Көрісу – жүректің нұрымен бөлісу: бейнелекция
Ағымдағы жылдың 12 наурызында Абай кітапханасының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Мұнайдар Балмолданың «Көрісу – жүректің нұрымен бөлісу» атты бейнелекциясы өтті.
Сөз басында түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесінің тойлану тарихына тоқталып, әр халықта кездесетін ерекшеліктері жайлы айтып өтті. Көрісу күні, кей өңірде Амал мерекесі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлерінде кеңінен атап өтіледі. Дегенмен тек батыста ғана тойланған деу жаңсақ пікір. Әсте бұл – қонақжай қазақ халқының ежелден келе жатқан көктем мерекесі. Аталмыш күнді зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп қабылдайды. Ал кейбір ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады. Осы және өзге де танымдық әрі пайдалы ақпараттарды бере отырып, кеш қонағы оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап беруге де уақыт тапты. Кеш соңында оқырмандарды Көрісу күнімен, алда келе жатқан Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.