Наурыз –жаңару мен жаңғыру мерекесі:кең көлемді кітап көрмесі
Көктем мерекесі Наурыз мейрамы күндері кітапхана қызметкерлері үш бөлімнен тұратын «Наурыз – жаңару мен жаңғыру мерекесі» атты кітап көрмесін ұйымдастырды, көрменің бірінші бөлімі оқырмандарды Наурыз мейрамының шығу тарихымен таныстырса, екінші бөлімде қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қамтитын кітаптар ұсынылды, үшінші бөлімде қазақ халқының ұлттық ойындары мен тағамдарын насихаттайтын кітаптар қойылды. Көрмеден оқырмандар Наурыз мейрамын тойлау дәстүрлері туралы толық түсінік беретін қызықты, жақсы иллюстрацияланған кітаптармен танысты. «Қош келдің, Наурыз!» атты кітапта халқымыздың ұлы мейрамы – Наурыз жайындағы көрнекті ақын-жазушылардың, атап айтар болсақ, қазақ әдебиетінің классиктері Абай, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтың Наурыз мейрамын тойлау туралы өлеңдері мен шығармалары, ғұлама ойшылдардың қызықты әңгіме-жырлары, тұрмыс-салт өлеңдері, халық әндері жинақталған. Оқырмандардың назарын аударған тағы бір қызықты кітап, үш тілде жарық көрген С.Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері» оқырмандарымызды қазақтың төл дәстүрлері – үлкендерге құрмет, ұлттық рәсімдер, қонақжайлылық дәстүрмен таныстырса, ал «Қазақтың дарқан дастарханы» кітабы қазақ халқының ұлттық тағамдары мен жеңсік астарына және оның ерекшеліктеріне арналған. Ұлттық тағамдар мен ойындар бөліміндегі «Қазақтың ұлттық ойындары» , «Қазақтың ұлттық тағамдары» атты кітаптар оқырман қызығушылығын тудырды. Көрме 18-25 наурыз аралығында оқырман назарына ұсынылады.