АЛЖИР-дің әйгілі есімдері: бейнеэкскурсия
2021 жылдың 15 наурыз күні ШҚО Абай атындағы кітапханасының ұйымдастыруымен Астана қалалық Бірлескен Мұражайлар Дирекциясы, Саяси қуғын сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды мұражай кешенінің маманы Төлепбергенова Гульнур Шаймерданқызымен «АЛЖИР-дің әйгілі есімдері» атты бейнеэкскурсия өткізілді.
Шара жалпы мұражайдың 2007 жылы 31 мамырда елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ашылғаны жөніндегі мәліметпен басталып, бұрын КарЛАГ-тың 26-шы нүктесі осы аумақта болғанын, зиялы қауым өкілдерінің әйелдері отырғандықтан «Акмолинский лагерь жён изменников Родины» деген ат тағып, әр сөздің алғашқы әріптерімен құралып «АЛЖИР» аталғаны, сегіз мыңға жуық әйелден, 62 ұлттың өкілі, этап бойынша он сегіз мыңға жуық әйел отырғаны жайында ақпарат береді.
Сонымен қатар бейне экскурсия барысында Гульнур ханым Алаштың азаттығы мен қарыс жері үшін қанын қасап, жанын пида еткен ержүрек ұл-қыздарының ерлігінен сыр шертетін барлық құнды жәдігерлермен бөлісті.
1906 жылы қазақ жерінде құрылған бірінші Мемлекеттік Думаның құрамында он үш азамат сайланса соның төртеуі қазақ болғанын және алғашқы Дума жетпіс екі күн ғана жұмыс жасағанын айта келіп, 1907 жылы екінші Мемлекеттік Дума құрылып, үш жүз күннен артық жұмыс жасағанын, құрамына сайланған он төрт азаматтың алтауы қазақ болғанын, Қазақ, Айқап, Дала уәлаяты газеттері шығарылып, Думаның барлық атқарған жұмыстар газет беттерінде төте жазумен жазылып шығып отырғанын оқырман қауымға түсіндіріп, көрсетіп берді.
Шара барысында көптеген ақпаратпен қатысушыларды қанық еткен мұражай қызметкері сол шақтағы аналардың аштықты еңсеріп, жан алқымына келгенше күрескенін, тас қорғандай салынып төбесінен жарық түскен осынау ғимараттың әр бұрышында тарихтың тылсым сыры жасырылғанын асқан тебіреніспен жеткізіп, көне жәдігерлерге жан бітіріп, өткен күнді көз алдымызға әкелді.