, кейін өз-өздерін қолға алды. Өз ара екіден сайысқа түскен жастардың жеңімпаздары ақтық сайыс жасап шын мергенді анықтады.
Ойын нәтижесі бойынша Райымбек Өмірбай алыстан асық атудан шеберлік танытып, жеңімпаз атанды. Ойынның ережесіне сәйкес, шын шеберге тізілген асықтың барлығы ұсынылды.