Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов: кітап көрмесі
5 наурыз күні Ұлт көсемі Ә. Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толу мерейтойы қаладағы Ә. Бөкейханов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, Абай атындағы кітапханада Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы – Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына арналған «Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесімен таныстырған кітапхана мамандары көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, журналист және этнограф Әлихан Бөкейханов өзінің бар саналы ғұмырын қазақ халқының азаттығы мен дамуына арнағаны жайында ақпараттар берді.
Кітапхана мамандары 1917-1927 ж. Семейдiң бұрынғы «Заречная Слободка» бөлiгi Алаш қаласы болып аталып келгендігі, Әлихан Бөкейхан 1918 жылдан бастап өзiнiң Алашорда үкiметiнiң төрағасы қызметiне байланысты Семейде тұрғаны жайында атап өтті. Әлихан Бөкейхановтың Алашорда үкiметiнiң Ұлт Кеңесi, Семей облыстық кеңесi, облыстық және уездiк Земство басқармалары, Алаш қалалық Думасы мен Алаш қалалық қоғамдық басқармасы тәрiздi болашақ мемлекеттiк басқару жүйелерiн құруға қатысып, қыруар iстер атқарғандығы туралы кітап беттеріндегі құнды деректерге шолу жасады.
Кітап көрмесіне сирек басылымдар қорында бар 1907 жылы «Записки Семипалатинскогоподотдела Западно-Сибирского отдела Русского географического общества» атты басылымдағы Ә. Бөкейханов жазған Абайдың дүниеден өткені жайлы «қазанамасы» (некролог) қойылды.
Кітап көрмесіне Ә. Бөкейханов шығармаларының 9 томдық толық жинағы, ғалымның таңдамалы еңбектері, «Алаш көсемсөзі» – 10 томдық «Алаш қаласының тарихы», «Алаш және тарих», «Алаш және әдебиет», «Алаш және Семей баспасөзі» атты кітаптар мен Т. Жұртбайдың «Ұраным Алаш», К. Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда», Ғ. Ахмедовтің «Алаш, Алаш болғанда» т.б. алаштанушы ғалымдардың еңбектері қойылды.